АРМАНЫ БИІК АЙДАНА

395

0

«Неткен сен бақытты ең, келер ұрпақ, Жүзіңе көп қараймын мен таңырқап». Дәуір дауысын жеткізген ақын Қасым Аманжоловтың бұл жалынды жыр жолдарын бүгінгі жастарға қарата айтуға болатындай. Шынында, қазір біздерге жол ашық. Сапалы білім алып, кәсіби білікті маман атануға кедергі жоқ. Шекара асып, шетелде білім алуға берілген мүмкіндік те – қолдаудың айқын дәлелі. Ел ішінде де Назарбаев университеті секілді  әлемдегі жоғары оқу орындарының тізіміне енген білім ордалары бар. Мұнда ілім жолында із қалдырып, тың тәжірибені игеруді қалайтын студенттер оқиды. Жерлесіміз Айдана Бағдат солардың қатарында.

Білімге құштар жаспен әңгіме барысында көп дүниеге қанықтық. Айдана 11 сыныпқа аяқ басар шақта Астанадағы қазақ-түрік лицейіне ауысқан екен. Түлектерді сын тезінен өткізетін ҰБТ-ға 1-2 жыл бұрын қамданып, дайындығын алдын ала пысықтаған. Содан болар, көптің көңілін күпті ететін емтихан оған қиындық тудырмапты. Керісінше, мақсатына бір қадам жақындатып, озық оқу орнының табалдырығын аттауға мүмкіндік берген.

– Адам – өз өмірінің қожасы. Бірақ, болашағын болжай алмайды, тек жоспарлаумен шектеледі. Мен де бала кезімнен мектепті үздік тәмамдап, өзім қалаған мамандыққа тапсыруды ойладым. Оқушы кезден-ақ, Назарбаев университетіне түсуге талпындым. «Қолымнан келмесе… » деген ой болды. Бірақ, арман, еңбек пен сенім мені алға жетеледі. Нәтижесінде қорқыныш билеген түсініксіз сезім артта қалды. Қазір «Халықаралық қатынастар» факультетінің ІІ курс студентімін. Бұл жауапкершілікті арқалау, оқу үлгерімін үнемі жетілдіріп отыру оңайға соқпайды. Дегенмен, қиындыққа мойымаған жөн. Оқу барысында неғұрлым қиындық болған сайын, соғұрлым білікті бола түсесің, – дейді кейіпкеріміз.

Айдана өркениетті елдердің маң­дай­алды деген оқу орындарымен иық тіресе алатын университетте барлық жағ­дай қарастырылғанына да тоқталды. Бастысы, мұнда білім сапасына жауап беретін қажеттіліктер шешімін тапқан. Соған сәйкес оның шәкірті атанар жасқа қойылар талап күшті.

– Университет академиялық сапаны қамтамасыз етуді назарда ұстайды. Мұның дәлелі ретінде университет түлектерінің шетелдік үздік оқу орындарының магистратура және докторантура бағдарламаларында оқуын жалғастыруын немесе белді ұйымдарда қызмет етуін айтуға болады. Оқыту ағылшын тілінде жүргізілетіндіктен, тәлімгерлер шетелдік алдыңғы қатарлы зерттеу жұмыстары мен ғылыми әдебиетті түпнұсқада оқиды. плагиатқа және академиялық адалдық қағидаларын бұзуға жол берілмейді. Дәрістерді жиі қалдырсаң, бір жылдық оқу есепке алынбайды. үй жұмысы мен бақылау жұмысын өзің орындамай, плагиат болып танылса да университеттен шығуың ықтимал. қасыңдағы досыңнан көшірсең де сол жағдай. егер бұл жүйе сізге тым қатал болып көрінсе, адал еңбекке дайын болмағандықтың белгісі саналады, – дейді ол.

Университеттің озық болуын анық­тайтын тағы бір фактор – ерекше аура мен этнос болса керек. Мұны білім ошағына кірген кез келген жан байқайды екен. Профессорлардың кішіпейілділігі, ашықтығы да әсер қалдырарлық. Оқу ордасындағы ерекшеліктің қатарына әр студенттің сабақ кестесін өзі дайындауы кіреді. Мәселен, Айдана азанғы мезгілде сабағына қатысып, түс ауа әртүрлі үйірмеге, студенттік клубтарға барады. Биыл студент үкіметінде «Мәдениет министрі» болып тағайындалғанын да қуанышпен жеткізді. Біз де оның осы қарқыннан таймай, ізденуін жалғастырса, болашақта өзі армандаған елші қызметіне қол жеткізетініне сенім білдірдік.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<