Сырдариядағы жыр мерекесі

673

0

Сырдария ауданының 90 жылдығына арналған  мерекелік республикалық ақындар айтысы өтті.   ­Жыр додасына Астана қаласынан Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Алматы қаласынан Шұғайып Сезімхан, Қарағандыдан Мақсат Ақанов, Батыс Қазақстан облысынан Жансая Мусина, Түркістан облысынан Анар Жаппарқұлова, Ақтөбеден Әлихан Жақсылық, Қызылордадан Ержеңіс Әбдиев, Жалағаш және Сырдария ауданынан Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров қатысты.

Кіл жүйрік жиылған  жыр дода­сын белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізді.

Ұлттық өнерге баланған ай­тыс­қа Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Е.Әбдіхалықова, ақын­дар А.Әлтаев, З.Ибадуллаев, Қ.Есім­­­сейітова және филология ғы­лым­дарының кандидаты Ғ.Тұяқ­бай тө­ре­лік етті.

– Айтыс – мәдениетімізді айшық­тайтын, – атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер. Тарих қойнауынан үзілмей келе жатқан төл өнеріміз шаралар аясында ешқашан өшпейді. Өйткені оның тыңдаушысы да, бағасын беріп төрелік айтушысы да қарапайым халық. Міне, бүгін ахундар мен ақындардың өлкесінде дүбірлі сәт. Айтыскерлердің арқалы дүниесі сіздерге арналады, – деді Ж.Ерман.

Ақындар алқа топтың алдында аянып қалған жоқ. Тұшымды сөздер, орайлы  ойлар  елдің  жүрегіне  жетіп,  рухын  оятты,  намысын қыздырды. Ойдың парқы, сөздің нарқы артты, айтыс тілі айшықтана түсті. Шын жүйрікке тұсау жоқ екен. Қазылар алқасының бір ауызды ұйғарымымен сөз додасының бас жүлдесін Нұрмат Мансұров еншілеп, жеңіл автокөлікті иеленді. Жүлделі І орын Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Жансая Мусинаға, ІІ орын астаналық Мейірбек Сұлтанханға, ІІІ орын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Сонымен қатар, қатысушы ақындардың барлығына ынталандыру сыйлығы берілді.

Аудан мерейтойымен қатар халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен көрнекті ақын Әбірәш Жәмішевтің 90 жылдығы аталып өтті. «Қаламы қарымды тұлғалар» атты әдеби кештің ашылуында Әбірәш Жәмішевтің ұлы Талғат ел азаматтарына алғысын білдірді.

– Ауданның мерейтойымен қатар биыл қос қаламгердің де 90 жылдық торқалы тойы. Аядай ауданда туып, елімізге танылған, жерлестер мақтанышына айналған қаламгерлерге құрмет көрсетіп жатқан баршаңызға алғысым шек­сіз. Қаламына құт қонып, бақ дарыған дарынды жазушылардың шы­ғармашылығын насихаттау, өскелең ұрпаққа үлгі ету, ауданның тарихы тереңде жатқанын сезіну біз үшін үлкен мақтаныш, – деді ақынның ұлы.

Кеште даңқты қалам­герлер­дің шығармашылықтары кеңінен насихатталып, естеліктер айтылып, өлеңдерінен үзінді оқылды. Ақындар С.Оспан, Ж.Дәрібаева, журналист-этнограф Т.Дайрабаев, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры Қ.Құдайбергенов қаламгерлер жайлы толғаныстарын жеткізді.

Әдеби кеш соңында Қ.Мұхамед­жановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты спектаклі сахна­ланды. Театр әртістері қоғамдағы білімсіздік, мансапқорлық, ұлттық әдет-ғұрып, ана тілінен безіну сияқты келеңсіздіктерді ащы күлкімен жеткізе білді. Талғамды көрермендер қойылымды жоғары бағалады.

Жалпы, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары аталған қойылыммен бірнеше рет облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Бұл өнер мен мәдениет саласына бағытталып жатқан ауқымды қолдаулардың жемісі.

Аудан жастары өңірден шыққан танымал тұлғалармен кездесті. Олардың қатарында «Құрмет» орденінің иегері ақындар Сейфолла Оспан, Қайырбек Асанов, тәуелсіз Қазақстанның  ал­ғашқы әнұраны авторларының бірі Жадыра Дәрібаева, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры Қазыбай Құдайбергенов, профессор Әбдіжәлел Бәкір және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова бар.

Кездесуде атақты тұлғалар жастарға тәлімді әңгімелер айтып, өмірбаяндарынан сыр шертті. Жетістікке жету үшін ең бірінші білім, ізденіс және адал еңбек керек екенін айтқан дарынды тұлғалар жастарды көп оқуға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға шақырды.

Мерейтой барысында орталық стадионда театрландырылған көрініс, гала-концерт ұйымдастырылды. Осы шарада аудан әкімі Ғ.Қазантаев  ме­ценаттық тың идеяларды жүзеге асырған елжанды азаматтарға «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстады.

Атап айтқанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Нұрсейітов «Жыл меценаты» номинациясымен марапатталды. Ал, егін шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтыған «А.Тоқмағанбетов ЛТД» ЖШС директоры М.Есжанов «Туған өлке» аталымын иеленді. Сонымен қатар, С.Сейфуллин ауылына жаңа мешіт асханасының салынуына, қоғамдық моншаның ашылуына септігін тигізген «Құндызды май» шаруа қожалығының төрағасы Б.Рахметке «Жыл тұлғасы» номинациясы берілді. «Жылдың үздік ұйымы» – «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігіне, «Ерен еріктілік» номинациясы «Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығына» берілді.

Кеш соңы Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концертпен жалғасып, лазерлік шоу мен отшашуға ұласты.

Сөйтiп, Тереңөзек топырағы ат дүбiрiмен түлеп, табысты өңір тойы жаңа жобалармен, аппақ армандармен сабақтасып жатты.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<