Иесіз ит қаптап барады

978

0

Биыл қаңғыбас иттерді аулауға байланысты жаңа заң қабылданды. Бұрынғыдай емес, енді оларды атуға рұқсат жоқ. Осыған қатысты көптеген проблема туындап отыр. Алдымен адам қауіпсіздігі. Екіншіден, иесіз иттің инфекциялық аурулар тасымалдауы да ғажап емес. Ендігі амал не? Шын мәнінде, қабылданған өзгерістер көпшілікті алаңдатып қойғаны рас.

Қорғауға алу әлем елдерінде қандай?

Әлемнің кейбір елдерінде иттерді қорғау мәселесіне басқаша көзқараспен қарайды. Олардың көзін жою қатыгездік деп бағаланады. Әлеуметтік желіде жарияланған кейбір бейнематериалдарға дүниежүзіндегі жан-жануарларды қорғау ұйымдары қарсы шыққанын білеміз. Мамандар қаңғыбас иттерді жою барысында мұндай өрескел қадамдарға бармау қажеттігін еске салады. Шетелдік ұйымдар осыған қатысты біздің елімізге тиісті ұсыныс-пікірін білдірді. Осындай өтініштер негізінде елімізде тиісті шешімдер қабылданды. Ендігі кезекте тұрғындар өтініші бойынша көше бойында егесіз жүрген иттер арнайы орындарға жеткізіледі. Онда ауруға байланысты тазалығы тексеріледі. Егер ауру белгілері болса, көзі жойылады. Ал аурудан амандары мамандар бақылауына өтіп, қайта жіберіледі.

Кейбір дамыған елдерде олармен күресу бағытында арнайы ережелер қабылданған. Мәселен, 1822 жылдың өзінде Ұлыбританияда жануарларды қатыгездік және қысым көрсетуден сақтау мақсатында арнайы заң шығарылған. Мұндай жағдай Австрияда да қолға алынған. 

Мысалы, АҚШ-та қаңғыбас иттерді қадағалау қағидасы 1976 жылы жасалып қойған. Бұл ереже барлық штатқа ортақ. Қараусыз қалған кез келген итті мамандар ұстап алып, арнайы белгіленген орынға жібереді. Тіпті, полиция офицерлері де көмекке келеді. Өйткені Америкада итті, жалпы жануарды қорлаған адам тергеуге алынады. Арнайы орынға жеткізілген итке қожайын қарастырылады.  Ит асырау мәселесі де маңызды болып есептеледі.

Жан-жануарларға мұндай қамқорлық әлемнің көптеген елдерінде бар. Жапонияда 1965 жылы иттерге арналған орындар дайындалған. Алғашқы жылдардың өзінде онда 50 мыңнан астам ит күтімге алынған көрінеді.

Жаңа заң не дейді?

Рас, бізде адамдар тарапынан ит пен өзге де жануаларға шектен тыс қатыгездік жағдайы кездеседі. Мәселен, оларды көпе-көрінеу өртеп жіберу, көшеде көлікпен сүйреу секілді жағдайлар бар. Оны ешкім ақтап ала алмайды. 

– Өткен жылдың 30 желтоқсанында ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына қол қойылды. Осыған байланысты еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан тиісті қағида бекітілуі қажет. Осының негізінде облыста «Үй жануарларын ұстау және серуендету», «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» қағидалары бекітіледі. Биыл қала тұрғындарының өтініштері негізінде 1300-ге жуық қаңғыбас ит  ауланды.  Заң күшіне енгеннен кейін мұндай әдіспен қаңғыбас иттерді аулауға тыйым салынды. Заңдылық бойынша еліміздің әрбір қаласында оған арналған арнайы орындар болуы қажет. Қазіргі таңда оған қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен әзірге бізде осындай орындар мүлдем жоқ. Алдағы уақытта өз шешімін табады деген үміттеміз. Аталған орында иттер жан-жақты бақылаудан өткізіледі. Мамандар әрбірінің адам өміріне қауіпсіз емес екендігіне көзін жеткізеді. Тіпті, ауру деп саналғанының өзі барынша қауіпсіз әдіспен көзі жойылады. Айта кетсек, қазір біздің қолымызда оған қатысты тиісті ережелер жоқ. Алдағы уақытта осы мақсатта барлығы 11 ереже қабылдануы қажет, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Қандай жағдайда да тұрғындардың қауіпсіздігі басты орында болғаны дұрыс. Әрине, осы орайда мамандар қол қусырып қарап отырған жоқ. Қауіп тудырған жағдайда оның алдын алуға көңіл бөлініп отыр. Десе де, бізде заң қабылданғаннан кейін тиісті ереже мен талаптардың кеш шығып жататыны өкінішті. Адамдар арасында иттерге қатысты түрлі жағдайлар кездесіп жатса, оған кім жауап береді?

Кім жауап береді?

Қазір қаңғырып жүрген  иесіз ит көп. Топ-тобымен өріп жүргенін көргенде қорқыныш билейтіні сөзсіз. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне алаңдайсың. Әдетте, мұндай жағдайда мамандар оны егесінің жауапсыздығынан көреді.

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда оған қатысты тиісті ескертулер беріледі. Ветеринария саласының мамандары мұндай азаматтарға қатаң шара қолдана алмайды. Өйткені, олардың құзырына кірмейді.

– Рас, бұған дейін мұндай жауапсыздыққа жол берген азаматтарды көзіміз көрді. Кейбір қабаған иттерді өзінің үй-жайында ұстамай, көшеге ешбір қауіпсіздік ережесін сақтамастан шығарып жіберген тұрғындар кездесті. Бұрыннан иттерді көшеде алып жүрудің тиісті ережелері бар. Оны тұмылдырықсыз қыдыртуға тыйым салынған. Өкініштісі, барлығы бірдей оған назар аудара қоймайды. Бұл жөнінде талай мәрте ескертілді. Сондай-ақ, қаланың жаңадан салынып жатқан аймақтарында үй-жайдың қоршауынсыз үш-төрт ит асырайтын отбасылар бар. Сондықтан әрбір азаматтың жауапкершілік мәселесін естен шығармауын сұраймыз, – деді қалалық ветеринария станциясының директоры Нұрлан Төлегенов.

Иттің қауып алуынан кейде адамдар арасында құтырма ауруы тіркелетіні рас.  Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында облыс тұрғындары мен жануарларда аса қауіпті құтырма ауруы тіркелмеген. Дегенмен, облыста әртүрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шеккендер бар. Осы орайда 349 адам медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендер саны былтырғыдан 12,3 процентке төмен. Алайда жарақат алғандардың 31,2%-і 14 жасқа дейінгі балалар. Облыстық көрсеткіш Жаңақорған ауданы мен  Қызылорда қаласында тіркелген.

– Аталған азаматтардың 306-сы (87,6%) иттен жарақат алған. Біз тұрғындардан барынша қауіпсіздік ережесін сақтауды сұраймыз. Әрбір оқыс қадам адам өміріне зиянын тигізеді. Оны естен шығармауымыз қажет, – деді департамент мамандары.

Қысқасы, иесіз иттерден келетін қауіп тұрғындарды алаңдатып отыр. Министрлік тарапынан тиісті ережелердің уақытылы шықпауы кім-кімді де ойлантады. Бұл жайбасарлық па әлде бір себебі бар ма? Оған кім жауап береді? Бұған әзірге жауап жоқ. Ал көше бойында қаңғыбас иттің қарасы күннен-күнге көбейіп барады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<