Көмірдің 86 проценті жеткізілді

694

0

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетовты қабылдап, 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымының өту барысын талқылады.

Биыл Қы­зыл­орда облысында жылу беру мау­сымы 10 қазаннан бас­талды. Қазіргі таң­да өңірдегі 1185 әлеуметтік ны­­санның 1183-і жы­лумен қам­тамасыз етілген. Сонымен қатар, бүгінгі күнге орталық­тан­ды­рылған жылу жүйе­сіне қосылған Қызылорда қала­сындағы 717 және Қазалы ауданының Әйтеке би кен­тіндегі 67 көпқабатты тұрғын үйге жылу берілген. Басқарма басшысы көмір мәселесінің де шешіліп жатқанын жеткізді.

 – Қазіргі уақытта облыс тұрғындарына қажет 163,6 мың тонна көмірдің 86 проценті жеткізілген. Қалған қатты отынды кәсіпкерлер тасымалдауда. Алдағы уақытта өңірде көмір тапшылығы болмайды деп жоспарлап отырмыз. Ал, әлеуметтік сала нысандарына қажетті 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын толығымен жасақталған, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

Аймақ басшысы пандемия уақытында тұрғындарды түгел жылумен қамтамасыз етіп, оларды суық тиюден сақтау қажет екендігін қадап айтты.

– Қазіргі таңда әлемде болып жатқан эпидемиологиялық ахуалды бәріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан халықты тоңдырмай, жылу маусымын сапалы жүргізуіміз қажет. Біздің мақсатымыз – тұрғындардың денсаулығын сақтау. Сондықтан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қала, аудан әкімдерімен бірлесіп, бұл мәселені ұдайы назарда ұстаңыздар. Көмір мәселесін де толық шешіп, халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етіңіздер, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жылуға қарызы бар тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандар туралы сараптама жасауды тапсырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<