«Бөлінген қаржы игерілуі тиіс»

1416

0

Бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы 9 айлық қорытындысы, облыс бюджетінің 9 айдағы игерілу барысы және болжамы, жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы, жылу беру маусымының басталу барысы айтылды.

Бүгінде экономикалық дамуды сипаттайтын макрокөрсеткіштердің бірқатары бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы 3,5%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,1% және тұрғын үйлерді пайдалануға беру 0,4% артты.

Өңірдің әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуының биылғы 9 айлық қорытындысын баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жос­пар­лау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай өнеркәсіп өнді­рісінің 60 процентке жуық үлесін алып отырған мұнай өндіру көлемі жыл сайын кемуде екенін атап өтті.

–    Тоғыз ай ішінде мұнай опера­торлары 3484 мың тонна шикі мұнай өндірсе, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 750,8 мың тоннаға кем. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 4291 мың тонна шикі мұнай өндіру күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 млн тоннаға төмен. Мұнайға тәуелділіктен арылу, шикізаттық емес секторды дамыту, осылайша өңір экономикасын әртараптандыру бойынша жоспарланған шаралар атқарылуда. Жыл аяғына дейін Арал ауданында 200-ден астам адамды жұмыспен қамтитын үш өндіріс көзі ашылмақшы. Олар – кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинаты және екі балық өңдеу цехы, – деді ол.

Өңір экономикасына әсер еткен жағдайларды сараптаған бас­қар­ма басшысы «Ауыл – ел бесігі», «Қы­зылорда облысының эконо­мика­лық даму жоспары», «Жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және тағы бірқатар мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар құрылыс салу көлемі, негізгі капиталға инвес­тициялар тарту көрсеткіштері бойын­ша межені орындап қана қоймай, оған қоса өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларына да оң ықпал ететінін атап өтті.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл облысқа 62 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру үшін 5,1 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 35 жоба толығымен іске асырылды.

Басқарма басшысы әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтитын макрокөрсеткіштердің аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша орындалуына тоқталып, Жалағаш және Қармақшы аудандары барлық алты макрокөрсеткіш бойынша жоғары нәтиже көрсеткенін жеткізді.

Аймақ басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, аудандар және Қызылорда қаласының әкімдері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының макрокөрсеткіштері бойын­ша 2020 жылдың жоспарлы параметрлеріне қол жеткізуді қамта­масыз етуді және статистика департаментімен бірлесіп, ай сайын экономикалық көрсеткіштердің орын­далуына алдын ала талдау жасап, оң тенденцияны қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуді тапсыр­ды. Сондай-ақ, бірқатар мәселелер бойынша да тиісті органдарға тапсырмалар жүктелді.

Биыл 1 қазандағы көрсеткіш бойынша облыс бюджетінің түсім­дері 103,3 процентке орындалды.

– Шығындар жоспары 99,7 пайызға игерілген. Ал, бюджет қара­жатының жылдық жоспарының 67% ғана игеріліп отыр. Жалпы, жыл соңына дейін 123 млрд теңге қаржы игерілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық қаржы бас­қармасының басшысы Елена Шаврова биылғы 9 айда облыс бюджеті шығыстар бойынша 99,7% орындалғанын атап өтті. Атап айтқанда, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған ау­дандары мен Қызылорда қаласының бюджеттері бойынша қаражат 99,9% игерілді. Тоғыз айдың қорытындысына сәйкес қаражаттың ең төмен игерілуі Сырдария ауданына тиесілі – 98,8 %.

Аймақ басшысы 2020 жылдың қорытындысымен игерілмеген қар­жылар бойынша тікелей бірін­ші басшыға тәртіптік шара қолда­нылатындығын айтып, жауапты ор­ган­дарға нақты тапсырмалар берді.

Жиында жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы бойынша облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының бас­шысы Гаухар Қалмақова баяндама жасады.

– Биыл «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында облыста 275 жоба жүзеге асып, 10 қазандағы көрсеткіш бойынша 9182 адам жұмысқа орналастырылды. Орта­ша еңбекақы 88242 теңгені құ­райды. 9 айдың қорытындысы бойынша қаржының игерілуі – 98,6 процент. Бүгінде іске асырылып жатқан жобалардың 41,5 проценті орындалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аяқталғаннан кейін, 452 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді ол.

Басқарма басшысы жол картасы аясында жұмысынан босатылған тұлғаларды әрі қарай жұмыспен қамту мәселелеріне де тоқталды.

Осы мәселеге орай облыс әкімі об­лыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасы басшысына Қызылорда қаласы және аудан әкім­дерімен бірлесіп, жоба аяқталғаннан кейінгі тұрақты жұмыс орындары­ның ашылуын, жоба аясында жұмыспен қамтылған азаматтардың кемінде 50%-нің тартылуын қам­тамасыз етуді жүктеді.

Биыл өңір басшысының тап­сырмасына сәйкес пандемияның алдын алу мақсатында облыс бо­йынша жылу беру маусымы 10 қазаннан басталды.

Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының бас­шысы Руслан Нұрмағанбетов баян­дады.

Облыс көлеміндегі барлық 1185 әлеуметтік нысанның бүгінде 1183-і жылумен қамтылды. Сонымен қа­тар, облыс орталығындағы 713 және Қазалы ауданынының Әйтеке би кентіндегі 67 көпқабатты тұрғын үй жылуға толығымен қосылды.

–    Қазір «Қызылорда­жылу­электр­орталығы» МКК-мен пәтер иелері кооперативтері қыз­мет­кер­лері тұрғын үйлердің өжірелері мен пәтерішілік жылу құбырларына қосымша тексеру жұмыстарын жал­ғастыруда. Мұнан бөлек биылға жоспарланған «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК теңгеріміндегі 8 шақырымға жуық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталып, жылу беріліп, тротуар төсеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр. Жоспар бойынша осы айдың аяғына дейін аяқтап, нысандарды қабылдай бастаймыз, – деді ол.

«Қызылорда­жылуэлектр­орта­лығы» МКК-нің № 6 бу қазандығы және 14 автономды блокты модульді қазандықтар жұмыс істеп тұр. «Оңтүстік қазандық» филиалында 2 қазандық, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалында 2 қазандық жұмыс істеуде.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ келі­сім­­шарт негізінде газ отыны үздіксіз берілуде. Бұдан бөлек 10 күндік авариялық қоры 4,6 мың тонна мазут жасақталған.

Облыс әкімі жылу берілуіне байланысты тұрғындардың шағымы бар екенін,  мәселе шешілуі керегін баса айтты.

– Әлеуметтік желілер арқылы Қызылорда қаласындағы шағын аудандар тұрғындары тарапынан әлі күнге дейін жылудың дұрыс берілмеуі, қысымның аз болуы жөнінде арыз-шағымдар көп түсуде. Осыған қарамастан жылу үшін коммуналдық төлемді 10 қазаннан бастап есептейтіндіктерін айтып, наразылықтарын білдіруде. Осы бағытта нақты шаралар қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Қызылорда қа­ласы мен аудан әкімдіктері, бюджеттік бағдарлама әкім­ші­лері мен коммуналдық кәсіп­орын басшыларына 2020-2021 жыл­дардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін, отын қоймаларына қажетті көмір көлемінің тұрақты жеткізілуін қатаң тапсырды.

Айдана Жұмадинова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<