ҚАҚПАНШЫ ҚАРТ

545

0

 Әу бастан  Өзгенттей киелі өлкеден өзге жерге табан аудармастан ғұмыр кешкен қақпаншы қария жайлы әңгімеге сырттай қанықпын. Соғыс жылдары әкесі Әділбектің орнына атқа қонып, еңбекке ерте араласыпты. Колхозда жылқы баға жүріп жүріп, табиғаттың түрлі сырына қаныққан. Даланың ой-шұқырын жетік біліпті. Жыртқыштың жымына қақпан құрып, төңіректегі ауыл малының амандығын ойлапты. Жылқышы дегеннен гөрі, қақпаншы Әбділдә деген ат көптің есінде қалуы да осыдан. Өзім де қақпаншы мен түз тағысының «жекпе-жегін» тыңдауға көптен құмар едім. Міне, Жаңақорғанға жол түсті. Аудан орталығына барып, одан әрі 20-25 шақырым орналасқан Өзгентке де кеп жеттік. Біз барғанда табиғат та тосын мінез танытып, жел күшейіп, қар ұшқындай бастап еді…

– Ә-ә, қақпан деймісің, құрайық, құрайық, – деп балаша шаттанды Әбділдә ақсақал әдеттегі амандық-саулық сұрап, келген себебімнің жайын айтқан соң. 90-ның екеуіне келген қарияның бала мінез танытқаны алғашында қызық көрінгенімен, әңгіме барысында оны ұмытып та кеттік.

– Бірақ, қазір болмайды ғой. Қазір ақтүтек борасын басталды ма сыртта? – деді кенеттен қалың қабағын түйіп. Мен бас изедім. Ол сәл көзін жұмып, ойланып қалды.

– Жо-жоқ, балам, қазір қақпан құруға болмайды. Бүгін айдың ортасы ма? Әлі он шақты күн бар. Қазір олар «үйленеді». Ондай тойдың шырқын қалай бұзасың. Көзіне түссең аямайды…

Мен аң-таңмын. Әсілі, бізді қақпанның қызығын көруге келді деп түсінсе керек. Айтпақшы, осы жерден сәл-кем ұғыныңқы болуы үшін оқырманға түсінік бере кетсек. Қақпаншы қария айтқандай, қасқырлар «үйленетін» немесе жұптасатын уақыты ақпан айының 17-сі мен 23-25-і аралығы екен. Мен мұны кейін білдім. Түз тағылары бұл күндері көзге түскендерді аямайды, ақұшқын боран соғып, бір жетіге созылатыны да осыдан болса керек. Әлгі боранды «бөрісырғақ» деп атайды, кей жерлерде «ыңқыма» деп те айдар таққан. Біз барғанда қар аралас ызғырық тұрып, күннің жедел суытуының сыры осы. Әлгі тағылар жұптасқан соң, қаншығы 62 күннен соң күшіктей бастайды екен. Міне, біз білмейтін біраз жайттың басын Әбділдә ақсақал ашып отыр. Тіпті, ауа-райының құпиясында.

Қош, тақырыпқа оралсақ. Қақпан аңшылықтың ежелден келе жатқан құралы. Ақсақалдың сөзінше, кезінде бір қауым елді жалғыз қақпанмен асыраған ел азаматтары болған. Бір ғана мысал, Әбділдәнің өз әкесі Әділбек ата сонау ашаршылық заманында  Ташкентке ауған өз туыстарына ермей, қарамағында қалған бес-алты үйді осы құралмен асырапты. Қиын заманда ағайынға қорған болған Әділбектей атадан тәрбие алған Әбділдә қақпанды киелі деп есептейді.

– Балам, бұл қақпанды көбіне топырақ тоңдамай тұрып, жаз бен күздің жылы айларында құрамыз. Жерді қазып, байқалмайтындай көмеміз. Жасырын жатып, аңды ауыздықтайтын құрал тұтастай елді аштықтан құтқарып, елдің тамағын айырса, оны қалай бағаламайсың?! Сексенінші жылдары біздің өлкедегі малшылыр қауымы Қаратаудың қойнауын қыстайтын, жаз болса тауға дендеп кіріп жайлауға көшетін. Сондықтан да болар тауда ит-құс көп болып, малшылар әбден қиналды. Содан аудандағы атқамінерлер қолқа салып, қақпандарымды қамдап, мен аң соңына түсетінмін, – дейді ақсақал.

Талай қойшы мен жылқышының алғысын алған Әбділдәні осы қасиеті үшін жұрт қалай қадірлемесін?! Әбділдә ақсақалдың келіні Салиха апаның айтуынша ұзын саны қақпаншы қария жеке өзі 100 қаралы қасқыр ұстапты.

– Қайнағамды аңшылыққа, қақпаншылыққа үйреткен өз атамыз. Жастай келін болып осы шаңыраққа түскелі бәрін де көрдік. Үлкен атам аңға қақпанды қалай құратынын, аңның жүретін жолы мен оның дағдысын, жымын анықтауды осы қайнағама да, менің шалыма да үйретіп, құлағына құйып отыратын. Қайынағаның қанжығасы майланбай қайтқан күні кемде – кем. Бір қызығы, олжасын өзі алмай, көрші-қолаңға, тіпті көлденең көк аттыға таратып беретінін, – дейді Салиха Әділбеккеліні

Апаның сөзін ауыл әкімі Байзақ Мырзабаев растай жөнелді.

– Бала кезімізде Әбекеңнің алдынан арсалаңдай жүгіріп шығамыз. Қақпанға түскен 4-5 қояны бізге тиесілі екенін өзіміз де білеміз. Ал осы қазыналы қартымыздың арқасында түлкі тымақтың түр-түрін осы төңіректегі қариялардың бәрі де киіп шықты. Кейде малға шауып тыныштық бермей жүрген бөріні де қолға түсіріп, аузын буып, құрсаулап, аяқтарын ағашқа байлап тірідей алып келеді. Сондағы қасқырдың мысын көрсеңіз. Бүкіл ауылдан бірде-бір ит бір маңқ етіп үрместен, өз қорасынан шықпай қалатын. Мен сізге қызық айтайын. Әдетте, қабан ұрғашысын басқасынан қызғанбайды. Ал қасқыр ешқашан бір-бірінен тірі айырылмайды. Өте адал және бір-бірі үшін жан береді. Басқа жыртқыштардың алдында мысы басым. Енді бір жағынан қасқырдың заты бар болса, иісті тез сезетін жануарлар жоламайды. Мысалы қасқыр терісі тұрған үйге ит кірмейді. Біздің ата-бабамыздың көкбөріні кие тұтуының сыры көп, інім, – деді Байзақ аға да.

Аң аулау қырып салу емес. Оның үстіне қасқыр да Құдайдың жаратқаны. Олардың да жер басып, несібелерін теріп жеуге қақылары бар. Бір қарағанда тілсіз мақұлық секілді болғанмен, табиғат оған ақыл да, айла да берген. Оның өз жөн-жоралғысы, аулайтын және ауламайтын кездері болады. Қарияның әңгімесінен ұққанымыз, бөрінің жақын ауылдағы малға тиіспейтіні содан. Ал, өзің тиісіп, мазасын алсаң ұяластарымен бірге кек алудан тайынбайды. Оны қақпаншы қарттың басынан өткен мына бір оқиғадан байқай беріңіз.

Бірде Әбділдә жігіт ағасы шағында қасқырдың апанына кезігіпті. Сол күні апанға жақын маңға білдіртпей қақпан құрып, арланын қолға түсіріпті. Кейіннен қаншық-құртқаны да осылай аулайды. Апанда бауырын көтеріп, жүруге жарап қалған алты күшіктің бесеуін де таяқпен соғып, сілесін қатыра ауылға қайта беріпті. Бір қызығы, тірі қалған алтыншы бөлтіріктің көрер жарығы бар екен. Әбділдә оны байқамады ма, әлде, көзге шынымен көрінбеді ме, сол тұтастай ұяластары қолға түскенде әлгі бөлтіріктің аман қалуы ғажап нәрсе. Жолдасына қастық етпейтін түз тағысының осы жолдағы табиғат берген түйсігіне тәнті боласыз. Әлгі бөлтірікке өзінен бір жыл бұрын туған «бауыры» кезігіп, жетекке алып, асырай береді. Қауіптің қайдан келгенінде түйсінген әлгі қасқыр араға сәл уақыт салып,  бөлтірікті ертіп, қақпаншының шағын ауылына жақындапты. Сол жолы Нұртас деген ауыл адамының қоралы қойын қынадай қырып кетіпті.

Аңшылық жайлы атаның айтары көп. Қасқыр өзін алатын иттің туған кезін сезеді екен. Ебін тауып, күшік кезінде талап өлтіруге тырысады. Табиғат берген сезімталдыққа таң қалмай көріңіз. Тіптен, аңшының өзінен басым екенін білсе, тек қашып құтылуды ғана көздейді. Ал көктем кезінде бұл «қасекең» аң біткенге мүлде жоламауға бар. Мысалы, «құралайдың салқыны» деп аталатын көктемгі киіктің төлдеу уақытында ет жемей, мойыл деп аталатын көк бас шөпті теріп жейтінге ұқсайды. Мойыл да дәл сол уақытқа туралап өсетін көрінеді. «Қасқыр мойын жейін бе, мойыл жейін бе деп айтады» деген сөздің төркіні осында.

Қазақ болсын, басқа түркі халықтары арасында болсын аңшылық туралы әңгіме таусылмайды. Оның үстіне құс салу, тазы жүгірту сияқты қақпан құру да қазақтың ата кәсібі. Қазіргі күні аңшылықты автоматпен қыру деп түсініп, жол талғамайтын қымбат көлікпен дүркірете қуған киікқұмарлардың қасында тұтастай халықты табиғат берген несібесімен асырап, үнем мен  қанағатпен аулаған қақпаншы қарттың жолы тіптен бөлек. Бірақ, көңілден көмескі тартып бара жатқан осы кәсіпті «қайтсек жаңғыртамыз» деген кісі қарасы да аз.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<