«Жұмысшы мамандықтар жылы»: Еңбек нарығында не күтіледі?

1052

0

Сурет ашық дереккөзден

Өткен оқу жылында облыстағы 330 мектепте 181 804 бала оқыған, биыл 184 924 оқушы білім алуда, яғни оқушы саны 3120-ға артқан. Сәйкесінше, мектептер желісі 337-ге көбейген. Сонымен қатар, 2-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 90,2  пайыз болса, 3-6 жас аралығындағы балдырғандар толықтай қамтылған.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов баяндады. Нақтырақ айтсақ, брифингте облыстық білім басқармасының жыл басынан бері атқарған жұмыстары сарапталып, алдағы жоспарлары сөз болды.

Б.Бердәулетовтің айтуынша, «Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес 2029 жылға дейін 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі сапалы қызметпен қамту үлесін 100 пайызға жеткізу көзделген.

сондай-ақ, меншік нысанына қарамастан, тәрбие мен оқыту сапасын бағалаудың өлшемшарттарына сәйкес келетін инклюзивтік білім беру үшін толық жағдай жасау және қауіпсіздік талаптарына сәйкес балаларды кешенді қорғауды қамтамасыз еткен білім беру ұйымдарының үлесін 100 пайызға жеткізу міндеттелген.

Бүгінде өңірде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған 677 мектепке дейінгі ұйымда (160 мемлекеттік, 54  шағын орталық және 461 жекеменшік балабақша) 49 880 бала тәрбиеленуде.

Жыл басынан бері  1 мемлекеттік, 14 жекеменшік, жалпы саны 15 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға беріліп, 1 532 жаңа орын құрылған. Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек етіп жатқан 6 218 педагогтің 4 493-і жоғары білімді болса,  1 725-і  арнаулы орта білімді. Бұл орайда жыл басынан бері 468  педагог  мектепке  дейінгі  тәрбиелеу  мен  оқыту  мамандығы  бойынша   қайта  даярлау  курсынан   өтіп, 759 педагог біліктілігін арттырған.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы, Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасында орта білім, техникалық және кәсіптік білім, цифрландыру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі білім бағыттарын дамытудың  басымдықтары айқындалған. Осы баяндамада айтылғандай, баласын отбасында тәрбиелеу қағидатын ұстанатын, балабақшаға жіберуге асықпайтын  ата-аналар үшін консультациялық пункттер желісі кеңейе түскен. Нақтырақ айтсақ, бүгінде өңірде ата-аналарға арналған 161 консультациялық пункт бар. Биыл осы аталған пункттерге 312 бала қамтылып, олардың білім-білік дағдыларын қалыптастыру бағытында арнайы жұмыс жүргізілді.

Ата-аналардың өтініші бойынша жеке және топтық консультациялар өткізіліп, баламен қарым-қатынас, ойын және оқыту іс-әрекеттері, тамақтану және қауіпсіздік бойынша дәрістер, әңгімелер, шеберлік сыныптары мен тренингтер ұйымдастырылған. Сонымен бірге, аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдардың базасында инновациялық, педагогикалық тәжірибелерді тарататын 48 құзыреттілік орталығы жұмыс істейді.

– Жаңа мектеп салу, апатты және үш ауысымды жою – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Аймақ басшысының қолдауымен осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Айталық, өткен жылы қаладағы 4 мектепке 1850 орындық қосымша құрылыс салынып,  аталған мәселе шешімін тапты.

Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры», жергілікті бюджет және жеке инвестор есебінен 16 білім беру ұйымының құрылысы салынуда.

«Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен құны 2 млрд 350 млн теңгені құрайтын Қызылорда қаласындағы 350 орындық «Оқушылар сарайының» құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін 2 мектеп ел игілігіне табысталады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жобаның үйлестіруші «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы бекіткен кестеге сәйкес биыл 4 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Соның бірі – Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 900 орындық мектеп қазан айында пайдалануға берілді.

Заман талабына сай балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға бағытталған сәйкестендіру карточкалары жүйесімен қамтылған мектептер үлесі 75 пайыз болуы тиіс. Бұл бағытта облыстық бюджеттен 120 млн теңге қаржы бөлініп, 87 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды, – деді Б.Бердәулетов.

Баяндамада айтылғандай, өткен оқу жылында мектептердің негізгі бағыттары бойынша рейтинг жасалған. Рейтингте білім сапасы, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы, оқушылардың олимпиада, ғылыми жоба, спорттық сайыстардағы нәтижелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың тіркелуі, педагогтердің кәсіби байқаулар мен сайыстардағы жетістіктері сарапталды. Осының негізінде 7 міндет 45 тармақтан тұратын әрбір мектеп дамуының нысаналы индикаторлары жасақталған.

Оқу-ағарту министрлігі бекіткен білім сапасын арттырудағы «Мақсатты мектептерді» дамыту жобасы аясында біздің облыстан І кезекте 71, ІІ кезекте 40, барлығы 111 мектепке нысаналы көмек көрсетіледі.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 6252 түлектің 4752-сі немесе 76,1 пайызы мемлекеттік грант иеленді. Жалпы Қызылорда облысы соңғы төрт жылда ҰБТ-ның орташа балл көрсеткішімен республикада алғашқы үштікте болған, ал биыл бірінші орынға шықты.

Өткен жылғы пәндік олимпиада қорытындысымен облыс жаратылыстану-математикалық бағытта «Ең үздік командалық ІІ орын», қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша ІІІ орын алған. Сондай-ақ биыл алғаш рет өткізілген ауыл мектебі оқушыларының республикалық олимпиадасында 26 оқушы жүлдегер атанып, жаратылыстану-математикалық бағытта облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» номинациясын иеленді. Тағы бір жағымды жаңалық, биыл республикалық «Үздік педагог» байқауынан аймағымыздағы 6 педагог жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіште сыйақыға ие болды.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім,  қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екенін айта келе, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

Бүгінде өңірімізде 28 колледж бар. Оның 19-ында 45 мамандық 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярлау жүзеге асырылып келеді. Жалпы 19390 студенттің 6928-і, яғни, 35,7 пайызы жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда.

Халықаралық талаптарға сәйкес шетелдік оқу орындары, ірі кәсіпорындармен екіжақты әріптестік байланыс орнату, жаңа технологияларды пайдалана отырып кадрлар даярлау – басты мақсатымыз. Осы ретте, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Германия мемлекетінің Лейпциг университетімен педагогика, психология саласы бойынша, Москва Психоанализ университетімен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша меморандумға қол қойды. Ал,  И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі Американың «Ұлттық құрылыс және білім беруді зерттеу орталығы» ұйымы және Германияның «Аға сарапшылар қызметі» ұйымымен «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша ынтымақтастық орнатқан. Бұл жұмыстар басқа да оқу орындары бойынша жалғасады.

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған міндеттерге сәйкес 2025 жылы 9-сыныпты бітірушілер арасында жұмысшы және орта буын мамандықтар бойынша білім алуға ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған болатын. Осыған орай, келесі жылға республикалық бюджеттен 2200, жергілікті бюджеттен 3108, барлығы 5308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақмерзімді болжамын анықтау үшін Мамандықтар атласын әзірлеу жоспарлануда.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 2025 жылы бірнеше бағытта шаралар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Саутс-Ойл» компаниясының демеушілігімен құны 4,8 млрд теңгені құрайтын 200 орындық жатақханасы бар 400 орындық музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледж политехникалық жоғары колледж болып қайта құрылымдалып, үздік техникалық оқу орны ретінде қызмет көрсететін болады.

Бұдан бөлек, 15 мемлекетік колледж ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелерге шефтік қамқорлыққа беріліп, екіжақты келісім-шарт негізінде жұмыс жасайды.

Абылай хан атындағы жоғары колледж базасында «Тігін ісі» мамандығы бойынша шағын кәсіпорын ашу жоспарланса, Арал индустиалды-техникалық колледжі мен С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылады. Сондай-ақ И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі мен М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі базасында студенттер үшін «Бизнес-стартап» жобасы жүзеге асырылады.

Осындай жүйелі жұмыстардың барысында 2025 жылы колледждерді үздік бітіруші 100 студентке тұрақты жұмысқа орналасу үшін жолдама беріледі.

Жиында кейінгі уақытта өңірде мектеп оқушыларының тәрбиесіне қатысты жиі орын алып отырған олқылықтар жайы да сөз болды. Бұған қатысты басқарма басшысының міндетін атқарушы мектеп оқушысының өміріне қатысты мәселенің барлығында біржақты шешім қабылдап, мұғалімді, мектеп басшылығын айыптай бермей, ата-ананың да жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.

– Мысалы, түнгі беймезгіл уақытта ересек адамның қадағалауынсыз көшеде жүретін жасөспірімдер азаймай отыр. Негізінде тәртіпсіздік осындай уақытта орын алады. Сондықтан баланың тәрбиесіне ата-ана, ағайын-туыс, тіпті ел ағалары, ақсақалдар араласып, жөнге салып отырса, артық болмас еді, – деді Б.Бердәулетов.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<