Мезгіл отымен маздаған жырлар

385

0

Қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі бар ақын, Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Арал перзенті Толыбай Абылаев – «Арал көшіп келеді», «Арал атлантидасы» секілді жыр кітаптарымен биік ақындық қарымын танытқан қаламгер.

Теңіз жыршысы биыл жетпіс жасқа толып отыр. Оның өлеңдеріндегі оймақтай ойдан ұшқындаған от кез келген кеуденің сезімін маздатып әкететін қасиетке ие.

Біз бүгін ақын мерейтойы қарсаңында оның балладаларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

МҰҚАҒАЛИ МЕН ЗЕЙНОЛЛА

Бірі – Алатау,

телегей теңіз – бірі,

Екеуінің ел жайлы егіз жыры.

Бірде Сырға келіпті сырласуға

Мұқағали мақсатпен ең ізгі ұлы.

Танып-біліп өлеңнен талай атын,

Зекең жайлы білігі молаятын.

Ақмешітке түсіпті тұңғыш рет,

Атыраудан қайтқанда жолай ақын.

Мезгіл болса шіліңгір шілде күні,

Жарық көрген Сыр жайлы бірде жыры.

Ілияс пен Сәкенге ілгеріде,

Қоныс болған осынау Сыр жері ұлы.

Қыр асса да қырық жыл бері сонан,

Құлшындырды сол жылдар мені соған.

З.Шүкіров болатын он жетімде,

Өлеңіме ашқан ол өріс ағам.

Атағы жоқ ол кезде жер жаратын,

Қыран әлі жаймаған кең қанатын.

Зейнолланың үйіне бірінші рет,

Аттың басын бұрыпты сол жолы ақын…

Оралмайды ешқашан өткен шағым,

Жерге сыймай жүретін көкте арманым.

…Мұқағали аттады баспалдақпен,

Балағының бір сілкіп бөккен шаңын.

Жіберген жоқ уақыт ұмыттырып,

Кеудесінде ақынның үміт күліп,

Антон Чехов бірінші үй есігінің,

Қоңырауын басыпты тұрып-тұрып.

Ақмешітте жайраңдап жаз қабағы,

Жүрегіне жыр тұнып, саз қонады.

Есік ашқан баладан қалқан құлақ,

Зекең барын есітіп мәз болады.

Қалқан құлақ лезде танымаған,

Кіреберіс жарыққа жарымаған.

Жалт қараса жай басып Алатаудай,

Кіріп келе жатты үйге алып адам.

Ағасы ақын,

ақынның несі бөтен?!

Келеді Абай ізімен көші бекем.

Мұзарт шыңның сияқты мұзбалағы,

Мұқағали мәссаған, осы ма екен?!

Күтеді адам үрзада үмітті алдан,

Апыл-ғұпыл сәтінде кіріп барған.

Зерек ойлы Зекеңнің мысы басып,

Мұқағали бір сәтке тұрып қалған.

Зекең айтты миықтан күліп алып:

– Теңіз толқын атады ыңыранып.

Сол теңіздің түбінде жатады алтын,

Балық көзге ілмейді мұны нағып?!

Терең бойлап қарасақ себебіне,

Ел бағасын береді өнеріңе.

Ең әуелі сондықтан ел-жұртыңның,

Жарата біл жиғанын керегіңе.

Болады адам бағы мен бейнеті егіз,

Түбімізге жетеді кей қатеміз.

Сенің жырың Алатау асқақтаған,

Менің жырым – тұңғиық бейне теңіз.

– Ақылына тамсанған талай текті,

Бәрі өткінші…

Беймарал Абай да өтті.

Сол Абайды сабаған өзіміз ғой,

Өкпелеме өзіңе!

… солай депті!

Солай депті ұстазым ұлы ақынға,

– Сыналады мықтылар сұрапылда.

Сол биікке шығады арып-ашып,

Болса кімнің адалдық мұратында.

Мұқағали сонан соң жайлап қана,

Депті: – арамшөп өседі қай бақта да,

Оны жұлып құртпаса бұл бағбанның,

Осалдығы емес пе,

Ойлап қара!

Жалын болып лауласа жыр кеудемде,

Мен еркелеп жүремін бір көргенде.

Қара өлеңнің емес пе қасиеті,

Тереңдік пен биіктік білгендерге.

– Ой-танымың әлгі айтқан дұрыс, Зеке,

Кейде алтыннан өтімді күміс, көке.

Таудай талант бұйырған таланына,

Тағдырыңыз ұқсайды құрышқа өте.

Осал емес!

Танытты тектілігін,

Отырмастан төкті кеп отты жырын.

Сынық қанат қырандай сыршыл ақын,

Құшағына көміліп кетті мұның…

Мұқағали мұзбалақ мәз болғасын,

Жақұт жырмен көмкерді сөз жалғасын.

Тілге оралды төкпе ақын Төлеген мен,

Отты жыры өзгеден озған Қасым…

… Атағы жоқ ол кезде жер жаратын,

Қыран әлі жаймаған кең қанатын.

Шүкіровтың үйіне осылайша,

Аттың басын тірепті сол жолы ақын.

Қармақшыдағы кездесу

Бұл жырымды өткен ғасырдың сексенінші  жылдары Қармақшы ауданын басқарған  ел ағалары Елеу Көшербаев пен Болатбек Сүлейменовтің рухтарына арнаймын.

Автор.

… Мамыражай болатын майса мамыр,

Мәуе гүлдеп жатқан кез жайса тамыр.

Атағымды асырып алты Алашқа,

Алматылық ақын қып қойса Тәңір.

… Өстіп шомам қиялға ойша небір.

Бастықпаған тұсы әлі қаламымның,

Таудан беті қайтпаған талабымның.

Қармақшыға келгенін атақты ақын,

Редактор Амановтан жаңа білдім.

Шапағаты талайға тиген адам,

(Әзекеңдей бүгінде сирек адам),

Аупарткомның шешімін айтты бастық,

Үкілі үміт артқандай бейне маған.

– Әр сәт мұны жадыңа түй, жарығым,

Алла текке бермейді сый-дарынын.

Алматылық ақынға қосшы қылған,

Аупарткомның ұмытпа ұйғарымын.

Өн бойымда гольфстрим ағысы өтті,

Бастық маған ашуын тағы төкті.

Сүлейменов хатшыға сонан кейін,

Сүйреп әкеп қолымнан табыс етті.

Бет-жүзіме бір қарап сынай мені,

Сүлейменов Болатбек былай деді:

– Шахановтың көре алмай шапағатын,

Алматыда ақынның жүр-ай көбі…

Жастық шақтың қызықты күндері көп,

Аупарткомнан шыққан соң ілгерілеп,

Бөкең хатшы бастады қонақүйге,

– Шахановқа барамыз, жүр бері,– деп.

… Естеліктер есімде тұр көптеген,

Жаңа қанат қаққан мен жыр кептері ем.

Қармақшының басшысы Көшербаев,

Қонағы екен әлгі ақын құрметтеген.

Көшербаев болатын жан-жақты адам,

Саналы істі тек қана салмақтаған.

Қорқыт ата тұрғызып кесенесін,

Ақындарын айрықша ардақтаған.

Ізгі адамның ісі еді мұның бәрі,

Шешен еді сөйлесе шынындағы.

Тегін емес әйтеуір бүйрегінің,

Шахановтай шайырға бұрылғаны.

Елекеңнің ел біткен ет жақыны,

Көшелі еткен керексе көпті ақылы.

Көп күттірмей  шақыртқан

Мұхтар сынды,

Қармақшыға сүйікті кепті ақыны.

Атақ-даңқы ол кезде бұлтқа жақын,

Өлеңіне айызы жұрт қанатын.

Көшербаев шақыртқан келді осылай,

Қармақшыға Шаханов Мұхтар ақын.

Бір хатшысы аупартком Бөкең ағам:

– Тайыз болса талабың өте жаман.

Деп жеңімнен сүйрелеп сыртқа ап шықты,

– Мақсатына жігерлі  жетеді адам.

Тосады әлі асулар жолда құзар,

Отыздағы шағың бұл орда бұзар.

Шапағатын көрмесе алтын күннің

Сөгілер ме Сырдың да онда мұзы ал.

Лауламайды ұшқынсыз онда жалын,

Жасық болсаң жігітім, болмағаның.

Өмір өзі көрсетіп келе жатыр.

Бір адамды бір адам қолдағанын.

Тау басынан көргенде талаптыны,

Тағы да ойға шомасың қарап мұны.

Тасқа тастап баулиды қыран құстар,

Темір қанат, қан түбіт қанаттыны.

… Үміт… күдік кеудемде тайталасты,

«Жырың нашар» деп сынын айта ма ащы?!

Келген кезде ар жақтан Мұхтар ақын,

Бөлмесінің есігін айқара ашты.

…Есіме алам сонау бір алыс жылды,

Мен сияқты лаулатқан жаңа ұшқынды.

Бір кездері Болатбек Сүлейменов,

Мені Мұхтар ақынға таныстырды.

«Шатпағымды» ұсынған қарап тұрып,

– Ұзақ жолға шығыпсың талап қылып…

Жеткіліксіз жай ғана ақын болу, –

Деді маған саусағын қадап тұрып,

…Жарық көрді «Жалында» сол топтамам,

Тағдырыма сыйлаған қанатты үміт.

…Көп еді аға алдымда өмір көрген,

Інісіне отты үміт, сенім берген.

Сол ағалар тап қазір жоқтың қасы,

Бір кездері жырыма көңіл бөлген.

… Жасыл кілем жапқан тұс жер біткенді,

Кездесуді осынау ел күткен-ді.

Шопандардың тойына Шахановты,

Ертеңіне Елекең ертіп келді.

Ұшқан құстай жазғанда жұрт қанатын,

Сахнада саңқылдап Мұхтар ақын,

Жатқа соқты бірғауым жаңа жырын,

Әсіресе ұғымы ұлтқа жақын.

«Бәрекелді-ай» көпшілік десті бәрі,

Балладасын «Ғайшадай» естіп әрі.

Қолын сілтеп қозады Мұхтар ақын,

Тарқамайды ел-жұрттың еш құмары.

Жалт-жұлт еткен ұшқыны жанарының,

Сыйлады қыз ақынға дала гүлін.

Ұзақ уақыт қол соғып тұрды жырға,

Жайлаудағы қалың ел қара құрым.

Түс ауғанын бір кезде енді аңғарып,

Ақынды әзер босатты толған халық.

Арасында кейбіреу кітабына,

Қолтаңба алып үлгірді жолдан барып…

…Өтті арада қырық жыл бері сонан,

Қасиетті Қармақшы тегіс аман.

Қармақшыда қадірлі Мұхтар ақын,

Сол ағалар танытқан мені саған.

Қуантпаған кез жұртты атым әлі,

Арман алға адамды шақырады.

Мені Мұхтар ақынға табыстырған,

Рахмет, Қармақшы топырағы!

… Талай ақын талабын талдырып бір,

Жетсем деген ұлы Абай – мәңгілік жыр.

… Қармақшыда болатын сол кездесу,

Әлі күнге жадымда жаңғырып тұр.

АҚЫНДАР ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Ақындарын сақтай алмаған халық құриды.

Өтежан Нұрғалиев.

…Баяғы өткен заманда,

Өркөкірек, мейірімі жоқ адамға

Қабағынан қар бүріккен таудағы,

Қатал патша тұрып жатты қамалда…

Шың басында, шыға алмайтын жау маңға,

Қыран құстар қалықтаған тауларда.

Мамыражай мекендепті патшалық,

Жиделбайсын, Жерұйық бір ауданда.

Мұзарт шыңды  мекен еткен о несі?!

Ұшқан құстың ұясы осы, елі осы.

Жете алмаған қияндағы қамалға,

Жауларының жерден атқан жебесі…

Өркениет із салмаған сыртқы ана,

Жұмбақ болған жердегі ел-жұртқа да.

Тас қамалдың төрт бұрышын күндіз-түн,

Күзетеді екен қою бұлт қана…

Талай сыр бар таудың жақпар тасында,

Әскері бар сайыпқыран қасында.

Патша болса тұрып жатты алаңсыз,

Бұлт жамылған биік таудың басында…

… Жылдар жайлап өте берген деседі,

Бүгін жалған сияқтанып кешегі.

… Бірде патша құлағына жетіпті,

Ақылсыздау уәзірдің өсегі.

Сонан дереу шақыртып ап табанда,

– Айт шыныңды, – депті патша – қамалда

Ақын деген кетті депсің көбейіп,

Жарлығымды айт, жинап елді алаңға!

…Уәзірін патшасы ылғи мақұлдар,

– Алдиярым, тағы айтатын датым бар.

– Айт, айт, – дейді ашуланған патшасы,

– Айтсам нағыз дұшпаның – сол ақындар!

Алдиярдың жарлығын кім бөгейді?!

«Ақын елде… деді-ау, мүлде көбейді…»

Тау басында қадірі жоқ қарға көп,

Қырандар аз…

бұған патша не дейді?!

Адалдықтың ақ туындай арманы,

Отты жыры – осып түсер қанжары.

– Қамаңдар, – деп бұйырыпты – зынданға,

Ақындарды іздеп тауып ал-дағы.

Өлеңімен өмір кешкен бұл маңда,

Ақын біткен тасталды өстіп зынданға.

– Ақынсың ба? – деп сұрапты олардан,

Патша ұйқыдан таң азанда тұрғанда.

…Қабыл болып қатал патша тілегі,

Тас зынданның түбінде үнсіз тұр еді.

Жайбарақат отырыпты жыр жазып,

Жалғыз қалған қамаудағы біреуі.

Уәзірі тақаса да найзасын,

Әлгі ақынның жүзі ерекше жайнасын.

Соны көріп «тимеңдер» деп алдияр,

Белгі берді шайқап қана жай басын.

– Ақынсың ба, мойындауға хақың бар,

Десе патша бас шайқапты пақырлар.

Сонда патша депті: – мынау зынданда,

– Намыстарың оянғанша жатыңдар!

…Өмір талай салады әлі көкпарға,

Армандайды заңғар көкті көп қарға.

Ез болудан асқан қорлық жоқ жанға,

…Келді патша осындай бір тоқтамға.

Өнеріне адалдығы сезілген,

Өлеңіне адалдығы сезілген.

Сонда патша уәзірге ақырды:

– Шын ақынды көрдің бе деп көзіңмен.

Амал нешік тұлпар озып өрлесе,

Жабылардан жалыққан бұл ел неше…

– Жасықтарға жазам осы, зынданнан,

Шығарыңдар шын ақынды ендеше!

Нағыз ақын наһан жүрек күткен ел,

Ізгіліктің туын биік тіккен ол.

Қорқақтары бұғып шындық алдында,

Ар-намысын табанға сап сырт берер.

Ұласатын ұшқан көкте қазға үні,

Ақындар-ай, мақталса сәл мәз жыры.

Қалайының, мыс пен жездің көптігі,

Шын алтынның заңды шығар аздығы.

Ең құрметті елден алған шын бағаң,

Кешірмейді әлсіздерді бұл қоғам.

Ақын – елдің абыройы, намысы,

Асқақ рух, Ақиқатты жырлаған.

Әттең, бүгін болып жүрміз барға мәз,

Есек тұлпар,

Бола алмайды қарға қаз.

Қай кезде де ар-намысы асқақтау,

Махамбеттей нағыз ақын болған аз.

…Бағалаған шын ақынның өлеңін,

Депті патша: – Өнеріңе сенемін!

Өжеттігің үшін сұлу қызымды,

Қамалыммен қоса саған беремін!!!

***

…Өлеңнің бар сауабы мен обалы,

Қасиетін білген ақын бағалы.

кеше солай…

керек болса ертең де,

Ел есінде нағыз ақын қалады.

МАХАББАТ ӨТКЕЛІ

…Әр өлкенің өзіне тән тамаша аңыз… тарихы болады,

Оны өшіре алмайды уақыт ұйтқи соққан бораны.

Теңіз деген теңіз емес тереңдігі  болмаса,

Тау емес ол шыңдарына  қыран құстар қонбаса.

Бүгінің мен ертеңіңнің қадірі жоқ қарағым-ау, өткенсіз,

Талдар бүршік жара алмайды жайма шуақ көктемсіз.

Адам үшін ғұмыр қысқа, құм сағаттай келте күн,

Сондықтан да өткенін еш ұмытпа дос, өзің туған өлкенің.

Сол сияқты адал достық, шын махаббат жайлы аңыз,

Жасай берер санамызда жүрсек те осы қайда біз.

Мәңгі сонан Қыз Жібек пен Төлегендер, Қозы менен Баяндар,

Жүрегінде сезімі жоқ жандар сорлы, аяңдар!

Ажалға да басын тіккен сүйгені үшін аз ба жан?!

Жүрегінде Махаббаттың оты өлгенше лаулап жанып маздаған.

Көзді, аяқты, қолды да Алла жаратыпты қос-қостан,

Қыз бен жігіт қосарланып қос жүректер достасқан.

Ертеменен ең алдымен еститін ел әсем әнін – ұранын,

Қалқиып тұр керек болса әне екі құлағың!

Тіршілікте сүреді өмір адам да, аң да екеу боп,

Шексіздікті тұрады тек Ай, Күн жалғыз мекендеп.

…Алдымызда асау дария. Арғы бетке өте алмаймыз өткелсіз,

Бір-біріне байланысты, төңірекке қараңызшы еппен сіз.

Бір сезім  бар күйіп-жанып қос жүректен от алған,

Міне, осынау сезім нағыз махаббат деп атанған.

Түсінбейді бұл сезімді лаулап, жанып сүймеген,

Махаббаттың отына шын қанаттары күймеген.

Мұхиттан да мұңы терең,

Шыңнан биік соншалық,

Оған мүлде жете алмайсың оңай тұстан жол салып…

Талай жанның жыққан жолда сорға атын.

Махаббаттың кеудеңдегі сөндірме сен мәңгі отын.

Адам қанша ақыреттің азабына төзбеген,

Ол аңызды мүмкін емес жеткізуім құр әншейін сөзбенен.

…Сонан бері талай дәуір өтіп кеткен болса да,

Қарт Аралдың қойнауында тұнған аңыз қаншама.

Соның бірін жырыма алтын арқау етіп жан сала,

Айтып бүгін берсем деймін оқырманым, баршаңа.

…Сол аңызды қазір міне, қаншама жыл өткеннен соң еске алдым,

«Шулаған жар» арғы беті толқын атқан Қосжардың.

Қара қасқа тұлпар мінген Қамбар батыр атақты,

Асырапты жар басында жиырма шақты үй жатақты.

Мекені оның жазық дала, дүбірлеткен Қара қасқа ат тегісін,

Алыс емес айдын көлден «Мөңке басат»… «Шөмішің».

Онан бергі «Қара басат», сазан жүзген «Саркөлі»,

…Міне, осындай қасиетті қарт Аралдың бар шері.

…Келе жатқан жау хабарын шалған Әзімбай құлағы,

Көштің басын саумал ауа Сарыарқадан Сырға қарай бұрады.

Арып-ашып айдалада қашқан байдың көшіне,

Аң аулаған Қамбар жолай кездеседі кешіге.

Қарттан ұққан жол үстінде қысқа ғана мән-жайды,

(Күймедегі қыз аңшыдан мүлде көзін алмайды).

Көшті бастап әкеледі көлдің қарсы бетіндегі  Қосжарға,

Қашқан жұртты жайғастырып болғаннан соң  Қамбар батыр Қостарға

– Біздің ауыл анау, – деген қоштасарда жарды нұқсап қолымен,

…Сөйтіп батыр кете барған көрінеді  бұрынғыша жөнімен.

…Былай шыға біраз іркіп Қара қасқа ат басын,

Ойға шомып тұрып қапты, қаққан қыз кім жүрегінің қақпасын?!

Бір көргеннен бір-біріне ғашық болған жан аз ба?!

Ешқашанда махаббаттың ережесі түспеген еш қағазға.

Ашылмаған аралдай ол мүлде жұмбақ тақырып,

Әкетті оны тәтті сезім тереңіне батырып.

Қыздың көзі шоқ түсірді тұңғыш рет жүрегіне Қамбардың,

Бәлкім, бәлкім, осы шығар ақ желкенін кергені асыл арманның.

Махаббаттың көзі соқыр болғанымен көңілі оның көреген,

Қыз жанары аумайтұғын атқан  мерген жебеден.

Мұратына жете алмайды бірін-бірі түсінбеген, ұқпаған,

Заңғар құздан  құлап кетсе, өкінбейді түк те оған.

…Бірте-бірте түсті батыр Назым жаққан сол отқа,

Тұра алмайды  көре алмаса ай түгілі, оны апта.

Енді бөгет бола алмайды екеуіне асқар шың,

Тұңғиық су … тұман түгіл, табан тайған тастар шын.

…Қамбар болса арғы жаққа ат жүздіріп баратын,

Ол барарда қыз жаққан шам таяз тұста жанатын.

Бұл кездесу байқауынша біраз күнге созылды,

Шектеу сірә мүмкін бе екен мұндай асыл сезімді.

…Міне сұмдық!

Қыз жеңгесі ол да сырттай сүйіп жүрген Қамбарды,

Талай мәрте тосты жолын, бірақ текке алданды.

Сонан сұмдық бір іске тез белін кенет байласын,

Аяр әйел бүгін түнде асырмақшы жүзеге өз айласын.

…Шам ілінген жібін үзіп ығызады қопаны,

Қамбар болса шамға қарай жүзіп келе жатады.

Махаббаттың аз емес-ау, жолын тосқан Бекежан мен Қодары,

Болған талай және сөзсіз қай кезде де болады.

Болмаса олар Төлеген мен Қозы тірі болар ма?!

Қыз жеңгесі қылығы да кетеді ұқсап Қодарға.

…Көз түрткісіз қою тұман бүгін әттең көл жапқан,

Есекқырған жұлдыз ауған түн ортасы, ел жатқан.

Ат жүздіріп келе жатты батыр жігіт аңдасаң,

Жылт-жылт етіп шақырады қопаға ілген алда шам.

Арам ісін осылайша іске асырмақ аяр жан,

Бір сұмдықтың соңғы сәті бірте-бірте таянған…

Қыз Назымға құстай ұшқан Қамбар батыр қиялы,

Көп жүзгеннен кетіпті еріп Қара қасқа ат тұяғы.

… Сәлден кейін терең суға кетті батып ақырын,

Ақтық сәтте ат үстінен жазбастан ол тақымын.

…Ертеңіне ел шулады, еңіреді басын тауға, тасқа ұрып,

Мұны есіткен Назым сұлу сұм ажалға бас тігіп.

Биік жардың көлге төнген шығып алып басына,

Қарғып кетті, қарғып кетті көлге қарай асыға.

Махаббаттың мен білетін мысалы бұл мысқалдай,

О, Жаратқан, Қыз Назымға бітті кенет күш қандай.

Екеуі енді о дүниеде бірге болсын ел деген,

Қос ғашықты судан тауып бір молаға жерлеген.

…Жалғыз соқпақ «Шулағанның» ту басына өрлеген,

Қамбар-Назым бейіті онда орын тепкен көлденең.

Көп кешікпей қайғы-мұңнан жасқа толып етегі,

Еңіреген ел жарды сол «Шулаған» деп атандырып кетеді…

***

Махаббатқа жеткізетін өткел жалғыз, болсаң батыл, сенімді,

Нар тәуекел!

Нағыз ғашық қыз-жігіт, бу беліңді.

Онда жол жоқ қорқақтарға,

Тайғақтарға табаны,

Астында өткел ағысы зор асау өзен ағады…

«Тәуекел» деп буып белін, терең суға беттемейді кез келген,

Ешқашанда шықпайды ерлік екі жүзді сатқындардан, ездерден.

Не болмаса көрдің бе ан-оу биік таудың шың-құзын,

Шыға алмайды жігері жоқ, ынжық туған ұл-қызың.

Сүйгені үшін ондайларды тау басынан секіреді дей көрме,

«Сүю… күю ойыншық» дейді ойсыз сорлы кей пенде.

Махаббаттың жолы жұмбақ, нағыз өзі азаптың,

Білгенге осы қияметті қыл көпірі тозақтың.

Онан аман өте алмайды су жүректер, пасықтар,

Мен бақытты болуыңа тілектеспін адал ойлы ғашықтар!

Толыбай Абылаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ж.Әбдірашев атындағы

әдеби сыйлықтың лауреаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<