ҚАРЫЗ ҚАЙТАРЫЛМАЙ, ЖЫЛУ БЕРІЛМЕЙДІ

306

0

 Жылу маусымының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Алайда, жылу-электр орталығына берешегі бірнеше жүз мың теңгеден асатын тұтынушылар көп. Осыған сәйкес, мекеме мамандары қарызы бар тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандарға рейдтік шаралар жүргізіп, ескерту жасады.
Жалпы қала бойынша жы­лу­ға берешек 294 млн 325 мың теңгені құрайды. Оның ішін­де 4-5 жылдан бері қорда­ланған қарыздар да бар. Борыш­кер­лер­дің басым бөлігі – қарапайым тұрғындар.
– Жылдан-жылға қарыз азаю­дың орнына көбейіп барады. Тұрғындар жылуды пайдаланып отырса да, ақысын төлеуге құлықсыз. Сондықтан, олардың ісі сотқа жолдануда, – дейді «Қызылорда жылу-электр орталығының» учаске басшысы Нұрлыбек Маханбетов.
Айталық, «Шұғыла» шағын ауданындағы №43 үйде орналас­қан «Арман» дүкенінің жылуға қарызы – 100 мың теңге. Бұған дейін бірнеше мәрте ескерту жасаған мамандар бұл жолы нысанды жылудан ажыратты.
Қаладағы шағын және орта бизнес субъектілерінің жылуға қарызы 27 млн теңгеден асады. Рейд барысында мекеме қызметкерлері бере­ше­гін төлеуден жалтарып жүрген бірнеше кәсіпкерлік нысанына барды. Алайда, олардың әзірге бұл мәселеге алаңдайтын түрі жоқ. Мамандар болса, қарыз өтелмей жылу берілмейді деп отыр.
– Қарыздарды өндіру үшін қатаң шаралар қолға алынған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, борышкердің мүлкіне тыйым салу, оны елімізден тыс жерлерге шығуға шектеу қойылады, – дейді мекеменің бөлім басшысы Ғазиза Боранбаева.
Айта кету керек, биыл №6 бу қазандығы мен №3 бу турбинасы толық күрделі жөндеуден өтті. Қазір желілер жылу беру маусымына 100 процент дайын.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<