Осыдан отыз жыл бұрын…

433

0

1988 жылы 30 наурыз күнi Алматыдағы М.Горький атындағы демалыс паркiнде 62 жылдық үзілістен кейін Наурыз мейрамы қайта тойланды. Мерекеге жиналған жүз мыңдай адам «Наурыз тілек»,  «Наурыз бата» рәсімдерін, «Батырлар шеруін», «Алдар көсе», «Тазша бала» ертегілерінен үзінділер, «Алтыбақан», «Тең көтеру», «Жаяу жарыс», «Арқан тартыс», «Бағанаға өрмелеу» сияқты ойындарды тамашалады.  Өлгені тіріліп, өшкені жанған елдің қуанышында шек болмады. Үш жылдан соң Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, ұлттық мерекесін күнтізбеге қызылмен белгіледі. Осылайша соңғы 30 жылда Наурыз қазақпен бірге жасасып келеді. 

2010 жылдың  10 мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп атау туралы қарар қабылдады. Сол жылдан бері елімізде Наурыз мейрамы 3 күн бойы, яғни 21-23 наурыз аралығында ресми түрде тойланады. Ал ЮНЕСКО 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Негізі 1921 жылы 5 наурызда Орынборда өткен  Казақстан Автономиялы Республикасы орталық атқару комитетінің төралқа мәжілісінде Құрбан айт пен Ораза айтқа 3 күн,  Наурыз мерекесіне 1 күн  демалыс беру туралы қаулы қабылданған. Арада 5 жыл өткенде, яғни 1926 жылы Наурызды тойлауға мүлде тыйым салынды. Бірақ, халық сол кездегі режим «керітартпа рәсімдер» деп таныған күн мен түннің теңелуін, көктемнің, жаңа күннің келуін мерекелеуді тоқтатқан жоқ.  «Наурыз көже» пісіруді, арықтарды тазалап, ағаш отырғызуды, ең бастысы – ренжіскен жандарды  мәмілеге келтіруді осы күні атқарған.

Тамырыңды

терең жібер

Наурызды қайта жаңғырту туралы идея туындаған 1988 жылға шегініс жасасақ… Ол кезде Желтоқсан оқиғасының талайды шарпыған жалыны әлі де басылмаған еді. Халықтың өршіл рухына сызат түскен сол шақта ұлтты ұйыстыратын, жігерін жанитын шаралар қажет болды.

Наурыз тұтас халық болып тойланбаған 62 жыл ішінде бірнеше ұрпақ өсіп-жетіліп, көнекөздер азайғандықтан, бұл мерекенің бар екенін жас ұрпақ ұмыта бастады. Сол жылы ақпан айында ақын Мұхтар Шаханов «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне «Тамырыңды терең жібер» деген тақырыппен сұхбат беріп,  Наурыздың діни емес, жаңару, жаңғыру мейрамы екенін, оны қайта жаңғырту туралы айтты. Сұхбатта «жыл сайын март айында Наурыз мейрамын өткізіп отырайық, сол күні бәріміз өзіміз тұратын елді мекендерде, қалаларда, ауылдарда ағаш отырғызайық, сол күні әрбір адам көктемгі көңіл-күймен жаңару, жақсару лебін сезінсе» деген ұсыныс  бар. Г.Колбин бұл ойды бірден құптамай, бюро талқысына салатынын айтты. Бастамаға бюро мүшелерінің барлығы қарсы шығып, тек екі адам – сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің  идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қолдаған.

Мұндай қарсылыққа тап болған соң мерекенің ислам дінінен бұрын да тойланғанын дәлелдеу қажет болды.  Ақырында алғашқы Наурызды Алматы қаласында, Алматы облысының Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарында өткізу белгіленді. Бірақ, ұлттың тамырынан нәр алған мейрам бірден жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Елдің бірнеше өңірінде, ауылдарда, аудандарда, зауыт-фабри­каларда, жоғары оқу орындары мен мектептерде де атап өтілді. Сол жылы Наурызды мерекелеу қыркүйек айына дейін созылған. 

Келесі көктемде бауырлас Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан да Наурызды мерекелеуді бастады. Қазір бұл мейрам – күллі түркінің ортақ тойы.  Табиғат атаулының тiрiлуін елдiң бiрлiгiне, бауырластығына, татулыққа ұластыра  отырып,  атап өту арқылы Ұлыстың ұлы күнінің  бағасы жыл өткен сайын артып барады.

Мейрам мәніне

сай болса…

Наурыздың бірте-бірте бұқаралық сипат­тан ажырап, бір күндік сахналық қойылым деңгейіне дейін түсіп кеткені жасырын емес.  Мерекені атап өтуде дәстүрімізге сыналап енген келеңсіз тұстар туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бұл күнді бейберекет қыдырып, концерт көретін, ас ішіп, аяқ босататын мейрам деп қабылдау белең алды.

Шын мәнінде енді Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің жаңа да биік сатысына көтерілетін уақыт келді. Ол  биіктік рухани құндылықтарды бағалаумен, адамдар арасындағы шынайы сыйластықты қалыптастырумен өлшенсе екен.     

Ел ағалары Наурызды тойлау дәстүріне көрісу, бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алу,  тазаланған арықтарға су жіберу, ағаш отырғызып, гүл егу сияқты рәсімдерді енгізуді ұсынып жүр.  Ұлттық ойындар ойнау, ән салып, би билеу, ақындар айтысы, ат жарысы, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы қызықшылықпен қорытын­дылау керек сияқты. Бұл күні белгілі себептермен ренжіскен жандар татуласып, кетіскендер кешісіп, оларға «бүгін Самарқанның көк тасы жібігенде, сіздер де бір-біріңізге жібіңіздер» деп басу айтылатын дәстүр жаңғырса, қандай жарасымды! Сонымен қатар Наурыздағы қайырымдылық жасау үрдісін одан әрі жетілдіре түсудің маңызы зор.

 Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осыдан бір ай бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп,  «Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек» деген ой айтты. Шын мәніндегі мереке балалар риясыз қуанғанда болатынын ескерсек, Наурызды Жаңа жыл мен Рождество секілді асыға күтетін күнге айналдыру өз қолымызда.

Қазақтың ұлттық киімін әркім өз жасына лайықтап киіп шықса, бұл тек Наурыз күні ғана емес, басқа кезде де ескерілсе деген ұсыныс қолдауға лайық. Әйтпесе, шапан мен тымақ, сәукеле мен бүрмелі көйлекті Наурыз келгенде ғана іздейтін әдеттен арылуымыз екіталай.  Қызғалдақты Наурыз-эмблемасы ретінде бекіту, жаңа күнді қарсы алу дәстүрін түлету, 14 наурыздан бастап үй-үйді жағалап көрісу ағайынның арасын жақындатуға сеп болары анық.

Жыл келгеннен жақсылық, ізгілік күтетін әдетімізбен тағы бір жылды қарсы алатын уақыт жақындады. Наурыздың мәнін арттыру, жалпыхалықтық мереке сипатынан ажыратпау өзімізге байланысты. Ұлыс оң, ақ мол болғай!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<