Депутаттық сауал

308

0

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» еңбегінде: «Латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, XXI ғасыр­дағы ғылыми және білім беру процесінің ерек­шеліктеріне байланысты», – деп өз көзқарасын ай­қын білдірген болатын. Жақында ғана «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы да қолданысқа енгізілді. Біз жазуымызды жаңғырту арқылы ана тіліміз бен қоғамдық санамызды жаңғыртуға зор мүмкіндік алдық.

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру өз ұрпа­ғымыздың болашағы үшін және бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге, ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындығы басы ашық басты мәселе екендігі барша қазақстандықтардың санасына сіңді ғой деп ойлаймыз.

Елбасы ендігі арада Парламент те, Үкімет те өз жұмыстарын тек қана мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде орынды нұсқау берді. Бұл біздің қоғамның көптен бері күтіп жүрген зәрулі бір мәселесі болатын. Өйткені, мемлекеттік тілде сөйлеу және оны дамыту барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеті. Елбасының осы тапсырмасы ендігі арада Қазақстанның барлық облыстық әкімдіктерінен бастап, меншік иесіне қарамастан, бүкіл мекемелерде жүзеге асырыла бастағаны да жөн болар еді.

Қазір қоғамды тағы да бір мәселе алаңдатып отыр. Латын әліпбиі қолданысқа енгізіледі деген әңгімеден соң, әсіресе әлі күнге дейін өз ана тілін жетік білмейтіндердің қауіптері күшейіп, олар өз балаларының болашағына алаңдап, балаларын орыс тілді мектептерге бере де бастады. Өйткені ертеңгі күні балаларын латын қарпінде оқытып, білім беруге үрке қарап отыр.

Латын әліпбиімен бірге кириллица қатар жүре­тіндігі біздің біртұтас ұлт болуымыздың өзіне қауіп төндіретіндей. Себебі латын қарпін тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданатын болсақ, күні ертең әр ата-ана  балаларын өздері білетін  тілдегі, яғни кириллица  графикасымен  орыс тілінде жұмыс істеп тұрған мектептерге беруі де қазірден белгілі болуда. Түптің түбінде қоғамды біреулері  латын әліпбиін меңгерген, ал екінші топты латын қарпін білмейтін, тек кириллицамен ғана жұмыс істей алатын топтарға бөліп жібермей ме деген мәселе алаңдатады. Бұл тұтас бір қазақ ұлтының тағы да тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеліп соғатындай сезіледі.

Қалыптасып отырған осы бір жағдайға  байланысты және Елбасының Қазақстанның болашағы – Қазақ тілінде деп айтқан идеясына орай латын әліпбиін сол арқылы мемлекеттік тілді Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлт өкілдерінің білуі керек деп санаймыз. Бұл маңызды мәселені еліміздегі барлық диаспоралардың саналарына осы бастан сіңіретіндей түсінік жұмыстары жүргізілуі қажет. Өйткені, болашақта латын әліпбиімен жұмыс істейтін тіл – ол біздің қазақ тіліміз – Мемлекеттік тіл! Ал, Мемлекеттік тіл – барлық қазақстандықтарға ортақ тіл.

Осыған орай, жалпы Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, яғни бүкіл балабақшаларда ендігі арада оқу-тәрбие жұмыстарының бәрі де  тек латын әліпбиіне  негізделген мемлекеттік тілде жүр­гізілуін ойластыруды және балабақшаларда латын әліпбиін  қазірден бастап  оқытып, үйретуді қажет деп санаймыз. Үкіметтің осы мәселеге қатысты кешенді іс-шара жасауын сұраймыз.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<