Торқалы тоқсанның тағылымы

207

0

Өмір-өзен өз жылнамасын тарих бетіне айшықтап, әр адамның жүріп өткен жолын, қуанышы мен күнгейін өрнектеп қалдыратыны қандай ғажап?! 1934 жылдың 9 мамырында Ресейдің  Челябинск облысы Қарталы қаласындағы Әуесбай шаңырағында іңгәләп дүние есігін ашқан нәрестеге ағайын-туыс  Әмина деп есім берді.

Кішкене Әминаның бақытты балалық шағының аспаны неміс-фашистерінің зұлматынан бір күнде тыныштығынан айырылды. Әкесі Әуесбай Измаилов әскер қатарына шақырылып, қолына қару алды. Жаужүрек офицер жанкештілік пен ерен ерлік көрсетіп 1942 жылы Ржевте қаза тапты.

Ерте бастан арабша хат таныған молданың қызы Жәмила ана күндіз тылда тынымсыз еңбек етіп, күн сайын кешкі уақытын Әминасының хат тануына арнады. Ерте есейіп, анасынан ерте сауаттанған қаршадай ғана қара қыз жас болса да айналадағылардың хаттарын жазып, қолғабысын тигізді. Бәлкім, Әминаның ерте есеюіне Ресеймен шекаралас жатқан мекенде тұруы да ықпал еткен болар.

Жеңістен кейін елдің еңсесі тіктеле бастаған шақта туған жері Қарталыдағы біржылдық педагогикалық училищені 1950 жылы бітіріп, Қарталы мектептерінің бірінде бастауыш сыныпқа сабақ берді.

Шәкірттерінің сүйікті ұстазы, елдің көркі болған, айналасына нұр шашқан жас қыз 1953 жылы қызылордалық жас офицер Әбілқасым Есқожаұлы Ержановпен танысып, ақ босағаны аттап, келін атанды.

Жас шаңырақ иесі көп ұзамай әскери жолдамамен Мақаншыға келді. Өз ісіне берілген Әбілқасым кедендік бақылау нысаны орналасқан, көршілес Қытай еліне іргелес жатқан «Бақты» әскери бөлімінің шекара қызметінде застава бастығы қызметінде еңбек етті. Ал Әмина Әуесбайқызы Жарбұлақтағы жетіжылдық мектепте Қытайдағы қазақ балаларына орыс тілі пәнінен сабақ берді.

Отты жылдар, шекара тыныштығын бақылап үнемі ат үстінде жүру Әбілқасымның денсаулығына зардабын тигізді. Сондықтан туған жері Қызылордадан еміне шипа іздеген жас отау иелері 1959 жылы елге оралды. Әбілқасым бір кездері қол үзіп кеткен білім саласындағы еңбек жолын жалғастырды, кейіннен Алматыдағы Қазақ педагогикалық институты аспирантурасының күндізгі бөлімін бітіріп, 1971 жылы «Деятельность школьных инспекторов по усовершенствованию учебной и методической работы в школе: на материалах КазССР» тақырыбында диссертациясын қорғады. Қашанда еріне қолдау жасаған әйелдің бағы жанған. Осы ретте Әмина да Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірді. Жас маман қалалық білім бөлімінің бұйрығымен Қызылорда қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №140 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қабылданды. Ұзақ жыл бойы осы мектепте қызмет жасап, шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. 1994 жылы зейнетке шықты.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған доктор Әбілқасым аға өмірінің соңына дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде еңбек етіп, абырой биігінде болды. Кешегі білікті ұстаз, бүгінде құрметті зейнеткер Әмина ана жинаған абыройы мен еткен еңбегі, төгілген тері қашанда жоғары бағаланып отырды. Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері», «Ұлы Жеңіске 75 жыл» медалімен, саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнағаны үшін Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

«Балаға білім беру – басты парызым» деп білетін Әмина ұстаз шәкірттері мен олардың ата-аналарынан алған алғыстан асқан бақыт бар ма деп марқайып отырады. Жақында республикалық «Ұстаз үні» газетінің кезекті санында жарияланған ардагер-ұстаз Алтынай Тоқтасынқызының «Әмина апайдың әлемі» мақаласын оқып, шынында, ұстазға шәкіртінің бағасынан жоғары марапат жоқ екен-ау деген ойға келдік.

Бүгінгі жазбамызға арқау болған Әмина Ержанова 9 мамыр күні 90 деген торқалы жасты бағындырғалы отыр. Өмір керуені бұл үлкен белеске әйел еншісіндегі баянды бақыт, асқақ абырой, биік беделімен алып келді. Аяулы жар болып, ұл-қыз, немере-шөбере өсіріп, сырбаз қалыптан еш өзгермей, жарасты келіп отыр. Отағасымен 60 жыл бақытты ғұмыр кешіп, ұрпағына берген тәлім-тәрбиенің арқасында балалары мен келіндерінің, немере-шөберелерінің перзенттік махаббатына бөленіп отырған бақытты әже, әулеттің ақылгөй Бибіпатымасы. Осыдан 10 жыл бұрын 86 жасында дүниеден өткен жұбайы Әбілқасым ағамыздың атына шаң түсірмей, ағайын-туыс, құда-жекжаттың ынтымағын жарастырып, немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ана. Әлі де жүрісінен жаңылмаған, сырлы ағаштың сыры кетсе де сыны кетпеген әдемі қалпында отбасы құндылығын сақтаудың, әдемі қартаюдың эталоны тәрізді, көпке үлгі.

Мария ОРМАНОВА,

ардагер-ұстаз, «Ұлттық құндылықтар академиясы»

қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<