«Өзіңде бармен көзге ұрып артылам деме өзгеден»

1039

0

Жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды әлемде не көп, жарыс көп. Біреу күшімен, біреу білімімен, біреу көркімен, біреу өнерімен, енді біреу байлығымен озу үшін бәсекелеседі. Оқ бойы алға шыққандардың даңқы мен дақпырты бірталайға дейін басылмайды. Жоғарыда айтылған жарыстардың қай-қайсысынан да қазақ қалыс қалып жатқан жоқ. Бірақ, құр мақтангершіліктен алған бағасы осылардың барлығының көлеңкесінде қалып қоятыны қалай?

Әдеттегідей Абайға жүгінсек, «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады, одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәpi де ақымақшылық» дейді. «Мал жияды мақтанын білдірмекке, көзге шұқып малменен күйдірмекке», «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» дегенді үйір-үйір жылқы біткен Құнанбайдың баласы неге айтты екен?

Біздің ұрпақ ашаршылық пен соғысты бастан өткерген ата-әжелер тәрбиесінің ұштығын көріп өстік. Ата-аналарымыз кеңес кезеңінде білім алған, еңбек жолын бастаған комсомол, коммунист болды. Әйтсе де, осы екі ұрпақ жоғарыда Абай айтқан өсиетпен мағыналас өнегені үнемі айтып отыратын. «Сыртқа кәмпит алып шықсаң, қасыңдағы балаларға жететіндей етіп ал. Көрші баласының көзін қызықтырма! Оларға бермейді екенсің, саған да кәмпит жоқ» деп ескертетін. Соғыстан кейінгі жылдары жұбайлар қосақтасып жұрт көзіне түсуге ұялатын болған. Қан майданнан қайтпай қалған боздақтардың артында қалған жесірлерінің көңілін бұзып, жарасын тырнамау үшін. 

Қазіргі әлеуметтік желі бұл түсінікті түп-тамырымен жойып жіберуге шақ қалып тұр. Астатөк дастархан басынан, бренд тауарлар сатып алған шопингтен, аралдардағы саяхаттан, бес жұлдызды қонақүйлерден тікелей эфир жүргізетін желі қолданушыларының өмірі – телефон экранының бер жағындағы мыңдаған адам үшін қол жетпес арман. Бір қарағанда жай ғана «қыдырып жүрмін, мынадай тағам жеп отырмын, түскен қонақүйім немесе үйім мынадай» деген ақпараттық сипаттағы бейнежазба. Қала берді кредиттен құтылудың, миллионер болудың, арықтаудың, сұлу болудың жолын ақыға үйреткіштердің ізіне ергендер көп. Бірақ осының бәрі шынайы ма? Шымылдықтың артында не тұр?

Атақты «Форд» компаниясының негізін салушы Генри Форд «Маған қымбат отельге тоқтаудың не керегі бар? Өзіме қажетсіз нәрселерге артық ақша төлеуге құлықты емеспін. Қандай қонақүйге тоқтасам да, мен – Генри Форд болып қала беремін. Мен ақша санай алатындықтан, шынайы құндылықтан жасандылықты айыра алатындықтан  миллиардер болдым» деген екен. Бүгінде желідегі жұртты аузына қаратқандардың ішінде олай ойлайтындар саусақпен санарлықтай. Олар қолдан жасап алған әлемін жанын салып қорғайды, өздері туралы қалыптасқан «неткен керемет» деген пікірдің басқа арнаға бұрылмауы үшін ақша аямайды. Қымбат мейрамханалар мен қонақүйлерге, бренд заттарға ғана лайықпын деп есептеп, қойып алған планкасынан түспеу үшін барын салады. Басынан аяғына дейінгі киімінің, ұстап-тұтынған затының бағасын бадырайтып жазып қоятындар бар. Бақытты, бақуатты, қайырымды, көрікті болып көрініп, ішкен-жегенін, жүрген-тұрғанын жіпке тізгендей етіп желіге жүктеп отырады. Бір қызығы, оларға мақтану үшін сәт сайын әйтеуір бір себеп табылады. Оны қызықтаушылар осының барлығы кездейсоқ, аспаннан түскендей, оп-оңай іске асып жатыр деп қабылдайды. Шындығында олай емес қой.

Қазір көп адам жасанды бақыттың соңынан қуып кетті. Жасанды болған соң, оның жеткізетін түрі жоқ. Шет-шегі көрінбейді. Жеткізбейтін сағымды қуған адам көзсіз тірлік жасағанын аңдамайды. Желідегі кумирінен көрген соңғы үлгідегі телефон, жаңа көлік, қымбат жиһазды несиеге алады. Тренингтен үйренгендерін іске асыру да арзанға түспейді. Осылайша қарызға белшеден батып, өзінің қоңырқай тірлігіне налып, желідегі жарқ-жұрқ еткендер сияқты жетістікке жете алмадым деп жүргендер қаншама? Негізінде адам өзін өзгелерден артық сезінген сайын төмендей береді.

Мұндай құр мақтан, өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артықпын деушілерге қоғам бой үйретіп келеді. Ара-тұра жазғыратындар, айыптайтындар табылып жатса, жан-жақтан қорғаштап, ақтап алатын тобы да дайын. Ақысы төленген. Араның ұясындай гуілдеп, «ау, бұларың қалай?» деп пікір жазған адамды талап тастайды.

Алда материалдық артықшылықпен мақтану ұят тірлік болып есептелетін уақыт келетін шығар. Ненің асыл, ненің жасық екені көзге ұрып тұратын заман туғанда  ретсіз ысырапшылық, дарақы мақтаншақтық  ыңғайсыз жағдайға  қалдырмақ.  

Адамдар жай ғана бақытты, табысты болғысы келсе, оған жету оңай. Бірақ біз басқалардан бақыттырақ, бақуаттырақ болғымыз келіп тыраштанамыз. Ол мүмкін емес.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<