ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ҰЛЫЛЫҚ

310

0

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларына үн қосу мен аймақтағы ата басылымның 90 жылдығына орай қолға алынған «Жолсапарды» айдынды Арал ауданында жалғастырудың сәті түсті. 

Көне дәуір көмбесі саналатын өңірдің өткенін баяндаған «Жолсапар» желісін бұл жолы журналист Мұрат Жетпісбаев жүргізген еді.

МУЗЕЙ –  МҰРАЛАР  МЕКЕНІ

Біз түскенде Аралды бет қаратпайтын кәдімгі қызыл­шұ­нақ аяз буып тұр екен. Күтіп алған азаматтарға сапары­мыз­дың мән-жайын айттық та, бірден аудандық өлкетану му­зейіне тарттық. Мұралар ме­кенінің басшысы Мәди Жасекенов 6 залды аралата жүріп, ме­кеменің тарихынан әңгіме таратты.

Отыз жылдан астам бұрын ашылған музейдің өткені Сыр өңіріне белгілі азамат Құ­дайберген Жасекеновтің есі­мімен тығыз байланысты.  Сұ­ра­пыл майдан төсінен аман оралған қайраткер сол тұстағы көп қатарлары секілді комсомол жұмысында жетіліп, 1960-1986 жылдары аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Осы сала­дағы көп бастамалардың басында тұрған ол кісінің ел ұмытпайтын үлкен бір еңбегі –  аудандық тарихи-өлкетану мұражайын ұйымдастыруы болды. Ауыл-елді аралап жүріп, 5 мыңдай құнды жәдігер жинап, тарихи өлкенің өткені туралы баяндайтын музей жасақтады. 1986 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде ашылған мекеме араға 2 жыл салып, өз алдына бөлініп шықты. Құдайберген Жасекенұлы осы мекемені ашыл­ғаннан бастап 1995 жылға дейін басқарды. Бүгінде қо­рындағы жәдігер саны 10 мың­нан асқан музейге жыл сайын орта есеппен 15-20 мың адам келеді.

–    Мемлекет басшысының “Бо­ла­­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақалалары сала­ның жаңаша  дамуына серпін берді. Осыған дейін “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында келушілерге танымдық лекция оқып, ауылдарда көшпелі көрме ұйымдастырып келдік. Биыл соның аясын кеңейтіп, Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы шеңберінде му­зей жәдігерлерін көрші Ақ­төбе облысы мектеп­тері оқу­шы­­ларына таныстырып қайт­пақ­­шымыз, – дейді мекеме басшысы.

Музей қорындағы жәдігер­лердің қай-қайсысы да құнды. Мысалы, қазір тасқа айнала бас­таған мына экспонаттар кезін­дегі теңіз табанынан та­былған акуланың тістері. Жалпы ежелгі теңізді зерттеушілер “Арал кезінде әлемдік мұхитпен қосылып жатқан” деген болжам айтады. Соның растығын осы қаңқалар дәлелдеп тұр.

Ал мынау – атақты Жетес би­дің сандығы. Сандық жіңішке сым темірлермен бекітілген. Музейдегі құнды мұралар қата­рындағы дүниенің әлі сыны кетпеген.

Қай іске де әділ кесім айтып,  болыс болып ел басқарған тұлғаның шәугімі де осында сақтаулы тұр. Ресей шебер­ханаларының бірінде, орыс ұста­ла­рының қолынан шыққан бұйымды биге  Қазалы уезінің генерал-губернаторы сыйға тарт­қан деген дерек бар. Құнды мұраны би ұрпағы Алғазы Жетесов 1985 жылы музейге тапсырған.

Жалпы Арал қаласының ір­гесі 1905 жылы Алтықұдық деп аталған кішкене қыстақ не­гізінде қаланған. Сол Алты­құдыққа жеткен теміржол рельс­терінің үзіктері де осында сақ­таулы. Өткен ғасырдың басында шыққан рельстер әлі сол қалпы тұр.

Музейде бір кездері халы­ққа мәдени қызмет көрсеткен құрылғыларға арналған бұрыш та бар. Қазір әлемнің қай бұрышын да қолындағы алақан­дай телефонынан көріп отырған жастар үшін магнифонның өзі таңсық. Ал мұнда оның атасындай патефонға дейін тұр. Осы аспаптардың ұдайы жұмыс істеуін қадағалап тұратын Мәди Құдайбергенұлы патефонның құлағын бұрап қалғаны сол еді, бір әдемі әуен төгіле жөнелді. Ешқандай қырыл-сырыл жоқ, үні тап-таза. Қызық үшін инелі радиоланы да қосып көрдік. Сырт-сырт етіп айналып тұрған табақшадан сәлден кейін әйгілі халық ақыны Кенен Әзірбаевтың жыры төгіліп қоя берді. Осы аспаптар қатарында тұрған ленталы магнитофон да мүлтіксіз жұмыс істеп тұр.

–    Музейге келгендер осы әуендерді есту керек. Сон­дық­­тан осы аспаптарды үнемі ба­­бын­да ұстаймыз. Келешекте келу­­шілерге музейдегі  ұлттық му­­зыкалық аспаптарды ойнап беретін шағын оркестр жа­сақтамақ та ойымыз бар. Бұл біздің рухани жаңғыру бағытындағы бастамамыз болады, – дейді музей жетекшісі. 

ТЫЛСЫММЕН ТІЛДЕСКЕН ӘУЛИЕ

Сырдың Аралға құяр сағасында діни білімді меңгеріп, елге қызмет еткен киелі жандар көптеп кездеседі. Солардың бірі – Қазанғап әулие.     

Жалпы, Арал атырабында есімі ел аузында қалған екі Қазанғап бар. Оның бірі –  қа­зақтың мұң-шерін, арман-аңсарын домбыра шанағына сый­дырған әйгілі күйші Қа­занғап Тілепбергенұлы.  Өмірін күйге арнаған ол Арал алабын, Үстірт, Маңғыстауды, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Орынбор төңірегін түгел шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкі­регіне армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынды жарқырай көрсетіп, шабыт тұғыры болады. Оның шығармашылығы мен өмірін зерттегендер оның ар­­ты­на неше күй қалдыр­ға­­нын тап басып айта алмай­ды. Әйтсе де, мамандар дәулес­кер күйшінің өз заманында “Ақжелеңнің” 62 түрін түгел­дей тартқанын баса айтады. Аралдың жағалауындағы Құ­ланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде 1854 жылы туған күйші 1921 жылы өмірден озып, мәңгілік мекенін де сол маңнан тапқан.

Қамбаш көліне тақау тұста тағы бір Қазанғаптың белгісі бар. Қара жол үстіндегі белгіден көлге қарай 1-2 шақырым жүрсеңіз көне қорымға кезі­гесіз. Сол қорымда тылсыммен тілдескен әулие, алдағыны болжаған көріпкел Қазанғап Байтөреұлының зираты жатыр. Күнсүгір ахунның алдын көрген Қазанғап әулие елге шарапатын тигізіп, халқына қызмет еткен тұлға болған.

Жалпы 1868 жылы туып, өткен ғасырдың қырқыншы жылдар  аяғында дүние салған Қазанғап Байтөреұлы туралы түбегейлі зерттеу жүргізгендер жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ұрпақтары осыдан оншақты жыл бұрын ел аузындағы әңгімелер мен әу­лиенің кереметін көрген­дердің естелігін жинақтап, кітап етіп шығарды.

Осы өңірде аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлі­мі­нің басшысы қызметтерін атқарған Тәңірберген Дәрменов Қазанғап әулие жайлы мынадай бір қызық әңгіме айтты.

– Қанша асығыс болса да баба белгісі орналасқан тұстан көліктер асықпай өтіп, әр адам білген дұғасын бағыштап жатады, – дейді Тәкең. – Осы үрдісті бұзғандардың опық жегенін талай мәрте көргенбіз. 

Әулие жайлы әңгіменің бір парасы мына бір оқиғаны баян етеді. Бірде Қазанғап жылым тартып жатқан жігіттердің үстінен түсіпті. “Балақ түріл­мей, балық тұтылмас” деген бар ғой. Осыншалық талап қылып отырғанда олжасыз қалмай­ты­нына сенген балық­шының бірі Қазанғапты келеке етіп “Осы сені жұрт әулие дейді. Су астындағыны көретін кереметің бар болса айтшы, мына жылымда қанша балық бар?” деген сауал қойыпты. Жылым тартып отырғандардың жүзіне барлай қараған көріпкел “Мынауыңнан шолақ жайыннан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын. Олжаң сол-ақ болар” деп жөней беріпті.  Жылымшылар сол күні Қазанғап айтқан шолақ жайынды місе тұтыпты.

Сөз басында әулие ұрпақтары ел аузындағы естеліктерді топтастырып, кітап шығарғанын айттық қой. Сол кітапта есімі елге белгілі  Тілектес Сейітов, Бақыт Сапар сынды азаматтар әулие қорымының маңында болған тылсым оқиғалар туралы тарата айтады. Бірінде сол тұста көлік дөңгелегіне кәдімгі тістеуік кіріп кетсе, екінші оқиғада зырлап келе жатқан машина моторы өшіп қалған. Әруақты баба осылайша ұрпақтарын бәле-жаладан сақтандырып, өмірден өтіп кеткен жандар рухы үшін дұға оқуды ескертіп тұрады деседі. “Күре аталығының шежіресі” деп аталатын, баспа саласының белгілі маманы Шаһмаран Исмаил құрастырған туындыдағы Қазанғап Байтөреұлы туралы бөлім көріпкелдің тылсымға толы өмірін тануға деген алғашқы талпыныс. Өткінші өмірде пенде баласына қиянат жасамай, қанағат пен рақымға үндеген тұлға жайлы айтылар сөз әлі алда.   

АҚИРЕКТЕ – АРЫСТАН БАБ

“Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында Елбасы “Қазақ “Туған жерге туыңды тік” деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады”, – дейді. Бұл бағдарлама ең алдымен ел тарихын танымаққа талап қылған жастарға үлгі. Осы бағытта Арал ауданында да біраз шар­уалар қолға алынып, кешенді жұмыс басталғанын көрдік.

Қазанғап әулие жатқан қо­рым­нан шығып, Ақирек та­уы­ның басындағы Арыс­тан бабтың жайына тарттық. Ақ­ирек – кезінде еліне қорған болған Жанқожа батырдың талай ұрысына куә болған аймақ.  Жан­қожа Сырдың төменгі са­ғасындағы қазақтарға азар берген түрікмен Аймұхамед па­луанды 1836 жылы осы тау баурайында жекпе-жекте өлті­реді.

Жатаған тау басына қарай өрмелеп келеміз. Сырттай қарағанда жайдақ төбе секілді көрінетін Ақиректің төбесіне жеткенде алдымыздан керемет кешен шыға келді. Аңыз бойынша Арыстан бабтың жеті жердегі жайының бірі осы жерде орын тепкен деседі. Бізді бас­тап жүрген Ақирек ауылдық округінің маманы Рүстембек Саяғұлов қасиетті орынға ке­летіндер қатары көп екенін айтады. Әсіресе, бейсенбі, жұма күндері адам аяғы үзілмейтін көрінеді. Қорым басына осы елден шыққан кәсіпкер азаматтар түнеухана салып, келетіндерге жайлы жағдай жасап қойыпты.

Жер жүзінде Арыстан баб­тың кесенесі орналасқан деген жерлер баршылық дейді көне сөз сорабы. Солардың қа­тарында Иран, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Израиль және біздің еліміз бар. Көршілес Түркістан облысы аумағындағы баб кесенесі жайлы әркім-ақ біледі. Ал Аралдағы кесене жайы көп уақытқа дейін бей­мәлім болып келген.

Аңыз бойынша Арыстан баб  дүниеден өткен уақытта оның денесін өз жеріне қоймақ болған мұсылман баласы арасында келіспеушілік болған деседі. Дау-дамайдың оңайлықпен оң шешімін таба қоймайтыны анық болып, бабаның мүрдесін түйелер керуеніне артып жолға шығады. Олардың барлығының түр-түсі бір-бірінен аумайды екен. Мүрде қай түйенің үс­тінде екенін ешкім де біл­мейді. Түйелер Арабия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан және Қазақстан аймақ­тарын басып өтеді. Оның әр­қайсысында бір-бір түйеден шө­гіпті. Соңғы екеуі қазақ даласына дейін жеткен көрінеді. Бірі Отырар алқабындағы қазіргі Арыстанбаб кесенесі орын тепкен жерге шөксе, соңғысы Арал топырағындағы Ақирекке дейін келген. 

Ескі қорым басында мемле­кет­тік қорғауға алынғаны жай­лы жазылған тақтайша орнатылыпты. Бабтардың бабы жам­басы тиген жердегі бұлақ та есте жоқ ескі заманнан бері ағып жатыр. Тау басынан етекке жылғаланып түскен бұлақ кей жылдары әжептәуір көлге айналады.

Әулие басындағы тасқа түскен сәбидің ізі, тарақ таңбасы көзге тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Осы өңірде бала әулиеге қатысты айтылатын аңыз бен оған қойылған белгі тау төбесінде талай қазына көміліп жатқанын айғақтайды. Осының өзі осы өңірдегі қариялар батасында айтылатын “Ақиректе Арыстан баб..” сөзінің тектен-тек шықпағанын дәлелдеп тұрғандай.

ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ҚҰНТТЫЛЫҚ

Аудан әкімдігінің ғимара­тында Тәңірберген Дәрменовпен әңгімелесіп отырмыз. Көп жылдар мәдениет саласын басқарған білікті азамат бүгінде аудандық сайлау комиссиясының төр­ағасы қызметінде.

– Арыстан бабтың жеті жерде жайы бар деген сөз кей­біреуге мистика болып кө­рінуі мүмкін. Бірақ өз басым осы болжамға ден қоямын. Өйткені, Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы саналатын Арыстан баб сопылық ілімнің басында тұрған сахаба. Ал сопылық таным дегеніңіз жатқан бір тұңғиық. Әлемге әйгілі акаде­мик Сахаров дүниеден өтер шағы жақындағанда “Әттең, ғұмырымды адамзатты қырып-жоятын қару жасауға жұмса­ған­ша сопылық ілімді меңге­руге арнасамшы…” деп опын­ған деседі. Сопылық – таным, сопылық – ұшы-қиыры көрін­бейтін ұлы мәдениет. Ал оны меңгерген адам үшін бір мезетте бірнеше жерден көрініс беру дегеніңіз аса қиын шаруа емес деседі. Мен бабаның Ақирек тауынан мәңгілік мекен табуын осы тылсыммен байланыстыра қараймын, – дейді Тәкең.

Жалпы ауданда ұзын-саны 70 мәдени ескерткіш бар деп саналады. Олардың 43-і жергілікті маңызы бар нысандар болса, 26-сы тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Ал осыдан тура 40 жыл бұрын Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы зерттеген “Бегім ана” мұнарасы республикалық маңызы бар ескерткіш саналады. Орта Азияда мүлдем кездеспейтін мұнаралы кесене деген атаумен белгілі осынау ескерткіштер Иран, Түркия, Әзербайжанда кең тараған. 

Аз уақыт ішінде аудандағы осы ескерткіштердің 65-нің төл­құжаты жасалды. Бұл қатар­ға соңғы жылдары табыл­ған Кердері кесенесі мен Арал асар қалашығы ғана 1963 жылы шыққан су қорғауы карта­сына сәйкес сулы аймақта орна­лас­қандықтан кірмей тұр.

Су демекші, тартылған те­ңіздің тақсіреті жайлы цикл­ды материалдар әзірлеген жазушы Рақымжан Отарбаев өткен жүзжылдықта айдынның ортасында болған “Возрождение” мен “Барсакелмес” аралдарының XVI ғасырда құрлықпен шек­тесіп жатқандығы жайлы дерек тауыпты. Бұл қазіргі кезде  жиі айтылып жүрген “Арал теңізі әр дәуірде бір толып, бір солып отырған” деген болжамды нықтап, болашақта айдын қайта оралады деген сенімді бекіте түседі.

Аудан аумағында “Жақайым баба пантеоны” археологиялық орны да бар. Бірақ, мемлекеттік тізімге алу бағытындағы жұмыстар кезінде пантеон табылмаған. Картада Ақбасты ауылынан шығысқа қарай 50 шақырым қашықтықта делінген пантеонды спутниктік навигация жүйесі де “таба алмай” отыр. “Егер осы ежелгі қоныс орны анықталса, тарих үшін үлкен олжа болар еді” дейді Тәңірберген Сейітжанұлы.

Ендігі мәселе – өңірдегі осын­дай ескерткіштер мен та­ри­­хи орындарды таныту, көне дәуір дерегін бүгінге жет­кі­зіп отырған ен даладағы мұ­ра­ла­рымызға экспедиция ұй­ым­дастыру. Бұл бағыттағы жұ­­мыстар бюджет қаржысынан бө­лек, меценаттар есебінен ұй­ым­дастырылса, құба-құп болар еді. Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы осындай құндылықтарымызды құнт­тауға үндейді. Мемлекет басшысының осы тарихи еңбе­гіндегі атқа міну мәдениеті жайлы келелі ой да әр өңірде өрісті істің өзегіне айналғаны жөн.

Осы Арал атырабында Ақай­дың Қосаны деген ат­сей­іс өткен екен. Баптаған аты ала­манның алдын бермеген ат­сейіс бірде Орта жүзде өткен бір үлкен бәйгеге жүйрік апарса керек. Бәйгеге бекер ат келсін бе, дәмелі жүйрігін жетелеген өзіндей сейістердің жан-жақты барлап жүргенін бірден байқайды. Қасына ерген қосшысына елеусіздеу жүріп, әр топқа таяп, тың тыңдауды тапсырады. Ет пісірімнен кейін қайта оралған қосшы естігенін бұған айтады. Сөйтсе, сейістің бірінің көзі мұның кератына түсіпті. “Шіркін, ана Кіші жүзден келген кераттың бабында сәл ғана кемдік бар екен. Еркек шөптің басындағы дәнін булап жегізсе, бәйгені сол алды дей бер” депті. Мұны естіген Қосан жаңағының айтқанын айна-қатесіз жасайды. Ертесі Қосанның кераты басқа жүйріктерден қара үзіп келіпті деседі. 

– Қазір ауданда Кәдірберген Бедер атты азамат осы істі қолға алып жатыр. Осындай азаматтарға қолдау танытсақ, ұмыт бола бастаған ұлттық өнер де ортамызға қайта оралар еді,– дейді Тәкең.

Жылқы демекші, Бекбауыл ауылында осы түлікті түлеткен Жағыппар Шәмшаев есімді ақсақал бар. Қазір жасы тоқсанға таяп қалған қарияның әкесі Смайыл ишан имандылық нұрын сепкен жан болыпты. Екі сөзінің бірінде “Әр істің бір қайыры бар, мал өсірсең зекет бер, егін салсаң ұшыр бер” деп отырады екен. Ишанның ұлы Жағыппар кейін талаптанып, жылқы жинай бастайды. Бірақ қанша тырысса да Қамбар ата тұқымын жиырмадан асыра алмапты. Сол кезде марқұм әкесінің сөзі еске түседі ғой. Содан бастап Жәкең ешкімге жария етпестен ұзақ жылдар бойы облыс орталығындағы жетім балалар үйіне жылына 1 соғым беріп отырады. Ықылас қатты болса, оңғарылмайтын іс болмайды. Аз жылда жиырма жылқының саны 600-ге жетіпті. Міне, шын ниеттің шапағатын осыдан-ақ біле беріңіз.

Ел ішіндегі осындай атымтай жомарттардың жұртқа жасаған жақсылығын жария ету бар мен жоқтың арасы алшақтаған бүгінгі қоғам үшін аса қажет. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласынан туындайтын “Туған жер” бағ­дарламасы да жүдегенді жебеген, қамыққанды демеген осындай жандарды насихаттап, олардың ізгілікті ісін елдік жаңғыруымыздың өзегіне айналдыруды көздейді.

Сапардың соңғы күні аудан орталығын араладық. Теңіз аттас қалада тіршіліктің өзге арнаға түскені айқын көрінеді. Қалада халыққа қызмет көрсе­тетін орындар көптеп ашылып жатыр екен. Көшеде де көлік көбейіпті. Жағалауынан су қа­шып, ағайын қатты абдырап қалған ана бір жылдары ай­шықты жырдың аспанында ай­рықша жарқыраған Бекұзақ ақын “Аралдың табанынан су кет­кенмен, жұртының жүре­гінен жыр кеткен жоқ” дейтін еңсе көтерер ел сөзін айтып еді. Осы кестелі жырдың өн бойында ертеңге деген үміт те өріліп жататын. Құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын айтқан сол үміттің бүгін сенімге айналғанын көрдік, соған қуандық.

Мұрат Жетпісбаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз