Байырғы басылымның белесі

632

0

Бастауын 1933 жылдың 1-қыркүйегінен алатын Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті биыл 85 жылдық белеске шығып отыр. Басылымның мерейлі мерекесіне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Қоғамдық сананы қалыптастыруда төл басылымның рөлі» тақырыбында облыстық семинар өтті. Оған есімі елге белгілі қаламгерлер мен аймақ журналистері қатысты. 

Семинарды аудан әкімі Ғалым Әміреев жүргізді. Шара барысында аудандық газеттің тарихи жолы мен бүгіні жайлы түсірілген «Қауырсын қалам ұшқыны» ат­ты бейнеролик көрсетіліп, 85 жыл­дыққа арнайы шығарылған «Дәуір айнасы» кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев  пен аудандық ішкі сая­сат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов лебіздерін білдірді.

Бүтін бір ауданның үнжа­риясына айналған басылым алғаш­қыда «Екпінді» болып жарық көрсе, одан беріде «Қызылмақташы», «Коммунизм жолы» деген атаумен оқырманға жол тартты. Ал, 1991 жылдан бастап «Жаңақорған тынысы» аталып келеді.

Бұл басылымда Әбдірейім Рыскелдиев, Мүлкаман Қалауов, Махамбет Әбдрайымов, Әшім Отарбаев, Ілияс Мырзахметов, Нүрділла Жәкеев, Сейткамал Үсебаев, Көпбай Ержанов, Баймахан Уызбаев, Сыдық Алдабергенов, Смайыл Ақжігітов, Әзілхан Аманов, Мырқы Исаев, Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев, Айдархан Бибасаровтың өзіндік ізі қалды. Тәуелсіздік жылдарынан бері Өлмесхан Болатбеков, Алмас Бекжігітов және Қаныбек Әбдуовтер басылым тынысын аша түсті.

Бүгінде басылым аймақ тынысын айшықтап, Елбасы тапсырмасына сай өңірде атқарылып жатқан толымды істердің насихатшысына  айналған.

Облыстық және аудандық басы­лымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы заманауи сипат алды.

Газет мерейтойына орай ұйым­дастырылған шарада Қызыл­орда қалалық «Ақмешіт апта­лығы» газетінің бас редакторы Әділжан Үмбет пен аудандық басылым редак­торы Нұрлат Байгенже баяндама жасаса, белгілі айтыскер ақын  Әбілқайыр Сыздықов жырдан шашу шашты. Семинар соңында газет қызметкерлері мен бірқатар сала ардагерлеріне аудан әкімі мен «Сыр медиа» ЖШС марапаты табысталды.

Ақпарат айдынында өзін­дік орны бар «Жаңақорған тынысы» газетінің  келешекте ешкімге ұқсамайтын өз жолы болатыны көрініп тұр. Редакциядағы мамандар қа­тары қаламы қуат­танған, тал­ғамы толысқан, ойы кемелденген тәжірибелі журналистермен толыққан. Басылым материалдарының рухани бағыты мен мазмұндық мәні терең, оқырманға ой сала білетіндігімен ерекшеленеді.

А.АҚЫЛБЕК.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<