Ұрпақты улаған  қатер құрықсыз  кете бере ме?

302

0

Сурет ашық дереккөзден

Кешкілік телефоныма хабарлама келді. Ашып қарасам ата-аналар тобынан. Балалардың әлдебір ойын ойнап жүргенін айтып бір ата-ана дабыл қағыпты. Қауіпті екенін ескерткен. Кімнің баласы ойнайды деген сауал  қойған.  Ата-аналар дереу тексеруге кірісті. Балаларымыздың 90 пайызы әлгі ойынды телефонға жүктеген болып шықты. Қызығып, зерттеуге кірістім. Ойынның атты – «SchoolBoy RunaWay». Жүктеу бастырмасын бассам бірнеше түрі шықты. Ең көп жүктелген ойынды таңдадым. Оны 10 миллионнан астам адам көшіріпті. Ойынның ішінде telegram желісіне сілтеме береді. Сол арқылы тапсырма беріп отырады. Бастапқыда ешқандай күмән болмайды. Кейін хабарлама арқылы не істеу керектігін айтады. Ата-ананы тыңдамауға, қауіпті әрекеттер жасауға, үйден қашуға бұйрық береді. Ішіндегі кейіпкерлері де қорқынышты. Бала тұрмақ үлкендердің де үрейін ұшырады. Сорақысы, бұл – бала өміріне қауіп тудыратын ойынның бірі.

Қазір телефон ұстамайтын бала жоқ. Бәрінде бағалы смартфон. Тілін еркін меңгерген. Ойынның сан түрін ойнайды. Бірақ қайсысы қауіпті немесе зиян  екенін ажырата алмайды.  Иә, осыдан біршама уақыт бұрын «Синий кит» деген ойын біраз дау тудырған. Оның зардабы да осал болмады. Талай жеткіншектің санасын улап, шырмауына түсірді.

Мысалы, «telegram», «tiktok» әлеуметтік желілерінде «Бізбен ойна!» деген шақыртулар бар. Олардың ең қауіптісі – «24 сағатқа жоғалып кет», «Красный дельфин», «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Млечный путь», «U19», «F57», «SchoolBoy RunaWay». Бұл ойындардың түпкі мақсаты жас балалардың басын қауіпке тігіп, суицидке итермелейді. Тіпті шарттары, белгіленген тәртіптері бар. Бірі  әуелі шексіз өмір туралы ақпарат береді, сосын бір түйір дәрі және биіктен құлар кезде аяқкиімді шешу, қатты келе жатқан көліктің алдын кесіп өту, үйден қашып кету сынды. Ал аталған ойындарға құмартқан жеткіншектердің  жасы 10-14 аралығы.

Қазір жасөспірімдердің үйден беймезгіл шығып кетуі, ұшты-күйлі жоғалуы туралы ақпарат көп. Соның көпшілігі – осы қауіпті ойындардың салдары. Себебі, ойын кезінде тапсырманы орындамасаң «Қорқасың ба не?», «Тапсырманы орындай алмайсың ба?» деген жалған намысты қайрайтын хабарлама жібереді. Осылайша, оң-солын танып үлгермеген баланы қауіпті қадам жасауға итермелейді.

Жақында Астана қаласындағы бір топ баланың әрекеті тіпті қорқынышты. Жеті жасар баланы балконнан лақтырып жібермек болған. Осы істі тиісті сала мамандары анықтай келе олардың «Суицидник» деген ойын түрін ойнағаны белгілі болды.

Жол-көлік оқиғаларының балалар арасында көбеюінің  де бір түрі осы ойыннан. Ол – «Жүгіріп өт немесе өл» деп аталады.  Бұл да – баланың күнделікті қолданатын смартфондағы ойыны. Онлайн платформада кейіпкер тезірек жолды кесіп өту керек. Егер берілген уақытта зулаған көліктің алдын кесіп үлгермесе ойыннан шығарылады. Демек ажал құшады деген сөз.

Бұған дәлел – жолаушылар жолағынан өтпек болған оқушының әрекеті. Оқушы зулап келе жатқан көлікті күтеді. Жақындағанда жолаққа түсіп, алдын кеседі. Салдарынан қайғылы оқиға орын алады. Кінәлі көлік жүргізушісі болады. Алайда, арнайы мамандар зерттей келе, бейнебақылаудың көмегіне жүгінеді. Сол кезде баланың әдейі жасағанын аңғарады. Бала телефонмен  «Жүгіріп өт немесе өл» ойынын ойнаған.

Гаджетпен егіз туған балалар оған неге құмартады? Мұның шешімін қалай табуға болады? Жасөспірімдерді қатерге итермелеген ойын түрін қалай білеміз? Онымен күресудің жолы қандай? Осы сауалды тиісті  мамандарға қойып, пікірін білген болатынбыз.

Жұмагүл Тасболатқызы, облыстық психологиялық қолдау орталығы басшысы:

– Балалар арасындағы соңғы жаңалықтар жан түршіктіреді. Бұл ойындар – қоғамда бір кездері тараған «Көк кит», машинаның астына жүгіруге кеңес беретін «Жүгіріп өт немесе өл» ойындардың баламасы. Көбіне бұндай ойындар ғажайыпқа сенетін жасөспірім шақтағы балаларды құрықтайды. Жасөспірім шақ – балалықтың әсерімен қоштасып, жаңа ересек өмір бастамаларын қабылдау жасы. Осы кезде оң өзгерістермен қатар тәуекел де болады. Соның алғашқысы – суицидтік ойлар, екіншісі – тәуелділік, үшіншісі – депрессия. Осы атаған үш қауіп факторы балаға қарым-қатынас жетпеген кезде орын алады. Бұл қауіпке көбіне үйінен жылу сезінбеген, тірегі жоқ балалар тап болады.

Бұл арқылы айтқым келген түйін, балалар осындай ойындарға бейім болса, демек ол жерде ата-анамен қарым-қатынас әлсіз, бала қараусыз деген шешім шығаруға да болады. Сондықтан ата-аналар әрқашан баланың жанынан табылып, қолдау білдіріп, құшағына қысып, өзінің жалғыз емес екенін сезіндіруі тиіс.

Айым Зейнел, мұғалім:

– Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде мұғаліммін. 5-сыныпқа жетекшілік етемін. Балалар бұл жаста өзінің іс-әрекетіне баға бере алмайды. Қоғамға қызығады, қатарынан қалмай көрінгенге еліктейді. Ғаламтордың пайдасы мен зиянын ажырата білмейді. Көпшілік ата-аналар жұмыста, кешкілік үйге оралады. Баласының сабағын бір сәт қараса жеткілікті. Қалған уақытта бала телефонда отырады. Интернеттегі келеңсіз ойындарды ойнайды. Салдары өкінішке алып келеді. Кейінгі уақытта қауіпті ойындардың кесірінен мектеп оқушылары арасында  түрлі жағдай орын алуда. Мысалы, менің сыныбымда 28 бала бар. Бәрі де телефон ұстайды. Олар сабаққа келгенде смартфондарын алып қоямын. Үйге қайтар кезде қолдарына беріп жіберемін. Байқаймын, топтасып ойын ойнайды. Атыс-шабысты көп көреді. Сондықтан тәрбие сағатында оқушыларға телефонның зиянды тұстары бар екенін барынша түсіндіруге тырысамын. Әлеуметтік желіде таралған қауіпті ойын түрлері туралы әңгімеледім. Кейбір оқушылар өшіріп тастады. Ата-аналармен де байланыстамын.

Бекнұр Айдарова, ата-ана:

– Қызым 6-сыныпта оқиды. Кейінгі уақытта мінезі өзгере бастады. Бұрын емін-еркін сөйлесетін едік. Мектептен келген соң күнінің қалай өткенін, сабақ үлгерімі жайында әңгімелейтін. Қазір бөлмесінен шықпайды. Қабағы салыңқы жүреді. Ештеңеге қызығушылығы жоқ, бұрынғыдай қосымшаға да бармайды. Айтқанымды тыңдағысы келмей, үнемі құлаққаппен жүреді. Басында өтпелі кезең ғой деп мән бермеген едім. Кейін сынып жетекшісі қызымдағы өзгерісті байқап, хабарласты. Содан кейін білдірмей телефонын бақыладым. Түсініксіз, қауіпті ойындарды шағын мобильді қосымшаларға жасырып қойыпты. Бәрін өшіріп, ашық сөйлестім. Сыныпта апайы түсіндірме жұмысын жүргізді. Ата-аналар болып, осы мәселені талқыладық. Бұл жағдай бәріне ортақ екен. Балалармен мектеп психологі  жұмыс істеді. Нәтижесінде қызым қайта қалпына келе бастады. Бастысы, ол ойынның қауіптілігін білді.

Нұрәлі Қасымхан оқушы (аты-жөні өзгертілді):

–  Сыныпта  балалар  «SchoolBoy RunaWay» ойынын ойнайды. Ұлдар да, қыздар да. Үнемі сол жайында әңгімелеседі. Мен де жүктеп алдым. Оның қандай ойын екенін білмеймін. Бірақ қызық. Тапсырмалар береді, орыс тілінде. Түсінбеген соң аударма сөздік қолданамын. Ата-ана және баласы арасында диалог жүреді. Кейін телеграм каналын жүктедім. Үш ай бойы хабарлама жіберіп тұрды. Телефонымның жады аз болғандықтан кейін анамның  смартфонын пайдаландым. Себебі ата-анаға айтуға болмайтын құпия сөздер бар. Ата-анам білмесін деп шағын мобильді қосымшаларға жасырып қойдым. Хабарлама келсе, тез өшіріп тастаймын.

P.S. Расында, қазір ата-ана мен бала арасындағы байланыс әлсіреп барады. Бала мектепке уақытылы барса, тамағын ішсе, үйде болса жеткілікті. Ал ұл-қызы немен айналысады, достары кім, әлеуметтік желіні қалай пайдаланады, сабақ үлгерімі қалай, бос уақытында не істейді, нені армандайды деген сұраққа жауап жоқ. Өйткені, бала қажеттілігін қаражатпен алмастырады. Ал бақылаусыз қалған бала ше? Телефонның ішкі әлеміндегі белгісіз жандардың құйтырқы әрекетінің құрбаны болуда. Сондықтан балам шалыс баспасын, бармағымды тістеп қалмайын десеңіз, балаңызбен бір мезгіл балаша сырласыңыз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<