«Халық алғысы» және 20 автокөлік

873

0

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған  «Халық алғысы» медалімен марапатталды. «Халық алғысы» медалі Президент Жарлығымен пандемиямен күресте айрықша көзге түскен азаматтарды ынталандыру мақсатында бекітілген  болатын.

Рәміздер алаңында өткен жиында департамент бастығы, полиция полковнигі  Сұлтан Бектөре құттықтау сөз сөйледі.

Осы күні сақшыларға жаңа автокөліктер кілті табыс етілді. Жол талғамайтын көліктер учаскелік полиция инспекторларының иелігіне берілді. 20 автокөлік тұтастай заманауи құрылғылармен  жабдықталған.

– Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрі полиция және медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады. Төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еткен 25 полиция қызметкері мен 4 медицина маманы «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Облыс әкімдігімен бірлесіп, Президент Жолдауын кезең-кезеңімен орындау мақсатында  учаскелік полиция инспекторларына 20 автокөлік берілді. 

Сонымен қатар, Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер министрінің атынан облыстық полиция депар­таменті Қызылорда қалалық полиция басқармасының №11 озық учаскелік полиция пунктіне қызметтік автокөлікке сертификат ұсынылды. Учаскелік полиция инспекторларын қажетті техникамен қамтамасыз етіп, мәртебесін көтеру  Президенттің және Ішкі істер министрінің «Халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша нұсқауын сапалы және уақытылы орындауға мүмкіндік береді, – деді департамент бастығы.

– Төтенше жағдай кезінде халық игілігі үшін тынбаған қызметкерлерге Мемлекет басшысының марапаты – үлкен демеу. Карантин басталғалы күні-түні еңбек еттік.  Артылған  сенімді ақтауға тырыстық. Қиын уақытта медицина қызметкерлерімен бірге карантин режимін қамтамасыз етіп, тұрғындарға көмек көрсеттік. Бүгін, міне, еңбегімізге жоғары баға беріліп отыр. Басшылыққа өзімнің және әріптестерімнің  атынан шын жүректен алғыс айтамын, – деді «Халық алғысы» медалімен марапатталған полиция аға лейтенанты Бауыржан Нысанқұлов.

Тәртіп сақшылары халықтың бейбіт өмірі мен тәуелсіздік құндылықтарын қорғау жолында аянбай еңбек ете бермек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<