«СемАЗ» автобустары Қызылордада жүреді

761

0

Қызылордадағы №1 маршрут жолаушылары су жаңа көліктермен жүреді. 13 автобустың кілтін көлік жүргізушілеріне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова табыс етті.

Олар Семейдегі «СемАЗ» зауытында құрастырылған. Іші кең әрі жайлы. 55 адамды тасымалдауға мүмкіндігі бар. Маршрут жыл­дам­дығын шектеу, қозғалыс интервалын бақылау жүйесімен жабдықталған. Жергілікті климат жағдайына бе­йім­делген. Экологиялық таза газ тұтынады. Жолаушының автобусқа мініп-түскені бейнебақылау каме­расына жазылады. Әсіресе, жүріп-тұруы қиын адамдар үшін қолайлы.

– Қызылорда автобус паркі құрылғалы бері авто­парктің техникалық базасын қалыптастыру мақсатында 122 дана жаңа автобус алынды. Енді Сырдың бас шаһарына «СемАЗ» зауы­тында құрастырылған автобустар әкелініп отыр. Қала тұрғын­дарын үлкен сыйым­ды­лық­тағы қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен – 209, автобус паркінің өз қаражаты есебінен 242 миллион теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде қала іші мен маңына қатынайтын бағыттардағы 600-ден астам көлік екі ауысым бойынша қызмет көрсетіп келеді.

Салтанатты рәсімде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жанындағы ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Нұрқышұлы жолаушы та­сымалы жүйесін жаңғыртудағы жұ­­мыстың маңызына тоқталып, мем­лекет қолдауы үшін ризашылық білдірді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<