Биыл қазақ әдебиеті әлеміне «Алыстағы аралдар», «Жасыл сағым» повестерімен еркін ойлы, романтикалық тынысты лек әкелген жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы 75 жасқа толды. Ол 1948 жылы Арал ауданы Бөген ауылында балықшы отбасында өмірге келді. Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Республикалық «Жалын» көркем әдебиет бәйгесінің екі дүркін жеңімпазы. «Қазақстан пионері» газетінде дарабоз ақын Фариза Оңғарсыновамен бірге қызмет атқарды.
«Қазақфильм» киностудиясы көркемдік кеңесінің мүшесі, КСРО Орталық телевидениесі тапсырыс фильмдер редакциясының бас редакторы қызметтерінде жүріп 50-ден астам КСРО және шетел фильмдерін қазақ тіліне аударды.
Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің театр істері жөніндегі инспекторы, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының әдеби-репертуарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1988 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Арал тақырыбын 1967 жылдан айтып келеді. Бүкіл шығармашылық, өмір әлеуетін Арал, Сыр, «Байқоңыр», Қазақстан табиғаты проблемаларына түбегейлі арнаған қаламгер.
Арал ауданының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. Қызылорда облысының Құрметті азаматы.
Сөз өнерін біршама меңгердім-ау деген шамада, тек журналистік және жазушылық тірліктер ауанында ғана емес, сан қилы желкен-қиялдар шақыруларында, кейбір қалыптан оқшау да жайттарды індете қуалап кететініміз рас еді. Жастықтың «желі» дегеннің желпінісі – сені қызмет пен тірліктің тар жақтауында көп отырғыза бермейді, хикаялар іздетеді, қызықтар қуалатады… Сондай «ауаланудың» бір реті мына іспетті болды: Қазақтың Еділ суы мен Алтай тауы арасындағы ұлан-байтақ жерінде, ел іші – адамдар жадында бізге беймәлім қаншама аңыз-әпсана мен ертегілер тұнып, тұмшаланып жатыр? Тек бір аймаққа немесе бір адамға ғана аян, сол өзгеге мәлімсіз ерек қызық жайттар қазынасы қаншама? Көп жағдайда қалыпты (стандартты) тарихтың оябына сия бермейтін, таптаурын тұғыр-ұстанымдарға келе бермейтін, көпке мәлімсіз рухани байлық қанша ауқымды? Қандай сипатты?
Елге жылда бір оралып соққан сайын, үлкендер қатарының сиреп бара жатқанын көз көріп жүретін. Расы керек, кезінде осыған пәлендей мән берген емеспіз. Кейінірек аңғара бастадым: әр бақиға ұзаған көнемен ол білетін, соның ғана жадында бар оқиғалар, аңыздар, ертегілер келмеске кетіп бара жатыр! «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген…
Өткен ғасырдың 70-жылдарының орта шені еді. Ол кезде осы күнгідей бәрін оп-оңай хат-хабарға түсіре қоятын оргтехника дегендер жоқ. Әлгібір ойларымның жүлгесін реттеп, қолмен жазылған жалғыз дана қағазды көршідегі «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінің редакциясына апардым. «Көршідегі» дейтінім, мен ол кезде Алматыдағы «Көк базардың» қарсы бетіндегі 9 қабат Баспасөз үйінің 6-қабатында, Фариза Оңғарсынова апамыз басқаратын «Қазақстан пионері» газетінде істеймін де, жаңағы жастар газеті бізден бір қабат жоғарырақ еді.
Сол кездегі газет редакторы, қателеспесем, Сейдахмет Бердіқұлов аға болуы керек. Редакциядағылардың біразы есімде қалмапты. Оралхан Бөкеевтің сонда істейтінін білемін. Марат та (Қабанбаев) бар сияқты… «Осылай да осылай, осындай бір жұмысты ел ішінде жүргізсек кәйтеді…» деген сияқты, сол, бір бет жазба төңірегіндегі ойларымды ауызша да қосып айтып, жазғанымды қалдырып кеттім.
Ол жапырақ қағаздағы ойлар былай болатын: «Мейлі, Алдардың аңызы, Қожанасырдың хикаясы. Тазша баланың қырық өтірігі сияқты желкенінен жел ескен дүниелер, тіпті біреудің дейді гәптен құраған өз «әлқиссасы» болсын, әйтеуір, елде бар сөз бен аңыздың бәрін қағазға қондырып алып қала беру керек. Адамның ойы дегенің ұшып бара жатқан керуен-құс – солардан бұйырғанын іліп қала алсаң алып қалдың, алмасаң, оның енді қайтып саған оралып соғуы неғайбыл нәрсе. Сондай тірлікпен жиналған сондайлық халық қазынасының «валовый сборын», кейін, сіз бен біз, әлде, болашақ ұрпақ, өз мүмкіндігі ретінде, бір жүйеге келтіре алады; онан талай алтын жүлгелер суыртпақтап, талай қажет пен қызықтарды теріп алуы мүмкін. «Жоқтан – бар жақсы» деген. Тереңнен терілген халық сөзі – ресми түрде «тарих» делініп, қағазға түскен көп стандартты дүниелерден кеңірек әрі қызықты, тіпті, бір тұрғыда мәнді де қордалы қазына болуы мүмкін…»
«Беймәлім тарихтар шақыруы» деп атадым мен мұны.
Мұндайды сол газет («Лениншіл жас») қана ұйымдастыра алатын еді…
Сонан соң, аллаһу-акбар иә, материалдан хабар жоқ, иә оны іздеген мен жоқ – сол жайт солайымен із-түзсіз кете барды. Іздеу де, сұрау да ойыма келмеді. Ол уақыт – мына кәллаға үздіксіз келіп жататын түрлі идея дегендердің төгіліп-шашылып жүрген кездері ғой… Жастық па, жауапсыздық па? Ол сонысымен солай кетті. Ешкімге кінә жоқ, әрине!
Кейін, Арал, Сыр мәселесімен елге біржолата келген соң, біраз уақыт өте келе, сол ойлар тағы айналып соқты. Сыр бойының ертегі-аңыздарына көптеп қаныға бастап едім. Бүкіл ел көлеміндегі көмбелі қазына болмаса да, Сыр бойында ғылым түренінің тісі жете қоймаған, ел ішінде тұнып жатқан аңыз-әпсана, шежіре-шертпелерінің молдығы басы ашық жайт еді. Сонау бір ұсынысты тағы да қайталап көрсем дедім. Енді Атырау – Алтай арасы емес, ол кең ая нақтыланыңқырап (дәлірегі, тарылып), Қаратау – Арал арасы болып қағазға түсті. Жергілікті бір газетте осы ойлар жарияланды да. Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің «Қорқыт ата» ғылыми орталығы, өз әлеуетінде сол жұмысқа ұйытқы болып, әрі дамытып жүргізетін болды. Қателеспесем, Қаратау бойынан (Жаңақорған жақтан) осы үндеу-шақыруға орай бір-жар жазба да келген сияқты. Бірақ, өкініштісі, бұл талап та ілгері жүрмеді. Мен сенім артқан жігіттер тарапынан құлық болмады ма? Жағдай айтып, сол жолда жүгіре беруге енді менің де уақытым аз еді.
Осы кітапты дайындау барысында сол материалдарды іздеп таба алмадым. (Алдыңғысын «Лениншіл жастан» іздестіріп сұраған да емеспін ғой…) Осынау ойларды, кітапқа дайындық жұмысы ретінде есімде қалған жүлгелерді қуалап, тірілте жазып отырмын.
Кейін, менің осы талпыныстарымнан көп кейін, елімізде «Мәдени мұра», дала жәдігерлерін жинау сияқты науқандар басталды ғой. Үлкен саясат бастаған науқан болғасын, қажырлы түрде көптеген жұмыстар атқарылды. Біразы көрнекі науқаншылдыққа ұласып та кетті. Ал енді, біздің сонау ой нағыз, таза халықтық жад, сөз, естелік қазыналарын жинау еді. Осы бір баянсыз да тұрлаусыз байлыққа әлі күнге шейін тиісті мән берілген жоқ, берілер де емес. Ал елдегі көнекөз қариялар азайды, сөйтіп жүргенде өзіміз де үлкендікке жеттік. Бізден алдыңғы толқын жақсылар арқалаған, солардың жад қойнында қатталған көп қазына келмеске кетті. Әлі күнге сол, майы таусылған шырағдандай лыпылдап өшіп бара жатқан «бейресми» тарих – халықтық қазына менің ойыма оралып соға береді. Ол – материалдық жәдігерлер емес, бар тарихты көкірек энциклопедиясы мен көңіл сандығында сақтай алған көнелердің уақыт пен саясаттар тосабы астында көмілумен ашылмай келген, ашылмастан кетіп жатқан, шымқай жабулы халық қазынасы. Халық сөзі…
Бәлкім, ендігі елде қалғанды ғайыпқа ұзатпай, барын бардай алып қалуға әлі де кеш емес болар. Өйткені, біразы әке сөзін, ата аңызын тыңдап өскен бүгінгі ұрпақ қасымызда, бүгінгі өмір өрісінде жүр ғой. Әрине, бұл ұрпақтың жадында бар сөз кешегі, алдыңғы толқын ұрпақтың көкірегіндегі шынайылық пен табиғилықты өз мәнінде қайталап жеткізе алмас. Бірақ сонда да болса… Жоқтан – бар жақсы… Ал жыл құсының керуендеріндей жылдар тоқтамастан өте бермек. Бұл өткен керуен-көш ішінде кеудесі алтын сандық, бірақ қазбалап сұрамасаң, өз бетінше көп сыр аша бермейтін талай көнекөздер, талай тарих куәгерлері, өз қазыналарын арқалаған қалпы фәниден өтіп жатыр. Өмір заңы десек те, бір өкініш бар осында. Ата-ана, әке-шеше қасымызда мәңгі-бақи жүре беретіндей көреміз ғой.
Біздің кейбір жайттарымыздағы ұйқылы марғау көңілдерді бұзсам деген, халқымыздың тылсымдағы жан дүниесіне тереңірек үңіліп, сезімтал аңдасақ деген бір талпыныс талабы осы іспетті болды.
Төменде осы талапқа орай, ел ішінен қанжығаға байланған бір-жар әлқисса.
Ғасырлар тереңінен өнген сыр
1973 жылы мен жұмыс істейтін «Қазақстан пионері» газетіне, сол кезде, бәлкім, аты көпке мәлімсіздеу антрополог-ғалым Ноэль Шаяхметов келді. Дегенмен, ол атағы әлемге мәшһүр болған антрополог Михаил Михайлович Герасимовтың (1907-1970) шәкірті еді. Онан да кеңірек қамтып айтсақ, белгілі мемлекет, қоғам және партия қайраткері Жұмабай Шаяхметовтың (1902-1966) ұлы болатын. Өзі Қазақстаннан тысқары жақта, сонау Мәскеу қаласында, бір бөлмелі пәтерде тұрады екен. Біздің газетке арнайы танысу, сыр бөлісу мақсатында келіпті. Газет редакторы Фариза апамыз ол кісімен сұхбат-сөзге бірден мені шақырды.
Бірегей ғылым адамы әңгіме барысында, ұстазы, әлемдік ауқымды антрополог М.Герасимов туралы бір қауым әңгіме айтты. Неандарталец деген алғашқы адам нұсқасын Мальта, Сібір обаларынан қазып алып, бет-әлпетін адам қалпына келтірген сол ғұлама екен. Ал ол кісінің Өзбекстан, Самарқанд сапарынан Ақсақ Темір, Ұлықбек, тағы басқа да тұлғалар кескінін «тірілткен» еңбектері – әлем мойындаған айтулы жаңалықтар еді. Антрополог еңбегі – инемен құдық қазғандай қиын тірлік. Бұл ғылымның тәжірибе арқылы жинақталып, ереже ретінде қалыптасқан тәсілдерімен жұмыс істеу зерделілік, мұқияттылық, төзім-табандылық, тынбай ізденушілік сияқты көптеген адами қасиеттерді талап етеді. Әсіресе, бас сүйектерде адамның тірі кезінде болған бұлшық еттер, сіңірлер әсерлері таңбаланған ерекшеліктерді сол сүйектер бетінен «оқып», соларды микрондық мөлшерде құрастырып шығу – зергер жұмысынан да нәзік, қиын іс. (Бүгін ойласам, тірлік-тұрмысымызға электроника-компьютер жетістіктері көп аса дендеп ене қоймаған сол уақыттағы бұл іспетті жұмыс қанша қиындық, төзім-табандылықтармен атқарылды екен?!)
Бір назар аударғаным, бұл ғалымның оң қолының бас бармағы, жарасыз-сызатсыз болса да, жасыл бояуы жуғанмен кете қоймайтын сұйық дәрі (шамасы, зеленка) түсімен қанық боялған еді. (Әлде, антрополог деген кәсіп иесі зеленкамен көп жұмыс істей ме?..) Етжеңді сары, сәл-пәл салдыр-салақтығы сезіліп тұрған, аңғал табиғат адам секілді көрінді. Сол кездесуде болған әңгімеміздің бар деталі есімде жоқ, бірақ жарты ғасыр өтсе де, ұмытылмайтын бір жайттар жадымда жақсы сақталып қалған еді.
Сондай бірегей кәсіп жолына түскен жас маман, алда істейтін жұмыс жоспарлары нобайында, негізі, Қазақстан тарихына, оның арғы-бергі кезеңдерде өткен елеулі тұлғаларына көбірек көз жіберіп, ойланып жүреді. Ақыры, тәуекелді таңдауы кешегі ХІХ ғасырда өмірі арпалыспен өткен жалынды жыршы, қайтпас күрескер Махамбет Өтемісұлына түседі. Ол кезде Гурьев облысы аталған, Индер ауданы Қараой ауылына келіп, қолында бар бір-жар рұқсат қағаздарына арқа сүйеп, батыр бейітін қазуға тәуекел етеді. Бірақ, сол істі бастамай жатып, күтпеген қарсылыққа тап болады – Гурьевтің сол төңіректегі көнекөз шалдары қамшы-таяқтарын көтере «аруақтап» келіп, мәйіт мазалап, ләһат қазушы ғұламаны сабамаса да, әпі-шәпісін шығарып, бұл маңға енді жоламастай етіп, ол төңіректен қуып шығады. КСРО-ның қызыл саясаты гүрлеп тұрған кез болса да, аруақ деген жұртшылық үшін бұл сондай заңды іс болатын – ол және анау-мынау емес, киелі аруақ Махамбет мәңгілік жайында жатқан жер ғой! Ноэль-ғалымның сонда Мәскеуден әкелген рұқсат қағазы да, облыс, аудан басшыларының алдарынан өткен ескерту-келісімі де еш кәдеге аспай қалған екен.
Сәтсіздікке тап болған ғалым біраз ойланады. Сонан, салып ұрып Алматы жетіп, Дінмұхаммед Меңліахметұлы Қонаевтың алдынан бір-ақ шығады. Озық ғылымның сөзі мен талабы қай уақыт, қай қоғам үшін де құрметтеуге лайық, қастерлі миссия ғой, Қазақстан басшысы батыс облыстағы ел ақсақалдарына өз қолымен басалқалы хат жазып, ғалымның жұмысын жалғастыруына өз тарапынан рұқсат береді. Елдің үлкендері бұл жолы Димекең сөзіне қарсы келмей, батыр бейітіндегі ғалым жұмысын жалғастыруына олар да өз рұқсаттарын береді. Соның өзінде қамшы-келдектерін қолдарынан тастамай, қорымды алқа-қотан қоршай жайғасып, білгендері Құран оқып, сол қариялар күн демей, түн демей сол жерде күзетте отырған екен.
Ғалымның айтуынша, жұмыс мұнан кейін кідіріссіз жүрген. Бірақ, бір қолайсыздық, батырдың жатқан жерінде мәйіттің басы жоқ болып шығады. Мұндай жайттың болмағынан ғалымның өзінің де қаупі болған: оның алдын ала батырдың ғұмыры мен соңғы сәт оқиғаларын зерттеуден біліп келген жайты – батырдың шабылған басы алғашында хан ордасына жеткізілген. Және сол жеткізілуде хан ставкасының оң жақ босағасына көмілген. Кейін хан Жайық өзенінде бір белгісіз жағдайда суға кетеді де, сол шамада, босағада көмулі бас әлгі орыннан жоғалғаны белгілі болады. Жанашыр дос-жарандары батырдың басын ол өзі жатқан лақатқа әкеліп, қосымша жерлеген деседі… Бірақ сол іздеулі дүниенің мәйіт жанынан табылмай қойғаны күтпеген жағдай және үлкен сәтсіздік еді.
Бұл істен тауы шағылып, мақсатынан күдер үзуге қараған жас ғалымға сонда ауылдың бір үлкені ақыл айтады:
– Аруақтың басы бұл жерден жоғалып кетуі мүмкін емес. Ол осы жерде жатыр. Кезінде ол әрекет – аса жасырын түрде, асығыс істелген жұмыс. Сондықтан әртүрлі жағдай болуы кәдік… Лақаттың бас жағын кеңейтіп, төңірегін қамтыңқырап қарау керек.
Ғалым ақсақал ақылына құлақ қояды. Бұл әрекеті расымен сәттілік әкеледі: кезінде келетелеп, кең етіп қазылған лақаттың бас жағынан, 70 сантиметр бірбүйірлеу жерден батырдың басы табылады. Шамасы, қысылтаяңда істелген сол амалдан (батыр басын құпия түрде қосымша жерлеу) бас сүйек кең лақаттың бір шетіне қарай аунап кетсе керек…
Батырдың мойыномыртқасында өткір затпен шабылған соққы іздері болған. Жақ сүйегіне екі рет тиген қылыш ізі де таңбаланып қалған. Және бір байқалған жағдай: батырдың оң жақ жамбасының ұршық сүйекпен жалғасқан шұқыршығында жаман сырқат (сүйек обыры) пайда бола бастаған екен. Расында да, егде тартқан шағында батыр оң аяғынан сылтып басатын сырқат белгісін сездіре бастаған. Мұнан кейін антрополог-ғалым ұстазы М.Герасимовтың тәсілімен батырдың бет-әлпетін қалпына келтіру жұмысына кіріседі.
Өткен ғасырдың орта шенінде өмірге келіп, бүгінгі жұртшылыққа кең танымал болған әйгілі Махамбет бет-бейнесінің тарихы осылай туған екен.
Н.Шаяхметов мұнан әрі, күй атасы Құрманғазының бақилық жайына барғанын әңгімеледі. Исатай-Махамбет көтерілісіне «Кішкентай» күйімен үн қосқан, сол кездегі жасөспірім Құрманғазының өмірі де сонау ХІХ ғасыр аясында жатыр. Бұл ардақтымыздың бақилық мекені Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданында екені белгілі.
Күйші бейітіндегі жұмыста пәлендей қиындықтар болмаған. Тек бір ерекшелік, Құрманғазы лақатының беті тым ауқымды да қалың, тұтас жайма темірмен жабылған екен. Ғалым іздеулі мақсатына жету үшін сол жалпақ жабынды темірдің шетінен ін қазып, темір астымен тоннель-жол тартып, күйшінің бақилық жайына бір қапталынан жетуге мәжбүр болады. Даңқты күйшінің біз осы күні көріп жүрген бет-әлпеті сондай еңбек нәтижесінде қалыпқа келтірілген. «Құрманғазы аса келбетті адам болған, – деді Ноэль Шаяхметов. – Оның келімді жүзінен ғажайып күйлерінің сарыны есіп тұрғандай бір сезім болды менде. Және бір ерекшелігі: күйшінің саусақ сүйектерінің ұшында пайда болған кәдімгі сүйек сүйелдері бар екен…» Әңгіме тыңдаушы мені осы сөз аса қатты таңғалдырды. Көп қара жұмыс істеген адамның алақанында (етінде) сүйел болады. Ал сүйекке сүйел біткен дегенді естуім мына өмірде бірінші, бәлкім, соңғы рет болар! Даңқты күйшінің құлақ құрышын қандыра туа қалғандай дүниелерінің астарында қандай сүркіл еңбек жатқан! Бізге заттай да, рухани да тұшымдылық беретін толымды еңбек жемістері, оның ішінде, астары көзге көп байқала бермейтін өнер зейнеттері де сондай бейнеттен туындайтынын біз аңдаймыз ба?
Ғалым Ноэль Шаяхметов ғасырлар тереңінен шым-шымдап өнген бұлақ суындай көп сыр өндірді сол күні. «Рұқсат ала алсам, Абай-дананың бейнесін жасағым келеді. Әрине, оның тарихи нақты фотопортреті бар, бірақ сол бейнені өзім қайта қалпына келтіру – маған бір арман! – деді ол сөзінің соңына қарай. – Және мүмкіндік болса, Қозы Көрпеш – Баян сұлудың бет әлпеттерін жасағым келеді. Солай, мың жылдық тарихқа бойлай алсам деген арман үлкен! Алға қойған жоспарлар өте көп…».
Әңгімеміз осымен тәмамдалды. Бұл ғалыммен онан кейінгі байланысымыз жалғаспай қалғанын өкінішпен еске аламын. Сол сұхбатты газеттер тігінділері республиканың Кітап палатасында сақтаулы тұрған болса, бұл хақында материал 1973 жылғы «Қазақстан пионері» газетінде бар болар.
P.S. Осы әңгіменің бас-аяғын сол шамада Алматыға келіп, жазуды жаңа бастап жүрген жас-талап жазушы Рақымжан Отарбайұлы ініме айтқан едім…
Парадарайя сақтары
Көне тарихта мына кең даланы жайлаған сақтар әлемінің қалыңында біз өзіміздің түп-тегімізге ең жақын тиграхауда, хаомоврга сақтары мағлұматтарынан біршама хабардармыз. «Скиф» (грекше), «сақ, саға» (парсыша), «ерен ерлер» (түркіше) аталған, бұдан 2-3 мың жыл бұрын Еуразия кеңістігінде адамзат тарихын жалғаған сол ежелгі халық – біздің арғы тек бабаларымыз еді.
Сол халықтардың қатарында аты әлденеге сиректеу аталатын парадарайя сақтары да өмір сүрген. Ғылыми негізді жорамалға бақсақ, олар Арал теңізі маңында, Сыр мен Әмудің құярлығында өмір сүрген деуге болады. Өйткені, «парадарайя» атауы – «судың маңындағы, арғы бетіндегі сақтар» деген ұғымды білдіреді. («Тьяй-парадарая» сақтары деген де аты болған). Сонау жұрттардың өмір сүрген алабын әлгі аталған Тұран сулары жағрафиясына сілтемелеуге жалғыз себеп тек бұл ғана емес. Зерделі көзге «парадарайя» атауында аса мәнді тарихи-жағрафиялық екі «ишара» (подсказка) бар:
Біріншісі: «Пара(д)…» – «фирдаус», «парадиз» – «жаннат» ұғымының (арабша, иран-еуропаша) түбір тегіне ұқсайды. Демек, сонау, бабалар заманында екі дария алабы, Арал маңы пейіш сынды болған деп қайталаудың тағы бір реті бар. Бұл орайда «пейіш» (түркі текті сөз) деген ұғымды негізсіз алып отырғанымыз жоқ. Бұл, ең алдымен, ежелгі «арийлер пейіші» («арьяна вэйджа») деп, Заратуштра бабамыз бейнелеп, бар қасиетін хатқа түсіріп кеткен ежелгі осы өлке сипатынан тағы бір мәлімет деу керек. Ол кездері жер бетінде басқа пейіш аты аталмаған. Және бұл анықтауыш сонан кейін де біраз уақыттар бойы үзілмей жалғасқан, сол игі болмыстың тарихи сабақтастығын бейнелеуші ұғымы болуы мүмкін. Яғни, «қос өзен алабы – берекелі өлке, сыңсыған ел болған, ұшқан құс үй шатырларына қона отырып, бір дариядан екінші дарияға жеткен» деген бергі тарихтың бейнелі сөзі де осы дерек-дәйектен тамыр тартып жатуы мүмкін.
Ілгергі тарихта да, кейінгі тарихта да Тұран өз төрінде өмір сүрген халықтардың нағыз гүлденген отаны болған.
Екіншісі: Дүние жүзінде өзен көп. Ал солардың ішінде «дария» деп аталу мәртебесіне ие болған өзен екеу ғана. Ендеше, Әму+дария мен Сыр+дария суларының жағрафиялық атауын айқындап кеткен жұрт та – осы бабалар. Пара+дарайя атауының екінші құрамдас бөлігі, осы, эксклюзивті «дария» ұғымының негізі деу керек.
Ендеше, бұл жер – «пейіштегі дариялар» өлкесі немесе «пейішті дариялар» өлкесі – «Парадарайя» деп аталған. Мұның бізге жетіп мәлім болған бергі түркіше және қазақша атауы – Жиделібайсын.
Парадарайя халқының өмір сүрген кезеңі, шамамен, бұдан 2200-2800 жылдар бұрын.
Бұл халықтың негізін құраған рулық одақ – массагеттер. Осыдан 2530 жыл шамасы бұрын парсы патшасының басын алған Тұмар апамыз сол жұрттың қызы еді…
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
эколог-жазушы
Аралға түстің араша
Ұлысың – Ұлы даланың,
Таудай болды талабың.
Ұштала түсті үздіксіз,
Қаршадай кезден қаламың.
Жасыңнан барлап барлығын,
Уақыттың біліп тарлығын,
Аралға түстің араша,
Теңіздің ойлап тағдырын.
Теңіздің суы сарқылса,
Табаны кеуіп тартылса,
Әлемге тиіп зардабы,
Не болар еді артынша?!
Сол кезде сезіп ар жағын,
Бағамдай келіп бар жағын.
Жайып салдың жаһанға,
Залалы мен зардабын.
Қатысып түрлі жиынға,
Сөйледің талай жиында.
Кездер де болды тірелген,
Кейде тым тіпті қиынға.
Сондағы тірлік ең ізгі,
Көлемді өте кең ізгі.
Сендегі тек бір мақсат –
Сақтап қалу теңізді!
Сезімің болды сенгенің,
Орасан сенің еңбегің…
Қазір халық көріп жүр,
Теңіздің қайта келгенін.
Орасан ерен еңбегің!
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,
ҚР ІІМ-нің еңбек және құрметті ардагері, Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<