ШЫРАЙЛЫ ӨҢІРДЕГІ ТОЙ ШАПАҒЫ

606

0

Өткен сенбі, жексенбіде «Алтын күз» мерекесі аясында Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналған шаралар кең ауқымда аталып өтті. Оған әр ауылдан келген өкілдер, мекеме мен кәсіпорын қызметкерлері және де есімі елге белгілі қайраткерлер қатысып, той тартуына куә болды.  
Ауданның орталық стадионына ақ боз үйлер тігіліп, той өзінің сән-салтанатымен бастау алды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жәр­меңкесі таң бозынан қызып жатты. Аудан орталығының тұр­­ғындары әр ауылдан келген ша­руа­лардың көлігінен өзіне қа­жетті өнімдерді күнделікті базар бағасынан 15-20 процентке арзан саудалап, қуанышқа бө­ленсе, шаруалар да ала жаздай еткен ең­бегінің жанғанына  мерейленді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов аудан жұртшылығына лебіз арнап, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әнес Сарай, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір көпшілікке өздерінің тілектерін арнады. Аудан әкі­мі Әшім Оразбекұлы өз баяндамасында биылғы жылғы же­тіс­тіктермен қатар 90 жылдық тарихы бар ауданның тәуел­сіздік жылдарындағы басты оқи­ғаларына тоқталып өтті. Осы уақыт аралығында бұрын тек ауылшаруашылық саласымен шұ­ғыл­данатын аудан өнеркәсіп барысында да жаңа жетістіктерге қол жеткізе бастаған. Тау қойнауының бағалы кені ел игілігіне айнала бастағандығы соның белгісі. Сонымен бірге Елбасы тапсырмасына орай, кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп, отбасылық бизнестік тиімділігі жан-жақты көрініс тауып келеді.
Орталық стадиондағы театр­ланған көріністе шежірелі Шие­лінің тарихынан да сыр шертілді, онда өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың бейнелері сомдалды. Сонан соң озат еңбек ұжымдары мен еңбек адамдары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Түстен кейін Салтанат сарайында ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, ауданның 90 жылдық тарихын қамтитын «Шежірелі Шиелі» кітабының тұсаукесері өткізілді. Журналист Ақайдар Ысымов жетек­шілік еткен редколлегия мүше­лерінің танымдық-тарихи туын­дыны мазмұнды әзірлегеніне жұрт­шылық ризашылық білдірді.

Алтын күз мерекесі барысында ауданның бірқатар ауылдық округтерінде әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында Бидайкөл ауылдық округіндегі «Бастау» денешынықтыру-сауықтыру кешенін айтуға болады. Аталған ғимарат кәсіпкер Ғалым Ерекеевтің қаржысымен бой көтеріп, жастарымыздың су спортымен шұғылдануына зор мүмкіндік туғызып отырғандығын айтқан жөн. Сондай-ақ, Ыбырай Жақаев ауылындағы №149 орта мектепке ардагер ұстаз, майдангер Әлиакбар Монтаевтың есімі беріліп, ғылыми конференция өткізілді.

Тойға жиналған көпшілік айтыс ақындарының сайысына назар аударысты. «Асылдар туған, шежіре тұнған – Шиелі» деп аталған жыр сайысында Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай, жыр дүлдүлі Нартай Бекежанов, дала академигі Ыбырай Жақаев бастаған алыптардың ел үшін еткен еңбегі терең мәнде айтылды. Айтысқа қатысқан 5 жұп ақын сөзбен маржан төгіп, жұртшылықтың көңілін өсірді. 

Кешке мәдениет саласы майталманда­рының қатысуымен концерт берілді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<