Еңбегі ерен ел ағасы

365

0

Ұзақ жыл бойы байланыс саласында қызметте болып, ел еңсесін көтеруде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Әбдіхан Көбеев туралы көргеніміз бен көңілге түйгенімізді таразыға салар болсақ, туабітті тектілігіне, қарапайым қалпынан айнымай жүрген азаматтығына тәнті боласыз.

Иә, Әбекең 1934 жылы ақ қайраңда сары сазаны тулаған, ақ шағаласы шулаған Арал теңізі жағасындағы Арал қаласында өмір есігін ашты. Ата-бабаларының қоныс тепкен орны – «Құмбазар» ауылы. Бар-жоғы отыз шақырым қашықта уезд орталығы – Қазалы қаласы қоныс тепкен. Осыдан-ақ ауыл азаматтарының ой-өрісі мен талғамы кеңдігін, яғни тіршілік үшін күреске бала жастан талпыныс жасайтынын байқауға болады. Әбекеңнің кіндік қаны тамған жердің табиғатындай болып бітім-болмысы мен қадір-қасиеті қалыптасты. Содан болар, кезіндегі Арал теңізінің маржанындай мөлдір, қиырсыз көкжиегіндей кеңпейіл, теңіздің тау іспеттес ақбас толқындарындай асқақ азаматтығы бүгінге дейін айшықталып келеді.

Оның балалық шағы ашаршылықтың ызғары әлі қайта қоймаған, соғыстың қиын жылдарымен тұспа-тұс келді. Шабақ аулап талғажау етіп, сорпасымен тамақ жібіткен күйбең күндер өтті. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып-ақ қолына күрегін, иығына кетпенін артады. Құрқылтайдың ұясындай қуыс үйде сауат ашқан ол қысы-жазы балық аулап, жазда пішен, қыста қамыс орып, «адам бол, балам!» деген әке аманатын арқалаумен жүрді.

– Әкем Жұмахмет мұғалім болып жүргенде қараша үй, аттың ерін, тағы басқа алуан түрлі тұрмыс бұйымдарын жасайтын. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, мен де мектепте жүргенде ұсталықпен айналысып, есік-терезе, сандық соғып, содан табыс тауып, отбасымызды асырауға өз үлесімді қостым, – деп еске алады ол.

Мектеп бітіргеннен кейін Әмірхан інісіне: «Сен енді оқымайтын болсаң, ұсталықпен айналыс, ертең бала-шағаңды асырайсың ғой» деп құрал-сайманын табыс етіп, өзі 1955 жылы Ташкент қаласына жол тартады. Орта Азия политехникалық институтының «Тау-кен» факультетіне оқуға қабылданды. Ал 1956 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия елдеріне маман даярлайтын электротехникалық байланысшылар институтының екінші курсына ауысып, 1960 жылы ойдағыдай тәмамдап, туған топырағына оралды.

Әбекең Ташкентке жетіжылдық білім алған Зәуреш есімді аруды да ала келген. Зәуреш осындағы техникумнан есепші-қаржыгер мамандығын алған соң, жолдамамен Қарағанды қаласына жұмысқа жіберілмек. Балалық шақтан бір-біріне деген сүйіспеншілігі бар екі жас 1957 жылы бас қосып, шаңырақ көтерді.

Иә, ол кезде екінің бірінің қолы жете бермейтін мамандық алған Әбдіхан Көбеев туған топырағының байланыс саласы басшылығында 34 жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп, еңбегі ерен ел ағасы атанды. Ол еңбек жолын 1960 жылы байланыс инженері қызметінен бастаған.

– Бұл кезеңде байланыс саласының жай-күйі мүлде көңіл көншітпейтін. Қаладағы небәрі 300 нөмірлік бір телефон станциясына 750 абонент қана қосылған екен. Мен қызметке келген жылы Байланыс министрлігінің қолдауымен облыс орталығына жаңадан 20 коммутатор қондырылып, 1200 нөмірлік телефон станциясы іске қосылды. Станцияны монтаждау жұмыстарына өз үлесімді қостым. Сіңірген еңбегімнің жемісі болар, станция қала тұрғындарына пайдалануға берілген күні облыстық байланыс басқармасының бастығы А.Мұстафин мені Арал аудандық байланыс конторының бастығы қызметіне жіберді, – дейді ол.

Ол кезде Арал ауданы аймақтағы өндіріс орындары бар іргелі аудан еді. Бірақ телефон, телеграф, радио, радиостанциялардың әбден тозығы жетіп тұрған. Әбекең көп ойланбастан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбжәми Байшуақовтың қабылдауында болып, байланыс конторының халыққа қызмет көрсету жағдайының ешқандай сын көтермейтінін, не істеу қажеттігін бүкпесіз баян етті.

Оның бастамасымен аудандық байланыс саласының жаңарып, ұлғайтылу кезеңі бастау алды. Алдымен жаңа жобамен салынған ғимарат пайдалануға берілді. Бұған дейін елді мекендерге газет-журнал, сәлемдеме «АН-2» ұшағымен, 4-5 машинамен таратылып келсе, енді әскери катер алынды. Теңіз жағалауындағы ауылдарға кесте бойынша байланыс қатынасы орнап, сол мекен тұрғындарына аудан орталығына келіп-кету мүмкіншілігі жасалды. 1920 каналдық кабель құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыс аяқталысымен ғимаратқа 3000 нөмірлік АТС, радио, телеграф техникалары орнатылып, аудан халқының сұранысы өз шешімін тапты. Сондай-ақ 1965 жылы облыста тұңғыш рет 500 нөмірлік АТС Арал қаласында іске қосылады. Ал 1968-1970 жылдары Қызылорда қаласынан кейінгі екінші телеорталық Арал қаласына қондырылып, аудан халқы теледидар көретін жағдайға жетті.

Әбдіхан Көбеевтің 1961-1970 жылдары Арал ауданының байланыс саласын басқарғанда атқарған ауқымды істерін санамалап шығу әсте мүмкін емес. Осы бір ерен еңбегінің жемісі болса керек, 1970 жылы Әбекең облыстық партия комитетінің шешімімен Қызылорда қаласының біріккен байланыс конторының басшысы қызметіне тағайындалды.

Оның басшылығымен қала байланысында да нақты істер көріне бастайды. Нақтылай айтар болсақ, ол басшылық қызметке келгенде облыс орталығында бар-жоғы 4000 нөмірлік жалғыз АТС жұмыс істеп тұрса, 1970-1978 жылдары АТС-2, 3, 4, 5, 6 телефон станциялары орнатылып, тұтынушылар саны 28 мыңға жеткізілді.

1979 жылы оның толымды тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін ескерген басшылық облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасының басшылығына бекітті. Бұл жауапты қызметті 16 жылдан астам уақыт атқарып, ел-халықтың алғысына кенелді. Республиканың 19 облысының ең соңында жүрген аймақтың байланыс жүйелерін қалыпқа түсіруге зор еңбек сіңірді. Қала, аудан орталықтарында жаңа типтік ғимараттар салынып, оған жаңартылған техника, құрал-жабдықтар орнатылды. Арал, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарында жаңадан ғимараттар салынса, Тереңөзек, Қазалы аудандарындағы ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өткізіліп, кеңейтілді. Елді мекендерге 50-300 нөмірлік шағын АТС қондырылып, 107 ауылдың тұрғындары аудан, облыс орталығы және еліміздің басқа қалалары тұрғындарымен тікелей сөйлесу мүмкіндігіне ие болды. 1984-1985 жылдары шалғай елді мекендерге спутник арқылы көрсететін теледидар қондырғылары орнатылды. Осының арқасында жаңадан ашылған облыстық телерадиокомитет бағдарламалары барлық ауданға таратыла бастады.

Әбекең 1984 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен», 1986 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Ал 1994 жылы «Қазақстанның Құрметті байланысшысы» атағын иеленді. «Еңбек ардагері», «Арал ауданының Құрметті азаматы», «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» атақтары да бар, 25 жылдан астам уақыт бойы аудандық, қалалық, облыстық партия комитеттерінің пленум мүшесі және аудандық, қалалық, облыстық кеңестің депутаты болып үздіксіз сайланып, ел сенімінен шыққаны азаматтығының арқасы болар. Сөз орайы келгенде осындай айтулы азаматқа облыстың Құрметті азаматы атағын беру туралы ойымызды ортаға салғымыз бар.

Әбекең 1957 жылы институт қабырғасында жүргенде Зәурешпен шаңырақ көтергенін жоғарыда жазғанбыз. Ол кісі күн-түн демей жұмыста жүреді, ерте кетеді, кеш келеді. Содан болар алғашында Зәурешті әйелім десе, кейіннен ақ Зәуреш, ақыр соңында «мамасы-ау» деген ат қойды. Ерінің алтын басын төрге шығаруға бар ғұмырын сарп еткен әйел-анаға қандайда бір болмасын ат қойып, атақ беру әбден орынды. Өкініштісі сол, 2013 жылдың қыркүйек айында Зәуреш дүниеден озып, Әбекеңнің өзегін өртеп кетті. Шүкір, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бүгінде немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отырған жағдайы бар.

Бізде Әбекеңнің тумысына тән қасиеттерін қадір тұтамыз. Тоқсан жасқа келсе де ұдайы ізденіп, істің көзін тамыршыдай танып жүреді. Төзімділігі қандай, жігері жасымайды, бірақ телегейдей тасымайды.

Бұл өмірден Құдай қосқан қосағы мен бауыр еті баласы мезгілсіз кетіп, арпалысқа түсті, мойымады. Басқа адам болса, жасып-жаншылып, кеудесін жерден көтере алмай қалар еді, ал Әбекең қайғыны көтерді. Тегінің амандығын, әулетінің бірлігін, перзенттерінің бақытын қорғауға арқа тосты. Ұрпақтарының ғана емес, бүкіл ел-халықтың амандығына тілекші.

Сөз соңында айтпағымыз, Әбдіхан Көбеев бүгінде 90 жастың төріне шықса да, жүріс-тұрысы, сөз саптауы баяғыдай қаз-қалпында. Біз Әбекеңе осылай жүре бергейсіз, еңбегі ерен ел ағасы деген ақ тілегімізді айтамыз.

Құдайберген САРЖАНОВ,

Биғали ҚАЮПОВ,

мемлекет және қоғам қайраткерлері,

Қызылорда облысының Құрметті азаматтары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<