Қызылорда облысында әскерилердің тактикалық жаттығуы өтті

303

0

 Ел қауіпсіздігін қорыған сақшылар әрдайым міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Қызылорда облысының күштік құрылымдары дайындықтарын пысықтау мақсатында «Қалқан-2018» арнайы тактикалық жаттығуын өткізді. Тұтқиылдан шабуылдаған қарулы қаскөйлерге тойтарыс беріп, олардың жоспарын тас-талқан еткен әскерилер берілген тапсырманы мүлтіксіз орындады.
40 шақты адамнан құралған қарулы топ Сырдария ауданындағы гидроқұрылғыны басып алуға әрекеттенді. Олардың түпкі мақсаты Тереңөзек кенті мен маңайдағы ауылдарға берілетін ауызсуды улау. Дабыл түсісімен әбжіл қимылға кіріскен әскерилер қарулы қақтығысқа тап болды.
Кескілескен ұрыс жарты сағатқа созылды. Жағдайдың шиеленісуіне байланысты шақырылған қосымша әскери күштің арқасында қаскүнемдер берілуге мәжбүр болды. Стратегиялық тапсырма кемшіліксіз орындалды.
Терімбай Ойықбаев, аумақтық әскери қорғаныс бригада командирі:
– Елбасы айтқандай әрқашан оқ-дәріні құрғақ ұстау қажет деп. Сол айтпақшы біз төтеннен келген жауға дайын тұру үшін осы мақсатпен оқу-жаттығу жүргіздік.
«Қалқан-2018» жаттығуында негізінен әскери және өзге де құрылымдардың жергілікті билік өкілдерімен өзара байланысы, тізе қосып тиімді шаралар қолдана білуі пысықталды.
Омар Орынбаев, ҚР ҚК Аумақтық қорғаныс бас басқармасының өкілі:
– Атыс даярлығы, сап даярлығы және тактикалық даярлықтан қысқа мерзімде сабақтар өткізіп, 5 күн ішінде аумақтық қорғаныс мәселелерін орындауға дайын екендігін біз кезекті рет дәлелдеп бердік.
Әскерилерден бөлек қордағы офицерлер, дала санитарлары мен байланысшылар және құтқарушыларға арналған онкүндік жаттығулар осымен аяқталды. Ал күштік құрылымдар даярлықты пысықтау жұмысын жалғастыра береді.

 www.24.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<