«Алтын домбыра» – Сыр елінде

891

0

Кеше айтыстың ақтаңгері, жыр дүлділі Мұхтар Ниязов еншілеген «Алтын домбыра» Сыр еліне жетті. Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Алтын домбыраны» табыстау рәсімі өтті.

Қазақтың домбырасында ұлттың рухын көтеретін алпауыт күш, қос ішекке сыйып кеткен күллі құндылықта ұлтымыздың үміті мен сарқылмас қазынасы бар. Сыр сүлейлерінің жалғасындай болған Мұхтар Ниязов алғаш рет «Алтын домбыраны» 2012 жылы ұтып алса, 2016 жылы екінші рет Сыр елінің қанжығасын майлады. Биыл «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық айтыста Мұхтар ақын тағы да топ жарды.

 Жиынға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, әнші, композитор, Қазақстанның Халық артисі Алтынбек Қоразбаев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай бұл тарихи оқиға қазақ руханияты үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.  

Шарада мәртебелі меймандар «Алтын домбыраны» Мұхтар Ниязовқа табыстап, Сыр елінің өнері мен мәдениетіне құрмет білдірді.

Ал Мұхтар Ниязов бұл Сыр елінің бірінші және соңғы жетістігі емес екенін, кейінгі буын да әлі талай биікті бағындыратынын айтып, «Алтын домбыраны» облыс әкіміне табыстады.

– Сыр елі сен мен үшін  сүйікті елсің,

Анам деп Алаш басын  иіп келсін,

Ұлықты ұл, қылықты қыздарыңмен,

Мәртебең мәңгілікке биік болсын!

– деп алқалаған елге жыр шумағын арнады.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын домбыраның» Сыр жұрты үшін ерекше мақтаныш екенін жеткізді.

– Байырғы бабалардың ізіндей, қазақтың айтыс өнерінің бар құдіретін бойына сіңірген, шашасына шаң жұқтырмас дарабоздай дара келген Мұхтар – Сыр елінің ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның белді ақыны. «Алтын домбыра» республикалық айтысы басталған 2012 жылғы алғашқы Алтын домбыра иегері де Мұхтар болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Енді, мінекей, «Алтын домбыраны» Сыр еліне әкеп, өнердің ордасы екенімізді тағы бір дәлелдеп берді. Баршаңызға «Алтын домбыра» құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ағайынды меценат-кәсіпкерлер Мұрат, Марат Сәрсенбаевтардың ақынға темір тұлпар сыйлау жөнінде ұсыныс білдіргенін айтып өтіп, оларға Сыр жұртшылығы атынан алғыс білдірді.

Мұнан соң өңір басшысы айтыс­керге «Toyota Camri 70» көлігінің кілтін тарту етті.

Жиында айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман Сыр елінің ақын ұлын ардақтап, қошемет көрсетуі, ұлттық өнердің бағасын биіктетіп, бұл жеңістің тарихи мәнін білгендіктен екенін ерекше атады.

– Мұхтардың «Алтын домбыраны» жеңіп алуы – заңдылық. Мұның аржағында Сыр сүлейлері, дәстүр, халықтың таланты жатыр. Мұхтар – елдің ішінен шыққан талант. Сыр алаштың анасы десек, бұл – Сыр елінің мәртебесін көтерген, абыро­йын асырған тарихи оқиға болды, – деді ол.

Шарада жас ақындар арасында айтыс ұйымдастырылып, дәстүрлі ән көкке қалықтады.

Мұнан кейін Сыр жеріне арнайы жеткен «Алтын домбыра» облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдениет және өнер» залына қойылды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<