СЫМБАТҚА СЕНІМ ЗОР

308

0

Сымбат Мергенбай – Сыр спортының үкілі үміті. Шынашақтай болса да, шымыр қыз жуырда  Шымкент қаласында таэквондодан балалар мен жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Қарсыластарын айқын басым­дық­пен жеңіп, шаршы алаңдағы шеберлігін тағы бір шыңдаған Сымбат бұған дейін де биік белес­тен көрінген. Осының алдында ғана Ал­маты қаласында, Түркістан облы­сында өткен республикалық жарыс­тарда алтын жүлдені иеленген ол облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шұғылданады. Бапкері Г.Мажиковтің айтуынша, Сымбат залға алғаш келгеннен-ақ өзінің ептілігін көрсетіп, таэквондо спорты­ның қыр-сырын тез меңгеріп кеткен.

– Таэквондошы әрқашан өзіне сенімді, салқынқанды, сабырлы, қандай әрекет жасаса да, ойланып істеуі тиіс. 7 жасар Сымбаттың бұл спорт түрімен айналысқанына жыл толмаса да, ол ерекше техникасымен, шаршы алаңда қарсыласының осал тұсын дәл таба білуімен көзге түседі. Алар асуы әлі алда, үлкен сенім артамыз, – дейді Г.Мажиков.

Расында, қаршадай қыздың талабы таудай. Ол талантқа тұсау жоқ екенін, оны еңбексүйгіштікпен байланыстыруға болатынын көрсе­туде. Олимп шыңына шығуды армандайтын Сымбат секілді жас жеткіншектердің өсіп келе жатқаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатады.

Мөлдір Қалымбет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<