ЖАСТАРДЫҢ ЖЫР АЛАМАНЫ

521

0

 Жастар жылының шымылдығы Сыр елінде республикалық ақындар айтысымен ашылды. «Жастар жырлайды» атты сөз бәйгесі дала данышпаны Әйтеке бидің 375 жылдығымен қабат атап өтілді. «Арғымақтан тай озады» демекші, аламанда ауыздығымен алысқан құлагерлермен қатар, шаршы топ алдына жаңадан шығып жүрген жас­тар да аталы сөз айтып, көптің көңілінен шықты. Айтыстың ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Жастар жылының мұндай игі шарамен басталуында үлкен символикалық мән барын ерекше атап өтті.

– Сыр топырағының қазақ өнері, руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз деп айтуға болады. Биылғы айтысты өткен жылғы дәстүрмен ел бойынша Сыр топырағында бастамақпыз. Былтыр Астананың – 20, Қызылорданың – 200 жылдығына орай «Астана – биік төрім, Қызылорда – туған жерім» атты республикалық ақындар айтысы өтсе, сол дәстүрден жаңылмай биылғы жылдың беташарын ақындар айтысымен жасағалы отырмыз.

Айтыс ұлтымыздың дәстүрінде үлкен маңызға ие екені белгілі. Әдебиет зерт­теу­шілері «айтыс біздің елде сақталған» деп айтып жүр. Өткен ғасырларға көз салсақ, Ежелгі Үндістанда, арабтардың бәдауи тайпаларында, түркі халықтарының бірқатарында айтыс жанры болды. Бірақ, бүгінгі күнге саф алтындай аялап жеткізген – біздің халқымыз. Еліміз бөз қарымтасынан гөрі, сөз барымтасын ерекше қадір тұтқан. Айтыс – дала демокра­тиясы, – деді Руслан Рүстемұлы.

Сөз барымтасында 10 ақын көп емес, дөп айтуға тырысты. Сыр елінде соңғы жылдары ел сүйсінетін ауқымды істер атқарылғанын, қоғамның қазіргі күйі мен руханият мәселесін тілге тиек етті. Бір-бірін сөзбен түйреген, қуақы қалжыңмен қағытып, ұтымды ой айтқан айтыскерлер көптің ықыласына бөленіп, ел есінде қалды. Бұл жолғы аламанның тізгіні – Сыр перзенті, айтыс дүлділі Мұхтар Ниязовта. Ал Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасының құрамында  «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіпов болды.

 

Алғашқы айналым

Айтыстың алғашқы айналымында бірінші болып талай сөз додасын көрген алматылық Рүстем Қайыртай мен шымкенттік ақын Біржан Байтуов ортаға шықты. Құрдастардың қағытпа қалжыңы да жарасымды. Рүстем ақын жастарға жігер бере сөйлеп, «Елбасы Жастар жылын ашып берді, Сенем деп Мағжан айтып кеткеніндей, Тау қопарып тастаңдар, ал, ендеше, Жұмыскер Жақаевтың кетпеніндей» деп бұл жылдың маңызы мен мәніне тоқталды. Аралдың қайта тола бастағанын айтып, «Жарқыратып жаңа үйлер салып жатқан, Әр қала Қызылордадай өрлеу керек» деп Сыр елін үлгі ете сөйледі. Елдегі жастар мәселесі де тыс қалмады. «Тау қопарып тастаса, кейбір жас­тар, алдап-сулап, медаль мен орден беред(і), Негізі сый алатын ордень емес, Жастарға үй алатын ордер керек» деп оралымды ой айтты.

Біржан Байтуов та Қызылордада көңіл қуанып, көз қызығатын маңызды істің көп екенін жеткізді.

 – Көшесі пайдасы жоқ жарнамаға,

Толған қала көп оны елепті кім,

Ал енді Қызылордаға кіре қалсаң,

Байқайсың басқалардан бөлектігін,

Ұлылардың сөздерін іліп қойған,

Оқысаң, ол санаңа төгед(і) нұрын,

Жастар жылы не істесек болады деп,

Көп әкімдер сұрап жүр не жоқтығын,

Ал енді Көшербаев көшелі әкім,

Арттырып арда өнердің кенет құнын,

Жастарымыз рухани жаңғырсын деп,

Сыр елін жатыр жырға бөлеп бүгін, – деп бір тоқтады. Біржан ақын көп балалы аналардың жәрдемақысының аздығын айтып, ел бір шешімін күткен маңызды мәселеге де үн қосты. 

Екінші жұп жас ақындар қазалылық Нұрзат Қару мен түркістандық Дәурен Ысқақтың орайын күте сөйлеген әдемі әзілдері ел есінде қалды. Нұрзаттың жастар абыройлы болуы үшін көп еңбектену керек екенін тұспалдап, «алу оңай болғанмен альпиниске, қалу қиын мекендеп таудың басын» дегені ұтымды шықты.

Ел сүйсініп, құлағының құрышы қанып тыңдаған тағы бір жұп оралдық Райымбек Өтелов пен қызылордалық Бексұлтан Орынбасаровтың айтысы болды. Бірі – 11 сынып оқушысы болса, бірі – студент. Екеуінің тұрқы жас болғанымен, тілдері тастай. Ат сүрінгенше ақыл табатын айтыскер болу оңай емес. Бірақ болатын бала екендерін байқатып, оралымды ой, айшықты сөз таба білді. Бексұлтанның мына сөздері ел мәселесіне бейжай қарамайтынын аңғартты.

 – Жастар жылы деп биыл жақсы ұйғарған,

Бұл жоба біздер үшін нақ сый болған,

Әйтпесе Әйтекені танымайтын,

Көбейіп жатыр жастар тас ми болған,

Жиырма бес жаста деген жігіттерің,

Бестегі өресінен өспей қалған,

Танымай Төле би мен Қазыбекті,

Кумирі Роналду мен Месси болған, – деп бүгінгінің ордабұзар жасында отбасының мәселесін шеше алмай жүргенін жеткізіп, Әйтекедей бабамыздың Кіші жүзге 21 жасында бас би болғанын атап өтті.

Қызылордалық Нұрмат Мансұров пен павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаевтың да айтысы тартысқа толы болды. Бұл жұп та Алаштың анасы Сыр елінің бүгінгі бейнесіне тоқталды. Тұранның төрі болған бұл мекен туралы Нұрмат ақын:

– Текті жұрттың топырағын басқан адам,

Қолөнерді мойындап толқып тұрад(ы),

Қорқыт шалдың тер сіңген тақиясындай,

Қасиет Қызылордамнан аңқып тұрад(ы), – деп тебіренсе, Аспанбек Әл-Фараби бақытты қаланы қайыршысы жоқ ел деп есептесе, нағыз бақыт Қызылорда секілді жетімдер үйі жоқ жерде екенін айтып, Сырдың айбынын асыра сөйледі.

Ал тараздық Аруна Керімбек пен қызыл­ордалық Сырым Әділбектің сөз саптауы, қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісі болды. Мұндайда құдалық жайының сөз болатыны қашаннан белгілі. Бірі ұсыныс, бірі ұтымды ой тастап, елдегі мәселелерді де қозғай білді.

Алғашқы айналымнан-ақ, ел көңіл­дегі түйінді тап баса білген тапқыр жастардың айтысына риза болып тарқасты.

Екінші айналым

Түс ауа ел қайта жиылып, жүзден жүйрік ақындардың екінші айналымдағы сөз додасын тамашалады. Қысқа мерзімдік, шаппа-шап айтысқа құрылған бұл кезеңге 6 ақын шықты. Алғашқы болып шыққан Аспанбек пен Біржан бір-біріне әріден ой тастап, сөзбен түйреп, нағыз бабында тұрған дүлділдер екенін байқатты. Ал Аруна мен Райымбек жұбында халық әпке мен інінің сөз тартысын тамашалады. Аруна айтысқа қатысқанша, ҰБТ-ға дайындалғаның дұрыс еді деп, тұқыртуды ойласа, оқушы Райымбек те қарап қалмай, қарсыласының мектепте мұғалім екенін, сабақты тастап, Қызылордаға келгенін орайлы сәтте еске салды. Ал соңғы жұп Рүстем мен Нұрматтың айтысы көпшілікке ой тастап, құрдастардың қалжыңын да қамтыды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған айтыс соңында қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман аламанның қорытын­дысын жариялады. Сыр елі – айтыстың астанасы, талай таланттың туған жері екенін айтып, бүгінгі сөз барымтасынан да болашағынан үміт күтуге болатын сырбойылық жастарды тапқанын жеткізді. Айтыстың Күреңбай сыншысы әр ақынның бабын біліп, дәл болжайтыны белгілі. Мұнан кейін қазылар алқасының мүшелері кезекпе-кезек ақындарға жүлде тапсырды. Бес ақынға жігерлендіру сыйлығы ретінде 100 мың теңгеден табысталса, үшінші орын иеленген Аруна Керімбек пен Аспанбек Шұғатаевқа 300 мың теңге көлеміндегі жүлде бұйырды. Екінші орын алған Біржан Байтуовқа 400 мың теңгелік, бірінші орын иеленген Рүстем Қайыртайға 700 мың теңгелік сыйақы табыс­талды. Жастар жылына орай облыстық жас­тар саясаты мәселелері басқармасы да арнайы жүлде тағайындап, басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақов Оралдан келген Райымбек Өтеповті марапаттады. Ал бас жүлдені жерлесіміз Нұрмат Мансұров еншілеп, 1 миллион теңге иеленді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<