Жаңа полигонның құрылысымен танысты

297

0

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қала сыртындағы жаңа полигонның құрылысымен танысты. Бүгінде нысанның сыртқы инженерлік желілерін жеткізу жұмыстары қызу жүргізілуде. 

Облыс көлемінде 145 қоқыс полигоны бар. Оның 4-уі ғана барлық талаптарға сай келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы «Жасыл экономиканың» талабы бойынша, 2030 жылға дейін қатты қалдықтарды өңдеу үлесін 40 процентке жеткізу керек. Аймақ басшысы өндіріске өнімді үлес қосар нысанды уақытылы пайдалануға берудің маңызын айтты.

– Желтоқсанның алғашқы күнінде толық іске қосылу керек. Тек сұрыптау ғана емес, әрі қарай өңдеп, қажетті заттар шығаратын шағын зауыт салған дұрыс. Бұл мәселе әлі де өзекті. Болашақта біз осындай жобаларды қолға алуымыз керек, – деді Қ.Ысқақов.

Жаңа полигон құрылысының жартысынан астамы біткен. Жердің жалпы аумағы 20 гектар болса, ондағы құрылыстың көлемі 28 мың шаршы метрге жетеді. Мұнда 40 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Бір жылда 60 мың тонна қатты қалдық жиналады деген жоспар бар. Полигонға дейін 3 жарым шақырым жол салынды. Көне полигон жабылып, қаладан шыққан қоқыстың барлығы осында әкелінеді. «Қызылорда тазалығы» мекемесі тасымалдаумен айналысады. Жұмыс жүйелі жолға қойылады, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Шәменов.

Жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында бесжақты келісім жасалған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «Қызылорда тазалығы» және «Техонастка Ремсервис» серіктестіктері мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі нәтижесінде бұл жүкті жұмыла көтеріп отыр. Айта кету керек, жобаның 50 процентін, яғни, 652 млн теңгесі инвестор есебінен. Құрылыс аяқталған соң Қызылорда қаласы әкімдігінің басқаруына берілмек.

Облыс көлемінде қоқыс полигоны өзекті мәселелердің қатарында. Мәселен, Арал қаласына полигон салу үшін 176,9 млн теңге керек болса, Сексеуіл кентіне 133,2 млн, Тереңөзек кентіне 119 млн теңге қаржы қажет.

Жаңа полигондардың жоба құжаттарын әзірлеу барысында қолданыстағыларға сұрыптау кешені мен қайта өңдеу құрылғыларын қосу жоспарға енгізілген. Тұрғындар арнайы орнатылған контейнерлерді күтіп ұстап, қайсысына не зат салатынына жауапкершілікпен қарағаны абзал.

Әйткенмен, біз де сұрыптаған қалдықтардың басым бөлігін көрші облыстар алып кетеді. Ендеше шикізат көзі ретінде емес, дайын өнім өндіруші ретінде танылатын кез келді. Аймақ басшысы көтерген мәселе де сол. Былтыр 4,7 мың тонна қалдық өңделсе, 142 мың тоннасы полигонда қалған. Биыл 6 айда жиналған 64 840 тонна қалдықтың 4 552 тоннасы ғана өңделіпті.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы». 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<