Тұрғындар саулығы бәрінен маңызды

265

0

Мемлекеттің басты байлығы –  адам десек, ұлттың саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету барша дамыған елдер ұстанған басты бағыт екені даусыз. ­«Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт саулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп көрсеткен болатын. Осы орайда елімізде қазақстандықтар денсаулығын қорғау бағытында бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Мемлекет басшысы ­Қа­сым- Жомарт Тоқаевтың «Сын­­дарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да тұрғындар денсаулығын сақтауда медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету жайы атап айтылып, нақты міндеттер жүктелді. Бұл Сыр медицинасына да қатысты. Өңірде саланы дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар үздіксіз атқарылуда. Мәселен, облыс­тың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру  кейінгі 6 жылда 39,8 процентке артты. Қаржыдан қағажу көрмей келе жатқан салада осылайша жыл сайын алдыңғы қатардағы технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, профилактикаға, нау­қастарды диагностикалау мен емдеуге, жалпы, тұрғындарға сапалы медициналық қыз­мет көрсетуге жаң-жақты мүмкіндіктер тууда.
Соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың құрал-жабдықтармен жарақтануы 43 процентке артып, 73,2 процентті құрады. Биылғы сегіз айдың бедерінде салада атқарылған ауқымды істер баршылық.
Жаңарған құрылыс, заманауи құрылғы
Облыста 790 мың тұрғынға 23 стационарлық, 19 амбулаториялық емханалық медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін мекемелер желісіне 10 қалалық, аудандық орталық ауруханалар құрамындағы 8 емхана және 1 дәрігерлік амбулатория жатады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 9 дәрігерлік амбулатория, жергілікті бюджет есебінен 4 фельдшерлік-­акушерлік және 4 медициналық бекет қолданысқа берілді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде облыс­тық орталығы мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық қондырғы орнатылды. Қазалы ауруханасына қойылған заманауи құрылғы Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасы мен Жаңақорған аудандық орталық ауруханасына компьютерлі томограф орнату жоспарланған.
Маман тапшылығын болдырмау – басты назарда
Аймақтың денсаулық саласында маман тапшылығын болдырмау бағытында түрлі шаралар атқарылуда. Бұл мақсатта соңғы 3 жыл көлемінде 399 жас маман медициналық ұйымдарға тартылса, оның 49 проценті бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету мекемелеріне жолданған. Биылдың өзінде 78 жас маман жұмысқа қабылданса, жыл аяғына дейін қосымша 40 шақты маман келетін болады. Нәтижесінде, қазіргі кезде медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарының дәрігермен қамтылу көрсеткіші 82 процентті құрап отыр. Бұдан бөлек, жыл сайын дипломнан кейінгі резидентурада оқытуға облыс әкімінің гранты бөлініп, бүгінде 62 резидент даярлануда. Биыл олардың 10-ы оқуын аяқтайды. Сонымен қатар, былтырдан бастап 70 жалпы тәжірибелік дәрігер даярлау мақсатында облыс әкімінің арнайы гранты бөлінді. Бұл шаралар алдағы уақытта саланы дәрігерлермен қамтуға мүмкіндік бермек.
Саланы цифрландыру – уақыт талабы
«Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы аясында салада ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыс­тары жүргізілуде.  Басқарма басшысы Жақсылық Әбдусәметовтің айтуынша, бүгінде саланы цифрландыру аясында 32 медициналық мекемеге ақпараттық жүйелер енгізіліп, 100 процентке жеткізілген.
– Облыстағы медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен толықтай қамтылып, қызметкерлердің жұмыс орындарының жабдықталуы 100 процентке жетті. Кешенді медициналық ақпараттық жүйені қолдану барысында тұрғындардың 95,5 проценті электронды денсаулық паспортымен қамтылды,– деді ­Ж.Әбдусәметов.
Қағазсыз аурухана жобасы аясында биылғы 5 айда медициналық құжаттаманың 94,2 проценті электронды форматқа көшірілген. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қарсаңында медициналық ұйымдарды интернет желісімен қамту облыс бойынша 86,5 процентті құрады. Интернетке қосылмаған шалғай және ғимараты жоқ 44 мекемені жыл соңына дейін қосу көзделген.
МӘМС  жүйелі жұмысты талап етеді
Келер жылдан бастап елі­мізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сі жұмысын бастайды. Жаңа жүйе­ні енгізу бағытында көптеген шаралар қабылданып, іске асырылды. Денсаулық сақтау саласы мемлекеттік нормативке сәйкестендірілді және жаңа жүйені тұрғындарға түсіндіру, ақпараттандыру үшін облыс бюджетінен 10 млн теңге бөлінді. Биылғы алты айдың қорытындысымен облыс тұрғындарының ақпараттану деңгейі былтырдан 14 процентке көтеріліп, 58,1 процентке жетті. Өңірде тіркелмеген жұмыссыз­дар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар саны 6161 адамды құрап отыр. Оған қоса, аймақта медициналық ұйым­дарға тіркелмегендер саны 26197-ні құраған. Бүгінде тіркеу жұмыс­тары жалғасуда.  
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу және тұрғындар арасында  жаңа жүйеге оң көзқарас тудыру бағытында медицина ұйымдарының және «ӘМСҚ» КЕАҚ облыстық филиалы қыз­меткерлерімен бірлесіп аймақтағы 164 елді мекенде түсіндірме жұмыс­тары жүргізілген.
Салада атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде биылғы 8 айда жалпы өлім-жітім көрсеткіші 3,5-ті құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр. Есепті мерзімде облыста 12387 нәрес­те дүниеге келген.
Жекелеген ауру түрлеріне тоқталсақ,  қан айналым жүйе­сі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші есепті мерзімде 76,7-ге жеткен. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім былтырмен салыстырғанда 20,7 процентке төмендеп, 35,2-ні құрады. Қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау көрсеткіші былтырмен салыстырғанда бір деңгейді көрсетіп, 28,1-ді құраған. Туберкулез ауруларының аурушаңдығы 41,5-ті құрап, 4,8 процентке төмендеген.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<