Бірлестік жұмысы жаңаша қарқын алды

609

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова белгілі қоғам қайраткері, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Мұрат Әбеновпен кездесті.

Кездесуде аймақта Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының мәселесі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президент берген тапсырмалар талқыланды. Сондай-ақ тек облыс орталығында ғана емес, аудан, ауылдық жерлерде де азаматтық қоғамның беделін арттыру, оларды өңірлерді дамыту ісіне тарту қажеттігі айтылды.

Үкіметтік емес ұйымдар – ел қуа­тын арттырып, мемлекеттің тұрақ­тылығын күшейтетін маңызды қоғам­дық институт. Қазіргі таңда облыста 996 ҮЕҰ тіркелген. Оның ішінде 443 бірлестік, 294 қор, 259 филиал мен өкілдік бар. Үкіметтік емес ұйымдардың 454-і өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне бел­­сенді араласып, өз үлесін қосып келеді.

ҮЕҰ-ға жан-жақты көмек көр­сетіп келе жатқан Азаматтық Альянс қауымдастығының жұмысы жан­данып, қызметі жаңа бағытта қарқын алды. Қауымдастық «Қы­зылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассо­циациясы» заңды тұлғалар бірлестігі болып қайта құрылып, басшылығына азаматтық қоғам саласында нәтижелі еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Анар Ізден тағайындалды. 

Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасының ассоциациямен бірігіп өткізген  «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде» ҮЕҰ тарапынан 201 млн 159 мың теңгені құрайтын 30-ға жуық жоба ұсынылды. Үздік деп танылған жобалар басқармаларға, қала және аудан әкімдіктеріне өз құзыреті шегінде қарауға ұсынылды.

Облыс әкімі ассоциация бас­шылығымен бірнеше рет кездесті. Соңғы кездесуде аймақ басшысы 7 аудан мен Қызылорда қаласында ҮЕҰ-ны қолдау, ақпараттық-ресурстық орталықтар ашуға жәрдемдесу үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

Облыс бойынша ҮЕҰ-ға өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 1 млрд 223 млн 382 мың теңге бөлініп, 165 әлеу­меттік жоба жүзеге асырылса, биылғы І жартыжылдықта 1 млрд 296 млн теңге қаралып, 154 әлеу­меттік жоба іске асырылуда.

Мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс аясындағы жобалар негізінен ұлтаралық қатынастарды реттеуді, ұлттық саясатты жүзеге асыруды, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуды, жастар және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыруды, азаматтық бастамаларды қолдауды көздейді. Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік жобалар қазіргі қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қысқартылып, облыс экономикасын қалпына келтіруге бағытталуда.

Кездесу соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қоғам қайраткері, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Мұрат Әбеновке алғысын жеткізіп, қоғамдық-саяси бағыттағы бастамаларына сәттілік тіледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<