Әсіреқызыл тез оңар

981

0

Сурет ашық дереккөзден

Жақында әлеуметтік желіде белгілі блогердің Қытайдың шайн мускат жүзімін жеген видеосы миллиондаған қаралым жинады. Артынша жүзім трендке айналды. Көпшіліктің әлгіні сатып алып, асмр жасаған бейнероликтері желіде тез таралды. Бір-бірінен көргендер іліп әкетті. Бағасына, сапасына, қайдан келіп жатқанына мән берген жоқ. Тек жұрттан қалмау керек. Шайн мускатқа дейін Дубайдың шоколадын трендке айналдырдық. Қалта қағатын тәттіні де таласа алды жұрт. Дәмін көрді, қолдан жасады. Бірақ көпшілігі ұната қоймады. Дегенмен сауданың көркін қыздырды. Кәсіпке икемі барлар тапсырыспен Дубайдан алдырып, біраз пайдаға кенелді.

Жергілікті жүзімнің шайн мускаттан еш айырмашылығы жоқ. Керісінше, адам денсаулығына әлдеқайда пайдалы. Емдік қасиетке де ие, сапасы да сенімді, бағасы да қолжетімді. Балаларға да қорықпай беруге болады. Ал сырттан келген, құрамы туралы нақты дерек жоқ өнімді жаппай тұтынуға не себеп? Көрсеқызарлық па? Әлде елден қалмау сән бе? Тапсырыс беріп алдырғандағы мақсат – жегенін желіге жүктеу. Осы тұста тұтынушылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі жеуге болады деді, енді бірі сапасына сенім жоқ екенін алға тартты. Үшінші топ бір рет тұтынғанға қауіп төне қоймас деп топшылады.

Осы жүзімнің саудасы қалай жүріп жатқанын көру үшін жеміс-жидек сататын дүкенге кірдім. Өзім де дәмін көріп, көкейдегі сұраққа жауап алғым келді. Шағын қалтасын сатып алдым. Жақсылап жуып, дәмін көрдім. Біздің жүзімнен дәмі сәл бөлектеу. Көлемі үлкен, сүйексіз. Көңілде күдік болған соң бір екі-үш данасын жегеннен кейін әрі қарай татып алмадым. Сөре шайн мускатқа толып тұр. Сатушымен әңгімелесіп едім, уақытша құбылыс екенін, көпшіліктің қызығушылығы басылған соң бағасы арзандайтынын айтты.

– Неше жылдан бері жеміс-жидек сатумен айналысып келемін. Саудамыз бірқалыпты. Бірде келушілер Қытайдың жүзімі жайлы сұрай бастады. Не екенін желіден білдім. Бұған дейін де әкелінген, бірақ ол кезде сұраныс болған жоқ. Жеткізуші серіктесіме хабарласып, тапсырыс бердім. Бастапқыда бағасы аса  қымбат емес еді. Екі-үш қорабын ғана алдырдым. Сенесіз бе, бір күнде өтіп кетті. Осылайша тапсырыс көлемін ұлғайттым. Дәмінде ешқандай ерекшелік жоқ. Кәдімгі жүзім. Бірақ етті әрі тығыз. Келісін  11 мың теңгеге дейін саттық. Бірақ алушылар бағасына қарап жатқан жоқ. Ыңғайлы қаптамасы бар, бір сабағының өзі  жарты келіге жақын. Тұтынушы дүкенге кіргенде «хит жүзім бар ма» деп сұрайды алдымен. Алғашқыда қызық үшін бәрі де алады ғой. Уақыт өте келе сұраныс азаяды деп ойлаймын, – дейді ол.

Қала тұрғыны Самал Жандарбекованың Дубай шоколады мен шайн мускат туралы ойын білдік.

– Шоколадты балаларым интернеттен көріпті. Дәмін татайық деп қоймады. Тәтті сататын дүкеннен тапсырыспен алдырдық. Қымбат, амал жол тапсырыс бердім. Бағасына татымайды екен. Сонша қаражат құртқаныма өкіндім. Бастысы, балалардың көңілі ғой дедім. Одан өзіміздің «Қазақстан» шоколадының дәмі керемет. Жастар әсіреқызылға әуес ғой. Бәрі де қызық үшін. Енді шайн мускат деген шықты. Әрине, дәмін таттық. Желідегі бейнероликке қарап, бала тұрмақ өзіміздің де аңсарымыз ауды.  Дәмі тәтті де емес. Бір жегеннен кейін балаларым тағы да әкелуді сұрады. Бірақ рұқсат етпедім. Себебі, әлеужеліде түрлі ақпарат тарап жатыр. Зиян екенін, химикаттар қосылғанын жарыса жазуда. Сондықтан енді пайдасы жоқ өнімді тұтынбаймын деп шештім. Оның орнына өзіміздің жеміс-жидекті алып беретін боламын, – дейді ол.

Ал белгілі кәсіпкер, бірнеше дүкен желісінің иесі шайн мускат жүзімін сатудан бас тартты. Көпшіліктің көзінше қоқысқа тастады. Себебі, әрбір өнімін тексерістен өткізіп барып көпшілікке ұсынатын ол жүзімнің құрамына күмәнмен қараған. Сол себепті сауда сөрелерінен алып тастады. Видео желіде тарап, бірі қолдаса, енді бірі «есіл ақша желге ұшты» десті.

Осы жеміске қатысты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пікір білдірді. «Өнімдер елге келгенде, біз олардың стандартқа сай екендігін тексеру үшін барлық сертификатын қараймыз. Олар міндетті түрде біздің сынамадан өтіп, зертханаға жіберіледі» деді. Тексеруге жіберіп, нәтижесін айтатын болды.

«Жоқ, оны әлі сынап көрген жоқпын. Бұл жүзімді тексеріп көрейік. Шекарадан өткен болса құжаттары, анықтамалары бар деп ойлаймын. Егер жасырын жеткізілсе, басқа мәселе. Комитет төрағасына тапсырма беремін. Ол үлгісін алып, тексеріп көрсін» деді. Енді министрдің жауабын күтеміз. Зерттелгеннен кейін сан сұраққа жауап табылары сөзсіз.

Деректерге сүйенсек, жемісті алғаш жапон шаруалары ойлап тапқан. Бұл– мускаттың екі түрін будандастыру арқылы өсірілген өнім. Қазір жүзімді Оңтүстік Корея мен Қытай да өндіреді. Қазақстан нарығына көбіне қытайлық жүзім тасымалдануда екен. Ал маркетолог мамандардың ойынша жүзімнің айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Оған сұраныстың күрт артуына «TikTok» желісі ықпал еткен.

Дәміне таңдай қақтырған Дубай шоколадының құрамында кездесетін қоспалар жайында дәрігерлер жақсы жаңалық айтпады. Одан калория мен майдың артық мөлшері анықталған. Бұл диарея, асқазан қыжылы және іштің кебуі сияқты проблемаларды көбейтеді екен. Тәттіні көп тұтынса, артық салмақпен күресу қиындайды. Шоколадтағы қанттың жоғары концентрациясы қант диабеті бар адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайтынын да жеткізді. Бұл тәтті аллергиялық реакция тудырмаса да, асқазан-ішек жолдарына зиян болуы әбден мүмкін екенін ашып айтты.

Тиісті сала мамандары қанша айтқанымен құлақ асып, тыңдап жатқан ешкім жоқ. Кей деректерге қарағанда Дубай шоколады трендке айналған кезде әлем бойынша минутына 100 данасы сатылған. Шайн мускатқа деген сұраныс та сатушылардың саудасын қыздырып тұр.

Қазір жастар арасында «тренд» деген ұғым қалыптасқан. Кез келген дүниені насихаттауға ықпалы зор.  Олар өзгеше контент жасау арқылы танылады. Міне, соның салдарынан жаңа дүние ойлап табады. Дубай тәттісі мен шайн мускат та – сондай контенттің бірі. Бір ғана асмр бейнежазбасы адамдардың тұтынып көруге деген құштарлығын оятты.

Мақаланы дайындау барысында  Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік инспекция комитетінің шайн мускат жүзімінің ағзаға зиянын анықтау үшін жасаған зертханалық талдауының нәтижесі белгілі болды. Жемістен адам денсаулығына қауіпті зиянкестер анықталмаған. Талдау қорытындысы бойынша жүзімдегі нитрат деңгейі 13,7 миллиграм/келі. Бұл көрсеткіш өнім үшін рұқсат етілген нормаға сай екен.

Көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап табылған секілді. Дегенмен өзгенің өнімін трендке айналдырғанша, өз өнімімізді қолдауды ұмытпайық.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<