Елінің асыл перзенті, ерліктің эталоны

937

0

Биыл – Кеңес Одағының Батыры, еңбек және соғыс ардагері Жәлел Қизатовтың туғанына 100 жыл. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында аймақта ер есімін ұлықтау шаралары өтуде. Соның бірі кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қызылорда қаласында орналасқан қаһарман атындағы №23 мектеп-лицейде ұйымдастырылды.

Ж.Қизатов 1920 жылы 9 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атанды. Жоғары партия мектебін бітіріп, ел басқару ісіне араласты. Солтүстік Қазақстан облысындағы Ленин, Булаев аудандары атқару комитеттерінің төрағасы, Таман дивизиясы атындағы кеңшардың, Қарақоға элеваторының директоры қызметтерін атқарды.

Қазақстан аумағының ядролық сынақ алаңына айналуына қарсы­лығын ашық білдірген алғаш­қы­лардың бірі. 1968 жылы Қызылордаға қоныс аударып, облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы, табиғатты қорғау қоғамы төралқасы төр­аға­сының орынбасары, төрағасы болды.

Аймақ экономикасын, оның ішін­де ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуға атсалысты. Оның жетекшілігімен Қызылорда астық өнімдері ком­бина­ты, Жалағаш және Шиелі элеваторлары салынды.

Ж.Қизатов Арал эко­логиялық апат аймағының түйткілдерін одақ көлемінде көтере білді. Одан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау мәселесі жөніндегі заңды жетілдірушілердің бірі. Ауған соғысы және Чернобыль апатына қатысу­шылардың мүддесін қор­ғау жолында аянып қалған жоқ.

Тау тұлғалы азаматтың тағы бір қыры – қаламгерлік қабілеті. Бірнеше өлең, әңгіме, поэма және повестьтер жинағын жарыққа шығарды. Тәуелсіз мем­лекет құру бағытындағы алғашқы жиындарға түгел қатысып, мемлекеттік рәміздерді бекітуде, тұңғыш Конс­титуцияны қабылдауда қолтаң­басын қалдырды. Құдай қосқан қосағы Шәмшібанумен бірге жеті баланы өсіріп, аяқтандырды.

Ж.Қизатов – екі мәрте «Ленин», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденінің, көптеген медаль мен «Қызылорда қаласының Құрметті аза­маты» атағының иегері.

– Қоғам қайраткерінің есімі туған жерінде ғана емес, Сыр елінде де құр­мет төрінде аталады. Қызылжар мен Есіл ауданының орталығы Явленка ауы­лын­дағы көшелерге, өзі білім алған ауыл шаруашылығы техникумына батыр есімі берілген. Туған ауылы Қарағайда бюсті орнатылып, мұражай бұрыштары жасалған. Туған жеріміздің дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаға шынайы құрметіміз ретінде Қызылорда қаласының көшесі және №23 мектеп-лицейге есімі беріліп, ескерткіш бюсті орнатылған. «Жақсының аты өшпейді» дегендей, тау тұлғалы азаматтарымыздың атын ардақтап, келер ұрпаққа үлгі ету мақсатынан жаңылмақ емеспіз. Елін шын сүйген елінің асыл перзенті, ерліктің эталоны Жәлел Қизатовтың есімі мәңгі есте сақталады, – деді облыс әкімі.

Жиында мемлекет және қоғам қайрат­кері, академик Бақберген Досман­бетов, Қазақ Білім ака­демиясының академигі Бүркітбай Аяған, майдангердің туыстары ардақ тұтар абырой иесінің ел үшін ат­қарған еңбегін ерекше атап өтті. Өз кезе­гінде ұлы Көмекбай Қизатов тұлғаны құр­меттеп, игі шараның өтуіне ұйытқы бол­ған Сыр жұртшылығына алғысын жеткізді.

Одан кейін қонақтар батырдың ескерткіш бюстіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<