ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІК: НАСИХАТ ЖЕТКІЛІКТІ, ЕНДІ НӘТИЖЕ СҰРАЛАДЫ

420

0

ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІК: НАСИХАТ ЖЕТКІЛІКТІ,  ЕНДІ НӘТИЖЕ СҰРАЛАДЫ Өткен сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Жаңақорған және Шиелі аудандарына жұмыс сапарында көшпелі жиын өткізіліп, онда облыста жарияланған «Жаппай кәсіп­керлікті  қолдау жылы» аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Жиынға кәсіпкерлікті дамыту бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы инсти­туттарының өкілдері қатысты. Аудан, ауыл әкімдерінің, сондай-ақ, осы жұмыстарға тікелей жауапты мамандардың есебі тыңдалды.

Жаңақорған ауданында өткен жиында аудан әкімі Ғ.Әміреев  жергілікті мамандар Қырғызстан мен Өзбекстанның жылыжай бизнесін дамыту бойынша, сон­дай-ақ, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен өзге де салалық ұйымдардың озық тәжірибелерін енгізуді қолға алып отырғанын айтты. Одан бөлек, ауыл жастарының «Zhas­project» стартап-жобаларды қол­дау бағдарламасына қатысып, өз ісін бастауына жағдай жасалуда. – Жаппай кәсіпкерлікті қол­даудан негізгі күтілетін нәтиже, біріншіден, тұрақты жұмыс орын­дары ашылады. Екіншіден, салық базасы ұлғайып, бюджет кірісі артады. Үшіншіден, қо­ғамда әлеуметтік тұрақтылық қалыптасады. Сол себепті біз осы бағдарламаны барынша тиімді пайдаланып, аталған нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Осы уақытқа дейін насихат шаралары жеткілікті деңгейде жүргізілді. Оған қоса, «Кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету» орталығы ашылып, жұмыс жасап жатыр. Әр­бір ауылдық округ бойынша  кәсіпкерлік бастамаларына көмек беретін жауапты адамдар бекітілді. Енді тек нәтиже сұралады, – деді облыс әкімі жиында.       

Осы орайда аймақ басшысы облыста жарияланған «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылының» қорытындысы бойынша 8 үз­дік стартап-кәсіпкерге 1 мил­лион теңге көлемінде сый­ақы беру жөнінде шешім қабыл­­­данып отырғанын айт­ты. Алайда қолға алынған жұ­мыстардан нақты нәтижесі болуы керек. Жауапкершілік қатаң сұралады.  Сонымен қатар, өңірдің ерекшелігіне сәй­­кес отбасылық бизнесті да­мыту, заман сұранысына сай креативтік жобаларды жүзеге асыруға тал­пыныс жасау қажет.  Облыс әкімінің төраға­лығымен Шиелі ауданында өткен көшпелі жиында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы және ауыл әкімдері кәсіпкерлікті дамытудағы жұ­мыс­тарды баяндады.

Шиелі ауданында осы жыл­дың 1 мамырына 4658 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, оның ішінде бел­сенділері 3456. Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,8 процентке артқан. Жыл басынан бері конкурстық комиссия тарапынан жалпы құны 15,3 млн теңге 24 стартап-жоба мақұлданып, «Өңірлік ин­­вес­­тициялық орталығы» ұйы­­мы арқылы жалпы құны 117,1 млн теңге болатын 31 жоба қар­жыландырылған.

Жалпы облыста шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыспен қамтылғандардың саны осы жылдың 1 қаңтарына 84250 адам болса, шығарылған өнім көлемі 302,186 млрд теңгені құрады. Ал қаңтар-сәуір айларында аймақта 2476 жеке кәсіпкер, 78 шаруа қожалығы және 240 ЖШС құрылған. Сондай-ақ, өңірде «Бастау-Биз­нес» бағдарламасы аясында 1600 адамды оқыту жоспарланса, одан бөлек, 800-ге жуық кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясын­да оқытылатын болады. Бүгінгі күні облыс бойынша 1171 адам оқу бітіріп, кәсібін бастауға ниет білдірген.

Аталған жұмыстар нәтиже­сінде, облыста 40 мыңға жуық нақты жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, демек бұл көрсеткіш  2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 процентке артқанын аңғаруға болады.

 Сапар барысында облыс әкімі «Думан–Шиелі» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орта­лығының жұмысымен та­нысты.

Мемлекеттік-жекешелік әріп­­тестік аясында ашылған әлеу­меттік қызмет көрсету орталығы жыл ба­сынан бері аудан тұр­ғындарына қызмет жасап келеді. Қазіргі таңда орталықта 50 зейнеткер және 53 мүмкіндігі шектеулі бала тиесілі әлеуметтік көмекпен қам­тылған. Өзіміз куә болғандай, үш қабатты еңселі ғимаратта барынша қолайлы жағдай жасалған. Арнайы жаб­дықталған жаттығу залдары, ем алу бөлмелері, спорттық ойын түрлері ұйымдастырылған. Жо­ба­­­ның құны 122,3 млн теңге, 54 адам­ды жұмыспен қамтылып отыр.

Аймақ басшысы орталықтың қыз­метіне жүгінген зейнет­кер­лер­мен жүздесіп, емен-жарқын пі­кір­лесті.

Осы күні Тартоғай ауылында 90 орындық «Құлагер» бала­бақшасы ашыл­ды. Бала­лардың болашағы үшін жа­салған игі­лікті іске ауылдық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы А.Әлсейітов тұрғындар атынан алғысын білдірді. Балабақша 2007 жыл­дан бері жұмыс жасайды. Бұ­рын ауылдық мектептің ес­кі ғимаратына орналасқан бала­бақ­шаның жаңа нысанға көшуі көптің қуанышына айналды.

Сондай-ақ осы ауыл тұрғыны  Наға­шыбай Өркенбайұлы «Ауыл шаруашылығын қар­жы­­лай қол­дау қорынан» және «Ата­мекен» ҚР Ұлт­тық кәсіп­керлер палатасынан жалпы көлемі 5 млн теңге несие алып, 2016 жылы наубайхана жұмысын бастаған болатын. Бүгінгі таңда  мұнда күніне 250-300 бөлке нан және өзге де нан өнімдері шығарылады. Кәсіпкер Тартоғай, Майлытоғай және Қоға­лы ауылдарының сұранысын қам­тамасыз етіп отыр.                                                            

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<