Табиғат тепе-теңдік заңына бағынды

612

0

Сурет ашық дереккөзден

Нөпір қардың суы елді әбігерге салып жатқанда, елең етпей отыра алмадым. Жақында ғана Арал теңізі ұлтанының тағдырына ден қойып, талдап облыстық «Cыр бойы» газеті арқылы елге жария етіп едік. Енді солтүстік жақтағы 9 аймақ күтпеген, телегей-теңіз суға қарылып, зардап шеккен халыққа Алладан сабыр тіледік. Арамыз алыс болса да күрішші ардагерлер мен отбасымның атынан Жаратушыдан күнде тілеп отырмыз. Күні кеше біресе ылғал тапшылығын көріп, біресе жаңбырдан қиналған солтүстік халқының дүние-мүлкі, үйі, қора-қопсысы, малы қардың нөпір суы астында жайрап жатады дегенге кім сенген?!

Оны теледидардан көргенде төбе шашымыз тік тұрды, денеміз тітіркенді. Қыстайғы екі метрден астам қар еріп суға айналатынын, мұздың кесірінен тебін малы жылқының аштан өліп жатқанын, жылымықтан еріген қар суының жерге сіңбей нөпір болып жұлқынып ағатынын солтүстіктің бір маманы, ғалымы, қарты біліп-сезбегенін естігенде, намыстан булығып кеттік. Не деген бейқам халық едік?! Бұл маман басшылардың мінезсіздігінен, ой еркіндігінен айырылған жасықтығынан, әсіресе, білімсіздік пен немқұрайлылықтың салдары еді. Енді бұл сынақтан қорытынды шығару бізге өте қажет-ақ.

Мынау Үкіметтің жұмысы, ал мынау біздікі деп бөлінуден де тез арылайық, ағайын! Оянайық! Қандай да қиыншылықты басқа елдердегідей жеңуге болады. Мысалы, Нидерландыдан, Жапония елдерінен үлкен тәуекелшілдікті, жақсы көрушілікті, қайсар мінезді, білім-ғылымға құштарлықты үйреніп, осылардың қатарына жетуге талпынайық, ұмтылайық! Қанша намыстансам да, кіжінсем де, бейқам мінезді халқымды аядым.

Адам бейқам болса, санасын немқұрайлылық билесе, ерен тіршілікке ұмтылудан айрылады. Тоғыз ай суықта бұйығып ұйықтап, малға да жөнді қарамай, жайбарақаттыққа салынсаң, ішкі-сыртқы жау көзіне ілікпесіңе кім кепіл, ағайын?! Үш қасіретті – немқұрайлылықты, бейқамдықты, білімсіздікті бойымыздан аластайық. Осылардан туындаған жайбарақаттық бізді апат қасіретіне душар етті, одан келетін зардапты сездірмеді. Енді осы бейжайлықтан арылу жолын қарастырайық, бірлесіп талдайық, ақылға салып, бірлікке келейік.       

Бірінші жолы, біз табиғатты өзімізге жау көрмейік. Табиғат күшін сезіндік, енді онымен санасуды ешуақытта ұмытпайық. Ол үшін біз табиғат деген ұғымды адамзат мекені, тіршілік кеңістігі мен әлемі деп түсінейік. Аялайық, оның күшіне жүгінейік дейтініміз сондықтан. Мысалы, табиғатпен алысамыз деп жүріп, Арал теңізінің нәсібі – балығынан және өзінен де айырылдық. Енді оның табаны шөл құмының отаны болып қалды. Кезінде Аралға құятын Әмудария суын тоғандадық. Сырдария суын күрішке тартпақтап, қалған Кіші Арал теңізінің суын суалттық. Су шексіз емес екен. Дариялар суын оңды-солды жұмсап, Арал теңізінің қазандығын суға жарытпаған өзіміз – адам ісі. Осылай адамдар атмосферада құралатын климатты бұзды. Оңды-солды пайдаланып, өндірісті дамытып, көмір түтінін будақтатып, атмосфераның құрамын өзгертіп, климаттың тұрақты заңын бұзды. Жарты ғасырдан астам өндіріс түтініне, пеш және автомобиль, паравоз түтіні қосылып, балансты бұзды.

Сонымен жер шарының ауа райы қалыпты ритмінен айрылды. Салдарынан климат тұрақсызданып, қар орнына, кейбір жерге жаңбыр жауды, жаңбырлы жерге құрғақшылық орнады да, күтпеген аймаққа тасқын су келді. Осының салдарынан 1 метрдей қар жауатын солтүстік аймаққа (Ресей, Қазақстан жеріне) 2 метрден астам қар жауды. Қар белдерінің ортасында қалың мұздақ бар, оның асты тоң, жылымықтан еріген су жерге сіңбей, мұздақ пен тоң кесірінен екпінді нөпір ағысты жойқын су ағынына ұласқаны сондықтан.

Былтыр осы солтүстікте қуаңшылық болып, орман өртімен алысты. Биыл нөпір су тасқынының зардабына душар болды. Мұндай тағдырды климат өзгерісі жасап отырса, ал климатты бұзған теріс тірлікшіл және теріс мінезді, менменшіл адамдар. Олар табиғат заңын неғылсын, өндірісі өркендеген шет елдің азаматтары. Оған пештен шыққан көмір түтіні үлесін қосты. Былайша айтқанда, дамыған елдердің өмір сүру жүйесі табиғат заңына сәйкес келмеді. Осындай белгілі теріс себептерден климат бұзылды. Кім кінәлі дегенге адамдардың тіршілік жүйесі деп жауап береміз.

2020-2024 жылдары климат өзгерісі ашық айқындала бастады. Орман өрті ырық бермеді, тасқын су елді мекенді алды, қуаңшылық жер-жерге азық-түлік таршылығын туғызып жатты. Бұл табиғат ашуы еді. Апат, аштық пен жұтты қатар әкеліп, магнаттардың сағын сындырып, басын идіріп, теріс тіршілігін, істеген зорлық-зомбылығын мойындаттырды. Иә, табиғат күшті, онымен санасып, аялап, заңын бұзбайтын тіршілікті жалғастыруымыз керек. Апат, әсіресе, біз сияқты елге ауыр тиеді. Сондықтан табиғат қыр-сырын тіршілікке керек заң деп түсініп, оны жетік зерттеп-білу қажет. Табиғат адамға дүлей жау емес. Оны аяласаң, өз жарасын өзі жазып, адамзатқа пана болуынан айнымайды. Осыны бір адамдай түсініп, түйсігімізге түртейік, ағайын! Қолдан жасаған климаттың кесірінен солтүстіктің 9 аймағы қар суының астында көрмегенді көріп жатыр. Егіс топырағы қарап жатқан жоқ, ол да өзгеріске душар болуда. Жер құнарының күрделі қосылысы ыдырауға жақын. Батпақтану, тұздану процестері кезекте тұр. Бұл егін егу мезгілі кешеуілдейді, құнарды қалпына келтірмесек, өнім кемиді, деген сөз. Арал жарасын сексеуілдендіру арқылы жазсақ, солтүстік жағдайына келер қауіпті түбегейлі шешетін келешекте ерекше ірі іс-қимыл жасауымыз керек екені белгілі.

Екіншіден, ауыл-қала жаңадан жазыққа салынса, үй қоры тұрғызатын орны жер бетінен, мейлінше 1 метр биікте болу керек. Айналасы жабулы кәрізді (дрен каналды) бөгетпен қоршаулы болуы тиіс. Ол ауыл-қала құрылымын су басуын мейлінше азайтады, құрылысты су зардабынан сақтайды. Су кең құбырлы кәріз арқылы сыртқа сорылады. Бұл – кәріздің жабық түрі. Су мамандары, инженер- гидрологтар бұл жүйені жақсы біледі. Ауыл-қала сыртына бетонмен қапталған әрі тиісті жерінде мықты көпірлері бар канал салынады. Ол нөпір қар суын үлкен су тоспа-тостағанына (пруд, көлшік, көл) құяды. Одан асқан су Арал қазандығына үлкен бас канал арқылы сорылады. Осы үлкен каналға егістен, жайылымнан, басқа да жерден (аймақтардан), тіпті Жайық өзеніне сыймай артылған су құйылады. Ұсынымның маңызды мақсаты – құрылымды тұрып қалған судан сақтау, егісті, жайылымды су эрозиясынан аман алып қалу, егісті бастауға уақыт ұту. Бұл – ұсынатын негізгі іс-қимылдың бастапқы сұлбасы. Оны әрлеп жетілдіретін су, құрылыс мамандары, гидротехниктер, гидрологтар, гидрогеологтар, ирригаторлар, білікті агроном-мелиораторлар және топырақтану маманы (почвоведтер). Ауыл-қала көшелері түзу болып, олар стандартқа сай арықтармен қамтамасыз етілуі керек. Арық суы кәрізге қосылады. Сонда ауыл ауласында, қала аймағында су іркіліп жатпай, тез сыртқа шығарылады. Даладағы егісте, жайылымда су жатып қалса, егіс-жайылым беті тұзданады не батпақтанады. Олар өнімді кемітеді. Аталған мамандарға ағылшын тілін үйретіп, шет ел жетістіктерін, Жапониядан, Италия, Испания, Германия елдерінен үйреніп, игеріп келуге жіберу жоспардан тыс қалмауы керек.              

Сонымен ұсынылған жоба қандайда су тасқынының қатерсіз-қаперсіз жағын ойдағыдай қамтамасыз етеді. Ұтатынымыз, біріншіден, су әбігері, залалы, шығыны азаяды, екіншіден, қатері сейіледі. Тіршілікке кедергісі кеміп, Арал қазандығы-Кіші Арал теңізі сулы болады. Арал қазандығы солтүстіктен (Қазақстанның 9 аймағынан, Ресейден) Жайық өзенімен келетін небір нөпір тасқын суды еркін қабылдайды. Қаперсіз жоба дейтініміз осыдан.

Үшіншіден, кешенді білімді кадр, өзі биолог, мелиоратор, агрохимик, топырақтанушы (почвовед) мамандықтарын саналы меңгерген, гидрогеологиядан хабары бар, толық агроном барлық жерге, солтүстікке, Қызылордаға және басқа да аймақтарға керек-ақ. Себебі су жер бетін аздырады. Солтүстік, Қызылорда және басқа да аймақтар білікті, тәжірибелі әрі кешенді білімі бар, агрохимик, почвовед әрі мелиоратор, ирригатор, өсімдік қорғау маманы, агрономға зәру. Студенттердің мемлекеттік практикасы 2 жылдай болуы керек. Сол мезгілде олар топырақ кескінін, сол арқылы жер картасын жасау, практикасын, өсімдік қорғау, ирригация жүйесінің қыр-сырын толық меңгергені жөн. Агрохимиядан тәжірибе қоюлары керек. 3-курстан бастап бітіргенге дейін осы мамандықтарды жете игерген жөн. Дипломы агрономия, агрохимия мен топырақтану және су жүйесінен кешенді жұмыс болғаны дұрыс. Осы мамандықтар ауыл шаруашылығы институтында (қазіргі аграрлық университет) қазірге дейін оқытылатынын білеміз. Бірақ агрономия факультеті студенттері бұл кешенді мамандықтарға аса зейін қоймайтынын мойындауымыз керек. Сондықтан кешенді мамандықтарға студенттердің ден қоюын ұстаздар қадағалауын өтінішпен айтамыз.

Мысалы, Арал өңірінің егісінен күріш дақылы көлемі, толық болмаса да су мөлшеріне байланысты қысқартылса мол судан аз суға көшкенде, топырақта тамақтану жолы өзгеріске ұшырайды. Кәріз жұмысы осы кезде де керек. Себебі жерасты тұзды суы деңгейі 2 метрден төмендегенше егіс топырағының бетіне шығуға талпынады. Бұл – белгілі физикалық құбылыс. Ол процесс өрістеп, кәріз бітеліп, міндетін толық атқара алмаса, жер бетіне жерасты тұзды суы шығып, екінші тұздануға жол береді. Жел мен ыстық жерасты суының деңгейі үзілгенше, егіс бетін тұздандырады. Сондықтан, кәрізді тазалауға қаражатты бөлуді жоспардан шорт кесіп алып тастамау керек! Жерасты суының деңгейі 3 метрдей жетпесе де, кәрізді соңғы рет тазалауды жоспарға кіргізген дұрыс болады және ол топырақтың екінші тұздануына жол бермей, өзінің соңғы рөлін атқарады.

Агроном кешенді білімді болса, көмекші агрохимик, гидротехник, топырақтанушы (почвовед), ирригатор мен өсімдік қорғау мамандары талабын бұлжытпай қолдайды және олардың ісін міндетті түрде бақылайды. Білімі кешенді агроном – егіс әлемінің биі мен королі. Отандық ғалымдарға, мысалы Бақытжан Дүйсембеков, Қажмұхан Арынов және басқа жігерлі ғалымдарға сеніміміз ерен. Осындай жан-жақты агрономды дайындауға атсалысайық, қолдайық, ағайын! Олар су тасқыны зардабын көріп жатқан 9 аймаққа өте қажет-ақ! Айлап жатқан қар суы қарап жатпайды, егіс топырағы құнарын шайып азайтады әрі тұздандырып құнарын тағы да төмендетеді, батпақтанып егіс топырағының қасиетін кемітеді. Сонымен су тасқыны егіс топырағының тағдырын күрт өзгертеді. Канал-кәріз жұмысында да, азық-түлікті қадағалайтын да – жоғарыда айтқан кешенді агроном. Су, оның жүйесінің мамандары агрономға бағыну керек, олар өз жұмысындағы міндетін адал және білімді атқарған жөн. Тұз жер бетіне шықса өнім кемитіні белгілі. Ол егіске жұмсалған шығынды зая кетіреді.

Тұзбен күресу әдісі туралы 2022 жылы Алматы баспасынан (қаржылай демеушісі – химия ғылымдарының докторы, профессор Қ.Арынов) жарыққа шыққан «Преобразование почв пустынных ландшафтов в агрономические плодородные земли» кітабында жазылған. (авторлары Х.Жамантіков және басқалар). Кітапты оқып, талдап маңызды мәліметті білуге болады. Топырақтағы тұзды қосылыстардың түзілу теориясы мен оларды тұщылау жолдары көрсетілген. Негізі тұзданған егіс топырағын толық құнарландыру жүйесінің жаңа бағыты басым жазылған және егіс айналасын, ауыл-қала ішін ағаштандыру мәселесі көтерілген. Көгалдандыру іс-шарасы ауылдың, қаланың, ауа-жер экологиясын тазалауға бағытталған, оларды иіс-қоқыстан және ауыр металлдар ауыртпалығынан арылтады. Қыста боран қыспағынан, қар үйіндісінен, жазда шаң-тозаңнан, аңызақ жел өтінен сақтайды. Осы айтылғандарды дұрыс орындау үшін ағаш түрін сұрыптап, оны егу жолдарын сурет арқылы түсіндіреді. Кітап мақсаты – оқырманды одан да жақсы ойларға ұмтылдырып, ынталандыру.

Төртіншіден, көбін айт та, түйініне тоқтал дегендей, өзекті мәселені ғылыми негізделген тәсілдер арқылы шешкен жөн. Осыдан барып ғылыми болжамдар құралады. Ғылымның негізгі салалары елдің экономикалық өсу-дамуын одан әрі жетілдіруге, шығынын тез өтеп, пайданы молайтуға, жақсы жетістікке заман технологияларын меңгеру арқылы жететін жолдарын анық көрсетеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күніндегі баяндамасында ғылым жетістіктерін атап, көбінесе оның кемшілігіне тоқталды. Ғалымдардың солтүстіктегі қар суының келтіретін зардабын сенімді болжай алмағанына, шығынды еселеп азайтатын жолды, ең болмаса 1 жыл бұрын айтуға жарамағанына тоқталды. Климат өзгерісін қазіргі аграрлық ғылым бағыты ескермегенін айтты. Ғылымда сала көп, оны керек емес деп қаржыдан қалдыруға болмайды.

Ұлыбритания үкіметі ғылымның салаларына жылда бірдей қаржы құяды екен. Өте керегіне қосымша қаржы беріп, барынша дамытып, экономиканы үнемі демеуге жол ашады. Осы тәсілін үйренуге болады ғой!

Болжам жасай алмайтын ғылым адастырып, апатқа душар ететінін бүгін бастан кештік, зардабын көріп отырмыз. Өмірді жаңартатын жастарды кезінде еліне сыйдырмай жұмыс бермей кетуге мәжбүрледік. Оны мойындауымыз керек. Олар қазір шет елді жаңартып, байытып жатыр. Жастар – өмір индикаторы. Ғылымның салалары қатар дамуы дұрыс. Бүгін керек болмаса нәтижелері ертең оның 30%-ы, одан кейін 50%-ы іске жарар. Ғылым нәтижелері келешекті болжамаса, өмірді дамытпаса, оның жүйесін түзеу керек болады.

Қорытындысында айтарымыз, ғылыми негізделген тәсілдермен жүріп, алдымыздағы ой-қырды болжап отырсақ, өмірдің қилы кедергісінен, апатынан аттап өтетініміз анық. Оған сенейік, ағайын. Мықты бөгетті мезгілінде салсақ және тасқын суына дұрыс жол тапсақ, ірі жеңіс деген осы.

Хасый ЖАМАНТІКОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<