Алдағы міндеттерді орындау қамтамасыз етіледі

781

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 51-ші сессиясы өтіп, онда аймақ басшысы сөз сөйледі.

– Бүгін біз сіздермен бірге облыстың 2021-2023 жылдарға арналған кезекті үш жылдық бюджетін талқылап, бекітетін боламыз, – деді облыс әкімі. – Коронавирус панде­мия­сының әлі де болса күшейіп жатқаны ескеріліп, 2021 жылы да індетпен күресу және алдын алу шаралары жалғасады. Бұл тұрғыда өңір бюджеті басқа да сыртқы және ішкі факторларға, әсіресе ұлттық валютаның әлсіреуіне, мине­ралдық ресурстар баға­сы­ның, мұнай өндірудің, бизнестің инвестициялық белсен­ділігінің төмендеуіне қарай әсер етеді.

Аймақ басшысы және атап өткендей, пандемияға байланыс­ты республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің азаюы болжамдан­уына сәйкес жергілікті бюджеттерден республикалық бюджетке 200 млрд теңге көлемінде ағымдағы нысаналы трансферттерді қайтару қарастырылуда. Бұл тұрғыда Қызылорда облысының қайтару үлесі 9,3 млрд теңгені құрап отыр. Осы жағдайларға қарамастан, бұған дейін айтылған барлық міндет­темелердің орындалуы қамта­масыз етіледі.

– Ұсынылған жобада респуб­ликалық бюджеттен берілген трансферттерді қоса есептегенде 2021 жылға облыстық бюджеттің көлемі 411,5 млрд теңгені құрайды, яғни, 2020 жылмен салыстырғанда 144 млрд теңгеге ұлғайып отыр, – деді ендігі сөзінде облыс әкімі.

2021 жылғы бюджетті қалыптас­ты­руда негізгі басымдықтар әлеу­меттік сала, инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша бюджеттің барлық борыштық міндеттемелерін өтеу, мемлекеттік бюд­жетті оңтайландыру, агро­өнеркәсіп кешенін субсидиялау мен шағын бизнесті несиелендіру, эпизоотияға қарсы іс-шараларды іске асыру және табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу,  төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қолдау шаралары болады. Келер жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде даму бюджетіне 10 млрд теңге қосымша қаржы бөлу жоспарлануда.

Мұнан кейін облыс басшысы облыс мәслихатының 5-ші және 6-шы шақыры­лым­дарының депутаты Аман­келді Арыспаевтың қыз­мет бабымен басқа өңірге ауысып жатқанын хабар­лап, оның өңір дамуына лайықты үлесі мен депутат ретінде халықтың әл-ауқатын жақсартуда атқарған нәтижелі еңбегі үшін облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады.

Күн тәртібіне сай мұнан әрі облыстық мәслихаттың жыл көлемінде атқарған жұмыс­тары бойынша мәс­лихат хатшысы Қылыш­бай Бисеновтың есебі тыңдалды.

Мәслихат хатшысы есепті кезеңде алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың 14 сессия­сы (5-і кезекті, 9-ы кезектен тыс) өткізіліп, жалпы саны 167 шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл шешімдер уақытылы облыстық әділет департаментіне және тиісті органдарға жолданған. Бүкіл­әлем­дік пандемияның салдарынан 4 сессияны онлайн режимде өткізуге тура келген. Облыстық мәслихаттың жалпыға бірдей міндетті маңызы бар 26 шешімі әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланды.

Қ.Бисенов өз сөзінде мәслихат аппараты сессияда қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы мәліметтерді жинақтап, депутат­тарды дер кезінде ақпарат­тандырып тұратынын жеткізді. Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау туралы 2019 жылы қабыл­данған мәслихат ше­шімінің орындалу барысын және атқарылған жұмыстармен танысу мақ­са­тында Райкүл Байназарова бастаған облыстық мәслихат депутаттары барлық аудандарда болып жұмыс жүргізді. Депутаттар мүмкіндігі шектеулі балалардың арнайы бала­бақ­шалар, мектептер мен жалпы білім беретін мектеп­тердегі жабдықталған инк­люзивті кабинеттердің жай-күйімен танысып, мәс­лихат шешімінің оңтайлы қабыл­данып, жүзеге асырылып жатқандығын көрді.

Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы негізгі құжат сана­ла­тындықтан, жыл бойы түрлі себептерге байланысты оны нақтылап отыру қажеттігі туын­дайтынын айтқан мәслихат хатшысы нақты деректерді сессияға қатысушылар назарына ұсынды.

Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 12 желтоқ­сан­дағы 40 сессиясында бекітілген «2020-2022 жылдарға арналған облыс­тық бюджет туралы» шеші­міне ағымдағы жыл ішінде (қаңтар-желтоқсан айла­рына дейін) 6 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізі­ліп нақтыланды. Осы нақты­­­лау­лардың нәтижесінде 2020 жылға арналған облыстық бекітілген бюджет 267,5 млрд теңгеден 1 қарашадағы жағдай бойынша 328,5 млрд теңгеге дейін көбейтіліп немесе 22,8%-ке өсті. 2020 жылы облыстық бюджеттен әлеуметтік салаға 96,8 млрд теңге бөлініп, 29% құрап отыр.

– Алтыншы шақырылған об­лыстық мәслихат депутаттары тарапынан 2020 жылға әзірленген ұсыныс-пікірлер мен проблемалық мәселелер бойынша қаржысы 54,1 млрд теңгені құрайтын 222 сұрақ түсіп, оған талдау жасалып, шешімін табуы үшін атқарушы органға жолданды. Келіп түскен 222 сұрақтың 85-іне 28,3 млрд теңге қаржы бөлініп, барлық сұрақтардың 38%  шешімін тапты. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарға талдау жасалып, атқарушы билікпен бірлесе респуб­ли­калық бюджет есебінен шешуге ұсынылған құны 17,3 млрд теңгенің 24 мәселесі нақтыланды. Сонымен қатар, жобалау-сметалық құжат­тардың мерзімі 2020 жылы өтіп кететін құны 2 млрд теңгенің 13 мәселесі, мем­лекеттік-жекешелік әріп­­тес­тік негізінде жүзеге асы­руға ұсынылған құны 9,9 млрд теңгенің 24 мәселесі белгіленді. Ал облыстық, қалалық, аудан­­дық бюджеттердің мүмкін­­­шілігіне қарай кезең-кезеңімен шешуге ұсы­ныл­ған құны 20,6 млрд теңге тұратын 137 мәселе бо­йынша жұмыс жасау ұсынылды, – деп атап өтті Қ.Бисенов.

Жылдық есепте сондай-ақ тұрақты комиссиялар жұмы­­сына мән берілді. Тұрақты комиссияның ке­ңей­тіл­ген отырысында «2021-2023 жылдарға арнал­ған облыстық бюджет туралы» мәселе депутаттар және тиісті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен екі айға жуық уақыт талқыланып, бүгінгі сессияда шешім қабыл­данғаны айтылды.

Жалпы мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы оның ашық­тығында. Депутат­тар сайлау­шылармен тұрақ­ты түрде байланыс орнатып тұрады. Олардың жеке қабылдау кестелері ақпарат құралдарында, мәслихат сайтында, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жарияланған. Депутаттар жұмысы об­лыс­тық телеарнаның «Мәс­лихат» хабарында және мер­зімдік басылымдарда тұрақ­ты жарияланады.

Қылышбай Алда­берген­ұлы және атап өткеніндей, халық қалаулылары әлеу­меттік жағдайы төмен отбасыларына үнемі демеушілік көрсетіп келеді. Мәселен, «Біз біргеміз» акциясына үлес қосқан депутаттар әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға осы жылдың 9 айында 32,850 млн теңгеден астам қаржылық көмек көрсетіп, 1744 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Облыстық мәслихат депутаттарының бір тобы облыстық, аудандық ауруха­на­ларға барлығы 33 оттегі конденсаторын алып берген.

– Әріптестеріміздің көмегі ем алып жатқан жан­дарға үлкен демеу болды. Қиын кезде елмен бірге болған депу­тат­тарға сайлаушылар риза­шылығын білдірді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланып жатса, кейбір әріптестеріміз жария­лы­лықты қаламай, демеушілік жұ­мыстарын осы уақытта да жүргізіп келеді, – деді мәслихат хатшысы.

Сөз соңында Қ.Бисенов сайлаушылар аманатын орын­­дап, мәслихаттың қоғам алдындағы абыройын көте­ріп, лайықты еңбек етіп жүрген әріптестеріне шынайы алғысын жеткізді.

Сессия барысында депутаттар қоғам қайраткері Сейітсұлтан Әйімбетов пен эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлына «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысты қолдап, дауыс берді.

Мұнан соң күн тәртібінде белгіленген өзге де мәселелер талқыланып, тиісті шешім­дер қабылданды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<