Ынтымақты елдің мерейі үстем

324

0

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданында болды. Ауданға сапары барысында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, елдің көкейінде жүрген маңызды мәселелерге назар аударды.

Халықпен жүздесу Қожамберді ауылынан басталды. Тұрғындар елді мекендегі аяқсу мәселесіне байланысты өтінішін жеткізді. Бұл түйткілдің салдарынан көпшілік есік алдында көкөніс-бақша дақылдарын еге алмайды. Ауылда өзге проблемалар шешімін тауып үлгерген. Жаңадан мектеп бой көтеріп, жол жағдайы да жақсара түскен.

Облыс әкімі аяқсу мәселесіне орай тиісті сала басшыларына оны шешу жолдарын қарастыру қажеттігі жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл мәселе көп ұзамай шешімін табатын болды. 

Аймақ басшысы келесі кезекте Төменарық ауылдық округіне келді. Жұртшылық атынан сөз алған аудандық мәслихат депутаты Нарымбет Көлжанов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Құтжанов елімізде жасалып жатқан іргелі істер жөнінде ой-пікірін білдіріп, ризашылығын жеткізді. Осындай оңды бастамалар игілігін Төменарық ауылы тұрғындары да көріп отыр. Десе де, аурухана мәселесі бар. Бұрынғы емдеу орнының тозығы жеткен. Бұл орайда аудан әкімі Сұлтан Мақашов жаңадан салынатын емдеу орнының жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрғанын, осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Тұрғындар өтінішін тың­даған облыс әкімі аталған түйткілдің шешімі жақын уа­қытта табылатынына назар аударды.

– Біз Арал ауданынан бас­тап барлық елді мекендерді аралап, тұрғындармен жүз­де­сіп келеміз. Бүгін сол сапар Жаңақорған ауданында жал­­ғасты. Елмен жүздесу бары­­сында ҚР Президенті тап­сыр­маларының орындалуы­на, ха­лықтың әлеуметтік жағ­да­йына баса назар аударылды. Қазір қала мен ауыл арасында айтарлықтай айыр­машылық байқала бер­мейді. Бұл – елімізде жасалып жатқан шаралардың нақты көрінісі. Осындай игі­лікті істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының сапары бұдан кейін дарияның сол жағалауындағы Жаңаарық, Өзгент елді мекендерінде жалғасты. Жаңаарықта дренажды жүйелер мәселесі көтерілді. Ауыл тұрғындарын ыза су мәселесі қинап жүр. Сондай-ақ, Жаңаарықта клубты күрделі жөндеу қажет. Аймақ басшысы дренажды жүйені қалыпқа келтіруді тиісті сала мамандарына тапсырса, ауылдық клубты жөндеу мәселесін шешуді аудан әкімдігіне міндеттеді. Ал Өзгент тұрғындары келешекте газ тарту мәселесіне назар аударылса деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, ауыл орталығынан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов атындағы аллея ашуға қолдау көрсетілсе деген ой бар. Бұл орайда облыс әкімі аймақта бүгінгі таңда төрт аудан орталығы то­лықтай «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілгенін, келесі кезекте қалған үш ауданда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.

– Көршілес Шиеліде аудан орталығына және бірқатар ауылдарға газ тартылды. Оған әрбір ауылдан кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетіп, жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға атсалысты. Нә­тижесінде қазір ол ауданда «көгілдір отын» игілігіне қол жеткізген тұрғындар қатары көбейді. Ел арасынан осындай азаматтар шығып жатса, бұл ауылдарда газ мәселесін шешу жолдарын жеңілдете түседі, – деді аймақ басшысы.

Көршілес Келінтөбе мен Қара­төбе ауылдары тұр­­ғын­дарының ұсы­нысы бір-біріне ұқсас. Екі ауыл да негізінен егін шаруа­шы­лығымен айналысады. Су мәселесінде каналдарды реттеу қажет. Сондай-ақ, ауылдар арасындағы жол жағдайы да қинап тұр. Әсіресе, Қаратөбе ауылынан бастап Бесарық елді мекеніне дейінгі аралықта жол жүру көлік иелеріне қиын. Бұл орайда облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов мәлімдеді. Биыл осы мақсатта 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінбек. Жол жөндеу көктемде жалғасын табады. Ал Қаратөбе ауылының тұрғындары егістікке дариядан су алатын каналға тоспа орнату жөнінде өтініш айтты. Облыс әкімі су шаруашылығы мамандарына тиісті мәселені зерделеп, нақты шешімін табу жолдарын қарастыруды жүктеді.

Ауданның шеткі ауы­лы­ның бірі – Қандөзде былтыр қыркүйек айында құрылысы басталған мем­ле­кеттік-жеке­меншік негіздегі спорт кешені көктемде ел игілігіне айналатын болады. Ал оған іргелес жатқан Көктөбе елді мекеніндегі №89 мектептің бір бөлігі жарылып тұр. Оған кезінде құрылыс талаптарының сақталмауы әсер еткен. Облыс әкімі жақын уақытта мектептің апаттық жағдайдағы бөлігін қалпына келтіру мәселесін шешуді тапсырды.

Ал ауданның Бесарық, Манап, Қосүйеңкі, Қыраш ауылдарының тұрғындары жол, аяқ су мәселелерін көтерді. Бұл бағытта алдағы уақытта нақты жұмыстар жасалатын болды.

Ақүйік ауылдық округінде мемлекеттік-жекменшік негізде спорт кешені бой көтерген. Ол жақын күндерде пайдалануға беріледі. Оны ауыл кәсіпкері Бақытжан Берділаев өз қаржысына салған. Жергілікті тұрғындар бұған дейін бірнеше мәрте көтерілген 90 орындық балабақша салу жөніндегі ұсынысты қайта жеткізді.

Ал Шалқия кентінде электр жарығына, Жайылма ауылында аяқ су жағдайына назар аударылды. Су жүретін арнаның тозуына орай проблема туындаған. Су торабынан ауылға дейінгі арақашықтық 23 шақырымға жуық. Облыстық табиғи ресурс­тар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов су жолын жөндеуге байланысты жобалық-сметалық негіздеме жасалғанын, алдағы уақытта ол өз шешімін табатынын мәлімдеді.

Осылайша облыс әкімі Жаңақорған ауданында 16 ауылға барып, халықпен емен-жарқын дидарласты. Ең бастысы, елдегі мәселе елекке түсіп, көптеген түйткілді жайларды шешу жолы нақтыланды.

Қайбір жылдардағы божы­раған тірлік бүгінгі ауылға тән емес. Ел еңбектің уақытқа сай талабына төселіп алған. Халық бірауыздан келелі мәселелерді көтерсе, оны шешу жолдары да сұранысқа сай табылып тұр. Біз облыс әкімінің сапарынан осындай оймен оралдық.  

 

 

Әділжан Үмбет,

Қызылорда-Жаңақорған-Қызылорда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<