Тойлаудың да мәдениетін ойлау керек

967

0

Той. Бұрын той десе шаңырақ көтеріп, отау құрған жастар көз алдымызға келетін. «Бәрекелді, ата-анасының арманы орындалды, ұрпағы жалғасатын болды» десіп, ағайын-туыс айрықша қуанатын. Егер қыз ұзатылып жатса, өрісіміз кеңейіп, өркеніміз жайылады деп көңілдерін бірлейтін. Ара-тұра ағайын арасында сүндет той жасап, ұлының азамат болғанын әйгілеп, атқа мінгізіп жататындар болатын.  Қазір не көп, той көп! шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сырға салу, бертін келе санамызға сіңген күміс той, алтын той сияқты кәде-қауметтің түрі көп.

«Ас көп болса, кәде көп» деген ата-бабамыз. Расында, бүгінде осы аталған тойдың бәріне ас та төк дастархан жайылып, ағыл-тегіл адам шақырылады. Асаба сайлап, әнші, биші жалдап, ат шаптырым тойханаларда  өтеді. Мұндайда «байдың асын байғұс қызғанады» десек, қателесеміз. Бұдан «байғұсқа» келіп-кетер ештеңе жоқ. Бірақ тойдағы ас-ауқаттың айналасында ысырапшылдық көп екені рас. Кезінде әжелеріміз, ата-анамыз  «судың да сұрауы бар» екенін күн сайын есімізге салып отыратын. Алайда бүгінде дәл осындай ұқыптылықтың, ыждағаттылықтың ізі де қалмай барады.

Қайсыбір той болмасын, кем дегенде үш жүздей адам болады. Жиылған көпшілік бірін-бірі жыға танымаса да, бір дастарқан басында отыруға мәжбүр. Ұзын-сонар тілек айтылып, асабаның «ой-өресіне» сай ойын-сауық ұйымдастырылады. Әлеуметтік желі бетінен көзіміз шалып қалады, қарауға көз ұялатын келемеж ойындар қаптап жүр. Одан кімге қандай тәрбие? Арзан ойын, арсыз күлкі… Ақша табудың амалы. Қауқары жеткендер атағы шығып жүрген әншілерді шақырып жатады. Әрине, біздің қазақ «жиған-тергенім тойға шашылсын» деп еш аянып қалмай, кейде тіпті шамадан артық шалқып жатады. Десек те той өткен соң алыс-беріс дүние-мүліктің, кәде-кәуметтің  арасында да өкпе-реніштің орын алатыны жасырын емес.

Ең басты қиындық – несие алып той жасау. Дүркіретіп, дүбірлетіп екі-үш күн той тойларсыз, одан соң бірнеше жылдарға дейін банк алдындағы берешегіңізді өтеуге тура келеді. Осылайша отбасының әлеуметтік жағдайы тығырыққа тіреледі. Тіпті кей жағдайда сүттей ұйыған  ағайын арасына  сызат түсіп, бірлігі мен берекесі қашатыны да жасырын емес.

Осы тақырыпты қозғау барысында әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің ойын білген едік. Байқағанымыздай, жалпы жұртшылықтың өзі қазіргі тойларда ас та төк дастарқан жайылып, ысырапшылдыққа жол беріліп жататынын айтады. Сондай-ақ ұлттық ұстынымызға жат даңғаза әуен, дарақы ойындардың да белең алып бара жатқаны елді алаңдатады.

Қазақтың ата дәстүрі бойынша бір-біріне деген ілтипаттың, құрметтің белгісі ретінде сыйлы адамның иығына жабылатын шапанды қойға жапқан асабасымақ өзінің осы іс-әрекетімен надандықтың шегіне жеткенін білер ме екен?.. Сол сияқты, түйе, жылқы тәрізді жануарды тойханаға кіргізу де мәдениет дейтін ұғымнан мүлде жұрдайлығымыздың көрінісі болар… Әлгі ата сақалы аузына түскен атпалдай ер адамды бесікке бөлеп, ызы-қиқы, қым-қуыт болып жатқан «тойшыл» ағайынның ішінде «тәйт» дейтін қария қалмаған ба?! Оны айтасыз, итіне той жасап, әлеуметтік желіні шулатқан да өз қазағымыз екені өте өкінішті… Қалай десек те, той иесінің ой-өрісінің деңгейін осыдан-ақ аңғаруға болады емес пе?..

Тағы бір айта кететін жайт, тойларда даяшы қызметін студент жастар атқаратыны жасырын емес. Шәкіртақысының көлемі аз, немесе ақылы негізде оқиды, сондықтан студенттердің осылайша қосымша табыс тапқысы келеді. Тойхана иесі олармен келісім-шарт жасасып, ақы төлемейді, сол себепті, олардың қауіпсіздігіне де жауап бермейді. Бұл өз алдына мәселе. Ал әлгіндей дарақы тойлардан сол жастар қандай тәрбие алады, осы жағын да ойлай бермейміз…

Негізінде, той дегеніміз – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата дәстүріміз. Бұрынғы белгілі қазақ тойларында айтыс ұйымдастырып, жырауларды жырлатып, ат бәйгесін тігіп, көкпар беріп, балуан күрестіріп, жеңімпаздардың мерейін өсіріп отырған. Қалай десек те қазақ тойының қалыптасқан мәдениетін бұзуға қазіргі «шоумендердің» еш хақысы жоқ. Жалт-жұлт еткен жарнамалық шоу-бағдарламадан гөрі тәрбиелік, танымдық мәні бар, ойын болса да ойландыратын шараларға көңіл бөлуіміз қажет.

Иә, бүгінде бұл тақырып қоғамның қызу талқысында. Мемлекеттік лауазым иелері, қоғам қайраткерлерінен бастап, жалпы халық аталған  тақырыпқа қатысты өз пікірлерін әлеуметтік желі бетінде білдіріп келеді. Олардың бәрі де елімізде той өткізу форматын өзгертіп, даңғазалық пен ысырапшылдықтан арылу қажеттігін айтады.

Бауырлас елдерде де бұл мәселе талқыға салынып, қажетті шешімдер қабылданған екен. Мәселен, ашық ақпараттарға сүйенсек, өзбек, түрік ағайындарда тойларды ықшамдалған түрде өткізу, оның есесіне шаңырақ көтерген жас отбасын қолдау шаралары қарастырылған. Көршілес қырғыз елінде де той өткізудің заман талабына сай үлгісін қалыптастыру мәселесі жиі талқыланады екен. Жалпы бүгінгі қоғамда тойдың бәсекеге айналуы басы ашық мәселе. Демек бізге де той өткізудің жаңаша мәдениетін қалыптастыратын кез жетті.

Айта кетейік, дәулетті адамдар үшін той жасаудың түк қиындығы жоқ шығар. Дегенмен қарапайым отбасылардың қабырғасына бататыны шындық. Бұл жағдайда «аттыға» еріп, «жаяудың» асып-тасуының қажеті жоқ. Әркім шама-шарқын білгені дұрыс. Бүгінгі нарықтың талабы осындай. Мұны саналы түрде мойындағанымыз жөн.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<