Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны (фото)

2065

0

«Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға», – қазақтың муза ақыны Мұқағали Мақатаев жырлаған осы өлең жолдары әлі күнге өміршеңдігін жоймай келеді. Орта Азия еліне ортақ наурыз мерекесін қазақ халқы жыл сайын сән-салтанатымен жоғары деңгейде қарсы алады.

Жалпы, әз Наурыз мерекесі – көне дәуір күмбіріндей дәстүрлер дәріптеліп, құндылықтар ұлықталатын сәт. Бұл күндері аналар жеті түрлі дәмнен наурызкөже пісіріп, адамзат баласы бір-біріне мейірімділік танытатын болған. Халық бұл күнде жетім-жесір мен жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, олардың ұлы күнге сай шат-шадыман, көңілді жүруін қамтамасыз етуге жағдай жасаған. Самарқанның көк тасы еріген күн – қазақ даласы үшін құт-берекенің басы.

Ұлыстың ұлы күнін Сыр жұртшылығы да айрықша атап өтті. Көнеден жеткен төл мереке күні мұқым елдің мейманасы тасып, ән-жырдан шашу шашып, көпшілік наурызкөжеден дәм татты.

Ұлы даланың ұлық мейрамы

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мәдени шаралар 1 наурыз – Алғыс айту күнінен бастау алды. Мерекеге орай 14-22 наурыз аралығында әр күнге тақырыптық атау беріліп, түрлі бағыттағы 300-ге жуық іс-шара өткізілді. Әз Наурыз күні орталық алаңда «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты мереке өтті.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз алып, жылы лебізін жеткізді.

– Наурыз – ұлы даланың ұлық мейрамы. Көнеден келе жатқан мағынасы мәнді, тағылымы терең мереке. Бұл күн – бүгінге дейін дәстүрлі сипат алып, халықтың ақжарма тілек айтып қарсы алатын торқалы тойы. Ұлыстың ұлы күні – ұлт болып ұйысып, болашаққа бағдар құратын сәт. Сыр өңірі желкенді жетістіктер мен тағылымды табыстар ордасына айналды. Біз өткен жылды жемісті қорытындыладық, зор жетістіктерге қол жеткіздік. Жақсылықтың жаршысы болған биылғы жылды толайым табыстармен бастадық. Екі күн бұрын еліміз үшін саяси маңызы бар Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы өткізілді. Сыр өңірі бірлік пен тұтастықтың ерен үлгісін көрсетіп, республика бойынша ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Сыр халқы саяси науқанда да бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып, елдігімізді, береке-бірлігімізді дәлелдеді. Сыр жұртшылығы қашанда жарқын болашақ жолында байыпты қадамдарымен қарқынды дами бермек. Әз Наурызда тілеген игі ниеттеріңіз қабыл болсын. Еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, – деді облыс әкімі.

Дәстүр дәріптелді

Наурызда халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы қайта жаңғырып, жаңаша жаңара түседі. Ықылым замандардан келе жатқан салт-дәстүрдің бірі – тұсаукесер рәсімі.

Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте ата-бабамыз «баламыз тез жүріп кетсін» деген ниетпен сәбидің тұсауын кестіріп, думандатып той жасайды. Ырымшыл халқымыз баласының тұсауын көбіне данагөй қарияға немесе ел анасына айналған әзиз әжелерге яки болмаса халықтың алдында жүрген азаматтарға кестіретін болған. Ондағы ойы – сол секілді жолы ашық, абыройлы болып ержетсін деген ақеден ниет.    

Ұлыстың ұлы күні және Қызылорда облысының 85 жылдығына орай 85 баланың тұсаукесер рәсімі жасалды.  «Этноауыл» мен облыстың 85 жылдығына арналған тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылды.

Тұсаукесер рәсімінде аймақ басшысы Тасбөгет кентінде тұратын Нұрқасым Әбдіғаппар есімді баланың тұсауын кесіп, жолына жақсылық тілесті.

– Қуаныштан жүрегім жарылардай сезімде тұрмын. Бүгін қасиетті Наурыз күні ұлымыздың тұсауын кестірдік. Оны облыс әкімі кескендегі ішкі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Ұлымыз сол кісі секілді ұлтының азаматы болсын. Еліміз аман, балаларымыз бақытты болсын, – дейді анасы Нұргүл Сырлыбаева бізбен әңгімесінде.

Күмбірлеген көне әуен

Орталық алаңды айналдыра 38 киіз үй тігіліп, әр үйге өзіндік атаулар берілді. Әр киіз үйдің алдында түрлі ұлттық нақыштағы шаралар легі ұйымдастырылды. Бірі келін түсіріп, беташар жасаса, енді бірі жарапазан айтып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтар бесікке салу, айдар кесу, атастыру секілді салт-дәстүрлерді тамашалады. Бұқара халық арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Одан бөлек, «Көлтауысарлар сайысы», яғни қымыз ішуден жарыс өтті. «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан екі жас шаңырақ көтеріп, келіннің беташар рәсімі жасалды. Қолөнершілердің ұлттық бұйымдары да жұртшылықтың ықыласына бөленді. Қала тұрғындары мен қонақтары  наурызкөжеден дәм татты.

Осылайша мереке күні мұқым елдің мейманасы тасып, көпшілік тәтті тағамдардан ауыз тиіп, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын тамашалады.  Белгілі әншілер Ғазизхан Шекербек, Кенжебек Жанәбілов, Мөлдір Әуелбекова және жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, мерекелік думанның сәнін келтірді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<