Таза су ішіп жүрміз бе?

346

0

Сурет ашық дереккөзден

Халық тұтынатын ауызсудың сапасы біздің денсаулығымызға тікелей әсер етері белгілі. Ал денсаулық арқылы өмір мәнді де мағыналы болары анық. Сондықтан да ауызсуға санитарлық талаптар қойылады. Иісі, дәмі, түсі, лайлылығы сол сияқты оның қасиеттеріне әсер ететін заттардың мөлшері бойынша бағаланады. Мәселен, темір, марганец, мыс, сульфаттар, хлоридтер, т.б. Судың бетінде түрлі қабыршақтар болса, онда таза емес деген күдік ұялайды.

Қазіргі кезде Жаңақорған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бақылауында 37 сумен жабдықтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Нұра топтық сумен жабдықтау» РМК «Арал салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы» филиалы «Жиделі» топтық су құбырын пайдаланушы Жаңақорған өндірістік бөлімшесіне 9 елді мекеннің су құбыры қарасты. «Жаңақорған ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесіне қарайтын 28 елді мекен су құбыры бар.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінде аудан халқының 99,9 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгені айтылады.

– Су химиялық құрамы жағынан зиянсыз болуы үшін табиғи судың құрамында кездесетін заттарға, өңдеу үрдісінде қосылатын реагенттерге, адамның іс-әрекеті нәтижесінде кездесетін заттарға арнайы нормативтер бекітілген. Көрсетілген нормативтен ауытқуы оны тазарту технологиясының қажетті дәрежесін айқындайды, – дейді Жаңақорған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдарова.

Су арқылы жұғатын аурулардың негізгілері – А, В паратифтер, дизентерия, А вирусты гепатиті, тырысқақ.

Рас, бақылауға алынып, тазартылмаған ауызсуды пайдалану және құрылыстардағы, құбырдағы техникалық апаттар, қарапайым жеке гигиена ережелерін сақтамау салдарынан түрлі жұқпалы аурулардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуда мемлекеттік санитариялық-гигиеналық шаралардың орны ерекше. Осы талапқа сай су сапасын зертханалық зерттеулер арқылы тұрақты бақылау, жабдықтау нысандарына мерзімінде дезинфекция жасап тұру керек. Жаңақорған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы үнемі мониторинг жүргізіп отырады.

– Басқарма мониторингтік бақылау бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының Жаңақорған аудандық бөлімшесіне өткен жыл көлемінде ай сайын сынамалар алынған. Былтыр санитарлық-химиялық зертханаға 354 ауызсу сынамасы, микробиологиялық зертханаға 411 ауызсу сынамасы алынып тексерумен қамтылды, сәйкессіздіктер анықталған жоқ. Ал биылғы бірінші тоқсанда санитарлық-химиялық және микробиологиялық зертханаға 122 ауызсу сынамасы алынып, тексеру кезінде сәйкессіздіктер анықталмады, – дейді Ш.Айдарова.

Сондай-ақ басқарма емдеу-сауықтыру орындарынан, аудандағы 107 балабақша мен мемлекеттік және жеке 51 мектеп, олардың асханаларынан, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар басқа да нысандардан сынама алып отыруы керек. Бұл талап ауданда өз дәрежесінде жүргізіліп келеді. Елді мекендердің ауызсу сапасы үнемі басқарма бақылауында. Бұл жұмыстар күнделікті және ай сайын қадағаланады.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<