Еңбекке құрмет

438

0

Ел дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Нәжімәдин Мұсабаев биыл 70 жасқа толып отыр. Мерейлі мезетімен оны облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтады. Шараға облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қатысты.

Нәжімәдин Түркпенұлы – Арал ауданының тумасы. Қазақ химия-технологиялық инс­титутының инженер, құры­лысшы-технолог, Қазақ­стан менедж­мент, экономика және жоспарлау институтының сая­саттанушы мамандықтары бойынша түлегі. Еңбек жолын 1971 жылы Қазақ химия-технология институтының кіші ғылыми қызметкері ретінде бастаған. Одан кейін «Облремстрой» тресінің Жаңақазалы шаруашылық есептегі құры­лыс жөндеу учаскесіне, «Кызыл­ор­даремводстрой» тресі №64 Қазалы жылжымалы меха­никаландырылған колоннасына жетекшілік жасады.

Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық халық депутаттары атқару кеңесінің төрағасы, облыстық халық депутаттары атқару кеңесі төрағасының орынбасары болды. Облыс әкімінің, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық экономика басқармасының бастығы, Қазалы, Жаңақорған Арал аудандарының әкімі қыз­метін атқарды. Бүгінде ол – «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, басқарма мүшесі.

Саналы ғұмырында абыройлы қызмет атқарып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене атсалысқан азаматтың өмір жолы – өскелең ұрпаққа үлгі.

– Қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаевтың «Оңай кезде ойсырата іс тындыруға әркім де құштар. Қиын кезде бел бууға тек ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады» деген керемет сөзі бар. Нәжімәдин ағамыз да қиын-қыстау заманда елдің сөзін сөйлеп, кісілігімен қатар, кішілігін де танытып, үлкен істерге үлес қосты. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңес­теріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мерейтой ие­сіне облыстың Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.

Кездесуде Нәжімәдин Түрк­пенұлын замандас достары мен зиялы қауым өкілдері құт­тықтап, игі тілектерін жеткізді.

– Нәкеңді 40 жылдан астам уақыттан бері білемін. Инсти­тутты бітіріп келіп, еңбек жолын қатардағы инженер болып бастап, барлық қызмет бас­пал­­дағынан өтті. Оны бас­қа­лардан ыждағаттылығы, шы­дам­­­дылығы мен табан­ды­лығы ерек­шелеп тұрады, – деді ауыл шаруашылығы сала­сы­ның ар­дагері Әбдіғаппар Әмір­ғалиев.

Өз кезегінде мерейтой иесі көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<