Орындаушылық типтер және термеші

1231

0

Қазақ фольклортану ғылымының эпостану саласына жататын жыршылық дәстүрдегі орындаушы типтерді анықтайтын терминдер жиынын қайта қарау мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Осы уақытқа дейін көптеген атау-терминдерге Кеңес одағы тұсындағы ғылым қол жеткізген қасаң идеология салқыны шалған «жетістік» тұрғысынан анықтама беріліп келді. Өкінішке қарай, бір кезде белгісі бекітіліп, кейін тұрақтанып қалған көптеген терминдер бүгінде өз үдесінен шыға алмай отырғанын жасыра алмаймыз. Әрине, қағида болып қалыптасып үлгерген кей нәрселерді қайта балталап бұзу оңай шаруа емес. Оған қоса «балапан басына, тұрымтай тұсына» кезеңде бұл шаруаны атқарып шығуға ықыласты маман да жоқ. Сол үшін осы салаға қатысы бар құзырлы мекемелер аталған жұмысты жоспарға ендірсе дұрыс болар еді.

Қалай десек те қазір фольклортану ғылымы берісі осыдан ширек, әрісі жарты ғасыр бұрынғы жағдайынан әлдеқайда жетіліп, өзінің заманауи бағыт-бағдарын айқындап алды. Бұл тұрғыда біз осы салаға тер төккен фольклортанушы мамандардың қай-қайсысына да алғыс айтып, қазіргі көзі тірілеріне құрмет көрсетуіміз керек. Өйткені, әуелгі шаруаның бар қазабатын солар атқарып, көнекөздердің көкірегіндегі мол қазынаны қолжазбалап кетті. Әрине, ғылымды креатив ойымен ілгері дамытып, әлемдік деңгейге көтеретін жеке тұлғалар, алайда тұтас дәуірдің түйіні белгілі бір топтың атымен айшықталатыны айтпаса да түсінікті ғой. Аталған ғалымдар шоғыры арасындағы бұл салаға ересен еңбек еткен даңқты, таланттыларға қоса топқа ілесіп, ілбіп дәуір өткізгендер мәселесі өз алдына бөлек әңгіме.

Жақсы, олай болса жанды орындаушылық өнердегі шағын аяны қамтитын термеші деген терминге және осы атқарым иесінің бірінің шығармашылығына тоқталайық. Өнердің бұл түрі қарақалпақ, өзбек, қырғыз сияқты бауырлас халықтар арасында кездесетінін атап өтудің артығы бола қаймас. Аталған жанрдың толғау табиғатымен ұқсастығы, халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі, ғибраттық мәні бар ақыл, нақыл, өсиет қатарында екені ғылыми әдебиеттерде айтылып, кезінде жете жазылғандықтан, біз оған тоқталмаймыз. Ғалым Сағатбек Медеубекұлы осы тақырып аясына тұтас кандидаттық диссертация арнағанын, фольклордың тарихы мен теориясын қаузаған, эпостық мұраларымыз бен жыршылық дәстүрді сөз өткен қарқарасы қаудай әдебиеттанушы мамандардың дені осы салаға соғып өтіп, өз ойларын білдіргенін айтса да жеткілікті. Десе де, термешілік дәстүрге әр тұстан келіп баға беріліп, ой айтылғанымен, осы атқарым иесінің нақты функциясын бекітетін термеші атауына қатысты мәселенің бас-аяғына толық нүкте қойылды деген сөз емес. Мәселенің ол жағы жан-жақты қарастырылмай келе жатыр десек те болады.

Байырғы классикалық эпос үлгілері қатарындағы «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Қосай», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», сондай-ақ «Қырымның қырық батыры» тармағындағы эпикалық туынды, жалпы лиро-эпос, батырлық, қаһармандық жырды топқа салып орындағанда «жаңа шығарма» жасауға бейім шығармашыл, сондай-ақ байырғы нұсқаны сақтай отырып, жыр әр орындалғанда өзгеріс енгізе алатын туындатпа жыршыға тән барша қасиеттерді меңгерген, яғни эпосты бастан-аяқ қайта жасап, түрлі жағдаятқа сәйкес түрлендіре айтып шыға алатын импровизаторлық қасиет иелерін эпик жыршы десе орынды болмақ. Әлемдік фольклортануда қалыптасқан ғалымдар арасындағы белгісі бекітілген ғылыми ымыра осылай. Ал түрлі тақырыптарға құрылған хисса, дастан, поэмаларды жаттап алып айтатын, сондай-ақ репертуарын алуан сөз жарағымен толықтырған жан-жақты айтушыны жыршы деу келеге келіңкірейді. Әрине, Түркіменстан, Өзбекстан топырағындағыдай бізде дастаншы атауы қалыптаспаған. Аталған екі санат иесі бай эпикалық репертуарына қоса ән, күй жанрының өзі қалаған, тыңдаушы ортасы талап еткен көркем үлгілерін орындаумен қатар, алабөтен шежірешілік қасиетке ие болуы да мүмкін.

Міне, тым әріге бармай-ақ осы сатымен біртіндеп төмен түсе берсеңіз сөз қорында халықтың ауыз әдебиеті үлгілеріне тән терме, толғау, ақыл, нақыл, өсиет, айтыс, беташар, мысал, хикая, аңыз тәрізді шағын жанрларды меңгерген, белгілі бір өңірде дамыған жыршылық ортаға сай қалыптасқан саз, сарын, мақам үлгілерін айта алатын (мүмкін, ән, күй орындай білетін) кәсіби термешілер қатары өзінен-өзі менмұндалап, әлгі үлкен топтан үркердей болып бөлініп шыға келеді. Бұл типтегі өнерпаздың да жазба немесе табанасты сөз құрай алатын суырыпсалма ақындық қабілеті, сазгерлік ерекшелігі, топты өзіне қарататындай сөзшең болуы мүмкін. Бірақ олардың репертуарында салалы эпикалық туындылар болмауы себепті термеші алдыңғы қос санат иегерлерімен бір қатарда тұра алмайды. Олай болса, эпик жыршылар типін өзінен сәл төмен санаттағы жыршы мен термешіден тек сөз қоры мен туындатпа, шығармашыл ерекшелігі бөлектеп тұратынын үнемі қаперге тұтқан жөн. Әрине, бұл мәселені ажыратып тануда кім болса да ғылыми қағидаларға ден қойып, салаға қатысты әдебиетпен дос болса жетіп жатыр.

Кейінгі жылдары, тіпті байыбына бара алмағандықтан, осы термеші терминін біртүрлі қор тұтып, тақиямызға тар көретін болдық. Содан да болар, қазір қазақ сахнасында бірыңғай «жыраулар» өріп жүр. Қызығы сол, бұл атауды бұрын Қызылорда өңірі ғана қолданатын болса, кейінгі кезде жалпы Қазақстан бойынша айтатын болыпты. Соған қарағанда емі жоқ дерттің жұқпалы болатыны рас болса керек. Кешегі бір жылдары салалы жыр айтқан соңғы эпик жыршылар репертуарын таңбалау мақсатында оларды грампластинкаға жаздырғанымен, оның әсері мен тартымдылығы ойдағыдай болмады. Демек, эпик жыршы шығармашылығы өз дәрежесінде өмір сүру үшін міндетті түрде жанды тыңдаушы орта керек екен. Сөйтіп, салалы жыр бұрыннан айтылып келе жатқан сазымен, түрлі рәсімдерімен, белгілі бір тыңдаушы ортада тіршілік еткенде ғана табысты болатыны көрінді. Мұның бәрі қазақ жыршылық дәстүрінің дәуірі өтіп бара жатқанын, оның ығысып шығуына ауызша мәдениетті жазба, кітәби дәстүрдің ауыстыруы секілді күрделі факторлардың ықпалы тигенін «Эпос – ел қазынасы» еңбегінде Р.Бердібай да тілге тиек еткен болатын. Біз осыған С.Қасқабасовтың фольклорлық мұраның жоғалуы тұрмыспен, шаруашылық түрімен тығыз байланысты болатыны, көшпелі өмірде берік болғанымен отырықшылық жағдайында негізінен айрылатыны жөніндегі тұжырымын қосар едік.

Дегенмен, жыршылық үрдіс мүлде үзіліп қалды деуге болмайды. Жаңа заман, белгілі бір ортаның ыңғайына бейімделе алған жағдайда оның сыңарындай өнер түрі – термешілік үрдіс қайта жанданып, дамуға мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Әсіресе 1980 жылдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ерекше насихатталудың арқасында термешілік өзінің әсері қуатты әрі тұрақты екенін дәлелдеді. Ал жыршылық өнердің өзі болса айтыс, толғау, арнау, мақал-мәтел, жұмбақ және үйлену салтының кейбір өлеңдері сықылды дәстүрлі жанрлармен бірге кеңес заманы тұсында күрделі өзгеріске ұшырап, жаңа мазмұн мен тақырыптарға иелік етті де, бірыңғай сахналық сипатқа көшті. Сөйтіп жыршылықтың жанрлық табиғаты да, атқаратын қызметі де өзгерді.

Ғалым Анарбай Бұлдыбаев «Өшпес өнер» атты зерттеу еңбегінде жыршының біз сөз етіп отырған кейінгі стадиядағы термеші типіне арнайы тоқталған. Оның айтуынша, термешіні эпикалық жыр айтушылар қатарында қарастырудың ешбір ағаттығы жоқ және бұл типтің шығу тегін жыраулар дәуірімен (индивидуальная поэзия) байланыстыра қарау жөн. Бұған мысал – термеші репертуарында ежелгі жыраулардың толғау, термелерінің қазірге дейін берік орын алып келе жатқаны. Тамыры тұтас бұл екеуі кейін эпикалық жыр құрамына енген. «Кезінде үлкен жырау, жыршылар – деп өрбітеді ойын зерттеуші, – терме жанрын өздерінің желілі жырларында кеңінен пайдаланып, эпос айтар алдында тыңдаушы көпшілікке өзінің мол репертуарынан алып, импровизаторлықпен жаңа шығарма ұсынған. Осы толғау, терме айтушылар жыршылық өнердің сақталып қалуына үлкен себепкер болған». Ойды шиырыңқырап айтар болсақ, термеші типін жыршы, эпик жыршы, жырау тұлғасымен салыстыруға, шатастыруға да болмайды, сол аяда өзінше жеке қарастыру қажет. Өйткені, осы зерттеуші эпикалық жырлар мен ғақлияттық жанрлар бір дәуірде өмірге келуі мүмкін деген жорамалды қуаттап, ол жанрлар эпикалық дәстүрді өзара толықтыру қағидасымен өмір сүретініне назар аударады.

Бұл орайда музыкатанушы ғалым А.Құнанбаеваның негізінен термешілер репертуарына тән шағын музыкалық жанрлардың эпикалық жырдың өз ішінде, яғни жыр-дастандардың құрамында орындалуын жіктеуі қызық. Мысалы, өзбек бахшылары дастанда ялла, кушик, терме сияқты ән сипатты жанрларды қолданады. Ал түркмендерде бахшы қазақтағыдай дастаншы және термеші болып бөлінгенімен, дастандағы әуенді бөліктер мен бахшы-термешінің әуендетуі ладтық-интонациялық, метрлік-ырғақтық және композициялық құрылым жағынан өзара ерекшеленбейді. Сондықтан да А.Құнанбаева «Более того, бахши-тирмечи, а часто и сами бахши-дастанчи исполняют песенные разделы дастанов как отдельные песни, а наоборот, напевы многих песен бахши-тирмечи используются в дастанном исполнительстве» деп ой тұжырады. Әзірбайжан ашугтары болса шағын формалы музыкалық шығармаларды жеке, сондай-ақ дастан құрамында да орындай береді. Соңғы жағдайда аталған жанрлар жырдың сюжетіне қызмет етіп тұрады. Осы себепті кейде қазақ фольклористері әнші-термеші, күйші-термеші, ақын-термеші, жыршы-термеші тәрізді орнықпаған, белгісі бекітілмеген терминдерді ғылыми айналымға қосуға тырысқаны белгілі. Оларды мұндай үстірт ойға бастаған негізгі себепті сөз әлхамында қысқа шолып көрсетуге тырыстық.

Жыршылық дәстүрдегі үлкен мәселе – жыршы, термешілер репертуарының дер кезінде хатқа түсіріліп, белгілі мекемелер мен мамандар тарапынан жүйелі жолға қойылмай келе жатуы. Жыршының шынайы бағасы – түрлі сайыстан бұйырған жүлдесі, әкімнен алған мақтау қағазы, мемлекет берген атағымен өлшенбеу керек, білетін эпикалық жырларының саны мен оның көлемі арқылы анықталуы шарт. Онсыз жыршы, термешіге берілген баға да жарымжан. Қазіргі сахнагер термешілерді айтпағанда, сөз қорында көлемді эпикалық шығармалар кездесетін ат төбеліндей А.Алматов, Д.Жолымбетов, А.Көмеков, Ж.Сейітов, Ө.Сәрсенбаев, Б.Әлімжанов, Е.Еміл, А.Әбдуәлиев, А.Тәңірбергенов, Қ.Мұстафа, Е.Исаев, С.Жақсығұлов, Р.Ахметов, Е.Жаңабергенова, А.Ешпаева, М.Сәрсенбаева, Ұ.Байбосынова, К.Түрікпенова сияқты жыршылардың репертуары бүгінгі күнге дейін толық хатталып, ғылыми негізде тізімделген жоқ.

Саусақ басып есептеп көріңізші, эпикалық шығармалармен жарақтанған осы орындаушылар саны Қазақстан бойынша 20-ға толар ма екен, әлде толмас па екен? Бүгінгілерді айтасыз, кезінде даңғыл Нұрпейіс Байғаниннің өзі «жыршылығы бізден күшті және ертеде естігенін жазулы хаттай сақтаған жүйрік жыршы» деп баға берген ақтөбелік Айса Байтабыновтың сөз қорындағы «Қобыланды», «Әуез батыр», «Ер Сайын», «Көрұғлы», «Телағыс» бастаған 44 жыр, бүгінгілер әнші, ақын, композитор деп қана танитын «Қамбар батыр», «Тоты» («Мәлік – Хасан»), «Қырымның қырық батыры», «Сұраншы – Бөкей», «Ақтамберді», «Абылай» сияқты 24 көлемді эпикалық жырды жатқа айтқан эпик жыршы Шашубай Қошқарбаевқа әдеби хатшы бекітілсе де, репертуары қағаз бетіне толық түсірілмепті.

Талантты термешілерді «жырау» деп орынсыз қолпаш көрсеткеннен қазақтағы жыршылық дәстүрдің өзекті мәселесі толайым шешіліп, кем-кетігі орнына келе қалмайды. Мен бұл күнде жасы 80-нің сеңгіріне бір қадам қалған тәлімгер термеші Жұмабек Аққұловтың шығармашылы һәм репертуары жайында сөз өрбітуге пейілді болып отырмын. Иә, оны да «жырау» деп орынсыз әрі ешқандай дәлел, дәйексіз сөз ойнатуға бейім жандар көп. Шындығына баққанда, Жұмекең – ешқандай жырау да емес, жыраулық, жыршылық өнерден былай да емес, кешегі өткен көнекөздерден тәлім түйген термеші ғана.

Ең бастысы ол – есімі шоқпарбас әріптермен жазылуы тиіс сауатты музыкант, «Алтын арай», «Сыр сұлуы» ансамбльдерінің құрамында алыс-жақын шетелдің біраз жерін шарлаған кәсіби сахнагер. Музыкант болғанда да 1971 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Ән және музыка» бөлімін бітіріп, ұзақ жылдар бойы Жалағаш аудандық музыка мектебінде оқытушы, кейін директор, аудандық оқу бөлімінің әдіскері, мәдениет бөлімінің инспекторы, мәдениет үйінің директоры сияқты біршама лауазымды қызметтер атқарған. ҚР «Мәдениет қайраткері» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері кейінгі жылдарға дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде, А.Тоқмағамбетов атындағы облыстық филармонияда жұмыс жасады. Мен Жұмабек Жарылқасынұлымен осы жылдары тығыз шығармашылық байланыста болдым. Бұл әңгіме ауаны да сол кезде күнделікті көзіммен көріп, өзім куә болған термешінің өнеріне қатысты кейбір жайттарды өзек етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, бүгінгі жыршы, термешілер мықтап ақсаңқырайтын нота сауатына Жұмекең жетік екенін айтып өту керек. Оны тәлімгер термеші ретінде өзгеден ерекшелеп тұратын сондай сыр бар.

Құймақұлақ музыканттығының арқасында Жұмабек Оңтүстік-Батыс жыршылық дәстүріне жататын Сыр бойындағы кете-шөмекей мектебінің мақам-саздарына ден қойған. Ақын Әлиакбар Жұматаевтың «Аққұлы менен Құламан, / Шымырбайда жүйрік» деп келетін ұзақ толғауында аты аталатын, ел «Маңырама» мақамын соның түрлемесі арқылы танитын Тасбергеннің әкесі Құламанмен есімі қатар тұрған шымырбай кете Аққұлы – Жұмекеңнің түп нағашысы еді (Жарылқасынның анасы Мәриямның әкесі). Оның әуелде генетикалық жадына жазылған, нағашы әулеті жағынан кеулеп тұрған өнерінің тамыры тым тереңде болатыны сондықтан. Заманында «әнші ауыл» атанған, бір кезеңде 100-ден аса әнші, күйші, жыршы, ақын, шайыр, жырау бой тіктеген Қармақшы ауданының бұрынғы Ленин атындағы колхоздан (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) шыққан Зайыр, Берман, Жаппар, Сүйінбай, Қуандық, Көшенейлер арқылы құлаққа сіңісті болған біраз мақамды ол өз деңгейінде жетік орындайды және жыр сазын домбырада жетіктіре ойнауы өзгеге мүлдем ұқсамайтын өнерпаз, білгір шежіреші, онысын майын тамызып отырып келістіріп айтатын алқалы топты баурағыш әңгімешілдігі өз алдына.

Бір айта кететін жайт, Жұмекең –жыршылық дәстүр семіп, Көшеней Рүстембековке дейін сахна өнері ретінде мойындалмаған кешегі Кеңес одағы тұсында баян, аккардеон аспабы сүйемелімен халық әндеріне қоса қазақ-совет композиторлары шығармаларын құйқылжыта шырқаған үн бояуы бөлек әнші. Өнердегі даңқы да әуелде әншілігімен мәлім болды. Өкінішке қарай, өнерпаздың сол әншілік қыры Қызылорда облыстық радиоторабы, аймақтық телевидение тарапынан толықтай таспаға түсіріліп, таңбаланған жоқ. Оның бірнеше ән шығарған сазгерлік қабілетіне байланысты да осыны айтуға болады. Ал облыстық мәдениет басқармасының мұрындық болуымен өңірлік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюссерлік орталығы» фонотекасы, басым бөлігі біздің Сыр бойына жасаған кешенді экспедиция кезінде жеке мұрағатымызға жинақталып, 2010 жылы жарық көрген антологияға 46 ақынның жыр топтамасы қатарына Ж.Аққұловтың «Алау боп жанған бүгінгі ұрпақ бағына», «Базар мен Тұрмағамбет ырза саған», «Өмір сүріп келеміз әлімізбен», «Бүгін, міне, алпысқа келдің, інім», «Сары жырауға», «Фәнидің тәркі етіп саябағын», «Қырық жыл қырғында да ажалды өлер», «Біреу біліп, біреулер білмеуі де» деген өлеңдері мен «Зердесіз жігіт» атты мысалын қосқан едік. Әрине, ол кәсіби ақын ретінде танылған жоқ. Ал біз осы арқылы кейбір термешілердің байырғы жыршылық, жыраулық дәстүрден қалған рудимент – өлең өнеріне таласы болуы мүмкін екенін көрсетуді мақсат тұтқан болатынбыз. Олай болса, Ж.Аққұловтың өлең-жырларын өз алдына жүйелеп, жинастыра түсу қажет.

2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ғылыми кеңесінің мақұлдауымен жарық көрген «Сыр сүлейін сұрасаң» (ән, күй, жыр, терме) атты музыкалық антологияға қосымша ретінде жарық көрген шағын кітапшада Жұмабек Аққұловтың әнші-термеші типіндегі айтушы екенін көрсетіп, сол кезге дейін оның орындауынан Қызылорда облыстық радиосы жазып алған репертуарынан алып «Ұстаздарға» (Ж.Ешниязов), «Күн шықса нұр қашады айдан-дағы», «Рубаилар», «Сіз-біз деп бір-біріңмен сыйласпасаң», «Аға деген ініні» (Т.Ізтілеуов) және «Маңырама» (Т.Құламанов) деген 6 шығарманы жарияладық. Оның орындауындағы 6 түрлі мақаммен айтылған термелер еш өзгеріссіз, аталған нұсқада біздің 2011 жылы қос тілдегі (қазақ, орыс) «Қайталанбас дауыстар – Неповторимые голоса» атты Сыр саңлақтарының дауыстары топтастырылған антологияға да енді. Осы басылымда өмірбаянына «Оның орындауында Сайыпназар ахунның «Мұхаммед-Қанафия» дастанының ноталық жазбасын күйші Т.Тоқжан «Аталар аманаты» кітабында жариялады. Ж.Аққұлов Т.Ізтілеуұлының шығармаларын толық орындап, аудио кітап (Алматы, 2011) жасатты» (14-б) деген толықтыру бердік. Домбырашы Е.Мұстафаев 2006 жылы жарық көрген «Мақам – мәңгілік мәйегі» деген еңбегінде Жұмабектің орындауында нотаға түсірген «Маңырама» (133-б) мақамын жариялап, термешінің орындауында нотаға түсірілген аталған мақам үлгісі «…үнтаспадан 2002 жылы алынды» деп көрсеткенімен, оның қай үнтаспа екені жазылмапты. Сонымен, ғылыми нақтылық әрі тәлімгер термешінің шығармашылық бір белесіне анықтық ендіру үшін ендігі кезектегі әңгіме осы мәліметтер жайында болмақ.

Көріп отырғанымыздай, 2011 жылға дейін термеші Жұмабек Жарылқасынұлының репертуарынан үнтаспаланғаны аталған 6 терме ғана екен. Оның түрлі сахна төрінде орындағандары да осы. Мұның басты себебі: Жұмекең кете-шөмекей мектебіне жататын біраз мақам үлгісін өзіне тән бояу, қағыс, ырғағымен келістіре айтқанымен сөз қоры тым шектеулі. Әңгіменің әуелінде айтылған жыршылық репертуарға орай түйткілді мәселенің бір түйіні осы жерден бастап өзгеше тарқатыла түседі. Әрине, тұтас жыршылық дәстүрде қалып алған бұл кертені айтушылардың жад қасиетімен өлшеуге болады. Мұның өзі жыршы, термеші санатындағы айтушы типінің бір тобы жаттампаз, келесі біреулер терме сазына жүйрік болғанмен сөз жаттауға келгенде айтарлықтай ақсайтынын білдіреді. Жоғарыда аталған Т.Тоқжан «Аталар аманаты» кітабында нота иллюстрациясын жариялаған «Мұхаммед-Қанафия» дастанының мәтінін ол зерттеушіге қағазға қарап отырып айтып берген еді. Соған сәйкес, мұндағы басты мақсат та мәтінді Жұмекең білетін мақамдарды қолдана отырып нотаға түсіру болатын. Жыршылық дәстүрдегі даму мен тоқырау үдерісіне орай, жаттампаз емес жыршылар тобын анықтап алу үшін бұл үлкен фактор болып табылатынын қаперге тұту шарт. Ал айтушының ұзақ мәтіндерді жадына тоқи алмауы немесе тоқығанын қысқа мерзімде ұмытып қалуы өз алдына бөлек қарастыруды талап ететін күрделі мәселе. Өйткені, бұл санатқа жататын белгілі айтушыларға қоса, кейінгі толқын термешілер шығармашылығында осыған орайлас қарастыратын заманауи түйткілдер көп.

Жыршылық дәстүрдің ХХI ғасырда келіп тірелген әлсіз тұсын көру үшін осы жерде біз бұрын-соңды ғылыми айналымға түсіп, өзіндік бағасын ала қоймаған кітаптан қарап жырлайтын айтушылар санаты жайында сөз қозғау орайлы болады деп білеміз. Өйткені, бұл жыршылық өнердің заманауи келбеті мен дәстүр сабақтастығы аясындағы күрделі үдеріс төңірегінде біраз жайттың бетін ашып көрсету үшін керек. Сондай деректің қатарына 2011 жылы жарық көрген Жұмабек Аққұловтың орындауындағы қос CD таспадан тұратын Т.Ізтілеуұлы шығармалары толық таспаланған аудиокітапты атауға болады. Жыршылық эксперимет ретінде бұл тәсілді қолдануға біз құрастырған араб графикасына негізделген қадим әліпбидегі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлы жырларының қазіргі әріпке түсіріліп, 2007 жылы жарық көрген толық шығармалар жинағының ғылыми басылымы себеп болды. Тұрмағамбет өлеңдерін кітаптан оқып отырып айтқан Жұмекең бұл жұмысты бас-аяғы 3-4 ай көлемінде композитор Сәбит Ұлықпанның студиясында күрмеп шықты.

Сонымен, аудиокітапқа енген шығармалардың ұзын-ырға саны – 409, орындалу уақытының ұзақтығы – 23 сағат. Аңдатпада Тұрмағамбет шығармалары кітаптан қарап отырып орындалғаны ескертіледі. Оған осы екі басылымның мазмұнын салыстырып, салғастырып қараған оқырман мен тыңдарман оңай көз жеткізе алады. Бұл эксперимент екі түрлі мақсатты көздеген болатын. Біріншіден, термеші Ж.Аққұлов кең көсіліп айтып отырған кезде білетін мақамдарын өзіндік ерекшелігімен үнтаспаға түсіріп алу. Екіншіден, түрлі орындаушылық интерпретация себебінен түпнұсқадан ауытқи бастаған Тұрмағамбет шығармаларының түпнұсқа мәтінін жүйелеп, бірізді ету. Үшіншіден, жыршылық дәстүр үшін шетін жайт – жаттампаз емес айтушылар жайынан хабар беру. Әрине, ғылыми тәжірибе ретінде оның пайдалы әрі қажеті жоқ, орындаушылық үдеріске кесірін тигізетін кереғар тұстары да жеткілікті.

Қазақ – қай нәрсенің де нақты санын тек бір жағдайда ғана, бауырынан өрген баласының қанша екенін айтудан секем алғанда әдейі жасыратын халық. Ал қалған кезде алдына салып айдаған малын, қалтасының түбінде жатқан азын-аулақ тыйын-тебенін санап, бойына біткен өнердің бәсін жас мөлшеріне, өмір тәжірибесіне, тұрмыс-тіршілігіне, денсаулық қуатына, көңіл күйіне, уақыт межесіне қарай алып-қосқан, түрлі себепке орай жоғалтқан, көмескі тарта бастаған шамасын да бір өлшеп қою міндет. Ғылыми жарағы жетілген жыршылық дәстүрдің де басты талабы осы төңірек аясынан табылады. Ендеше, эпикалық дәстүрдің бүгінгі таңдағы заңды жалғасы – термешілік өнердің бәсін бағалап, белгісін бекітіп алу үшін ендігі жерде нақты есеп-қисап жүргізу тәсілін қолдану шарт.

Өкінішке қарай, қолда бар асылдарының қадірін біле бермейтін жұрттың қатарындамыз. Әйтпесе бүгінгідей жазу, таңбалау техникасының түрі мен жарағы жетілген заманында теңдесі жоқ тәлімгер термеші, ақын, әнші, сазгер, шежіреші Жұмабек Аққұлов сияқты қарияның әзірге қол қуатының барында, білетін репертуарын қайтадан қаттап-шоттап, нақтылап, айтатын әңгімелерін өз алдына бөлек жазып алып, белгісін бір бекітіп қойғанға не жетсін, шіркін. Өйткені бұрынғы һәм қазіргі жыршылық дәстүрде айтушыға қойылатын ғылымның басты талабы осы!

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<