Шалғай ауылдарға интернет желісін жеткізуді жеделдету қажет

690

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік коммуникациясы дирекциясының бас директоры Үсенхан Әубәкіровты қабылдады.

Кездесуде аймақ басшысы Президент Жолдауындағы цифрлық тең­сіздікті жою, интернетке ба­рынша қолжетімдікті және сапалы байла­нысты қамтамасыз ету бүгінгі таңда аса маңызды мәселе екенін атап өтті.

– Бүгінгі күні облыс халқының жар­­тысынан астамы, яғни 448 мыңы ауылдық жерлерде тұрады. 230 ауыл­дық елді мекеннің 170-і кең жолақты интернетпен қам­та­масыз етілген. Бұл барлық ел­ді мекеннің 74%-ін құрайды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірде 73 елді мекеннің мемлекеттік органдары талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етіліп, оның 14-не «Қазақтелеком» акционерлік қо­ғамы байланыс желісін жүргізді. Ен­дігі жерде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппаған 39 елді мекенді және шалғай орналасқан 14 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мүм­­кіндігін қарастыруыңызды ұсы­намыз, – деді облыс әкімі.

Ү.Әубәкіров өңірлік комму­никацияның қызмет аясына үш облыс – Түркістан, Жамбыл және Қызылорда өңірлері кіретін, қазіргі кезде «Теле-2/Алтел» компаниясы интеграциялық жұмыстар жүргізіп жатқанын, оның аяқталуымен ауылдық жерлерде интернет сапасы артатынын мәлімдеді.

Өткен жылдың наурыз айын­да облыстық цифрлық тех­но­логиялар басқармасы мен «Қазақ­телеком» АҚ Оңтүстік өңірлік телекоммуникациялар дирекция­сы арасында «Қызылорда облы­сының мемлекеттік органдарына тал­шықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу» туралы мемле­кеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалған. Шартта көрсетілген құ­рылыс жұмыстары толығымен аяқ­­талып, 69,7 шақырым тал­шық­ты-оптикалық кабельдер жүр­гізіліп, аймақтағы мемлекеттік ор­ган­­дардың 77 объектісі интернет желісіне қосылған.

Облыс бойынша білім беру және денсаулық сақтау нысандары толығымен интернетке қосылған. Қазіргі уақытта бюджеттік ұйым­дарды емес, халықты (мектеп жа­сындағы балалар, студенттер және т.б.) сапалы интернетпен қам­тамасыз ету мәселесі өткір тұр. Сон­дай-ақ, білім беру саласында «Қауіпсіз мектеп» жобасы бо­йынша бейнебақылау жүйесімен қам­тамасыз ету кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы жылы облыс­тық бюджеттен 70 мектепке бейне­бақылау камераларын ор­натуға 250 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда камераларды орнату жұмыстары жүргізілуде.

Smart Citi жобасы аясында жүзеге асырылған мұндай бақылау жүйесі көптеген артықшылыққа ие. Мұнда оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ одан қажетті ақпаратты алуға болады. Осы қызметті тағы да 71 мектепке қосу мүмкіндігі бар. 2021 жылға бұл мақсатқа 55 млн теңге қаралған. Көпқабатты үйлер ау­лаларында да видеобақылау жүр­гізу уақыт сұранысына айналып отыр.

Облыс әкімі облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бас­­шысы Юлия Тремасоваға «Қаз­телеком» ұсынып отырған жобалар бойынша тиісті ма­мандармен бірге талқылап, ұсыныс беруді тапсырды.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<