Құтқарушыларға құрмет

996

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс орталығындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде болды. Онда  аймақтағы құтқарушылар мен сала ардагерлерін Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толуына және 19 қазан  – Құтқарушылардың кәсіби күні қарсаңында атаулы мерекемен арнайы құттықтады.

Өңір басшысы алдымен өрт сөндіру бөлімінде аталған салада кеңінен қолданылатын заманауи құтқару жабдықтары және техникалардың жағ­дайы­мен танысты. Бұдан кейін сала мамандарына көп­шілік атынан жылы лебізін білдірді. Халықтың тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құтқарушы мамандардың еңбегі ерекше екендігін атап өтті.

– Қай кезде де мемлекет азаматтарды табиғи құбы­лыстар мен техногендік сипат­тағы апаттардан қор­ғау, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту мәселесіне баса назар аударып келеді. Құтқарушы мамандығының жауапкершілігі өте зор.  Сіздердің басты міндеттеріңіз – адам өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Қашанда апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде құтқарушылар азаматтарға алғашқы болып қол ұшын созады. Оған мықты жүрек, машық және тәжірибе керек. Қиын да күрделі қыз­меттеріңізге табыс, ден­де­ріңізге саулық, шаңырақ­та­рыңызға құт-береке, аман­­­дық тілеймін, – деді облыс әкімі.

Мерекелік жиында Азамат­тық қорғау органдарының арда­герлері Қорғанбек Қайруллаев, Мұрат Мұсаев, Сұлтан Шынтаев, «Волонтеры Кызылорды» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Чебакова, Қазалы ауданы № 9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Оңталап Жолмаханов, Сырдария ауданы № 12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкері Мақсұт Мырзағалиев және Жалағаш ауданы № 11 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Шыңғыс Тайшаев облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ аймақ басшысы жергілікті бюджет есебінен алынған 2 өрт сөндіру автокөлігін қызметкерлерге табыс етті.   

Салтанатты шара бары­сында сала ардагері Қорған­бек Қайруллаев, облыстық төтенше жағдайлар депар­таментінің қызметкері Ақ­марал Сермағамбетова мем­лекеттің қолдауы арқасында құтқару саласының әлеуеті едәуір өскендігін айтты.

Кейінгі үш жылдың өзінде өңірдің өртке қарсы қызмет бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары 2 мыңнан аса апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, 200-ге жуық адамды аман алып қалды. Сондай-ақ, мыңнан аса өрт сөндірілген. Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<