ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯ

397

0

Облысқа жұмыс сапарымен кел­ген «Нұр Отан» партиясы Тө­ра­­­ға­сының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның жергілікті активімен кездесті. Оған партияның облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. 

Жиында өңір басшысы Елбасы Жолдауының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы маңыз­дылығын, оны жүзеге асырудағы жетекші саяси ұйымның ролін ерекше атап өтті. 

– «Нұр Отан» партиясы – қоғамның бас­ты қозғаушы күштерінің бірі және Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі. Бүгінде партия Жолдаудан туын­даған міндеттердің мән-маңызын халыққа түсіндіру, оны жүзеге асырудың тиімді тетіктерін талқылау, Жолдаудың жүзеге асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізуді қолға алды, – деді облыс әкімі.

Мәні зор, мағынасы терең саяси құ­жат­та көрсетілген бастамалардың орын­далуы жетекші ұйымның тұрақты бақылауында болады. Партия төрағасының бірінші орынбасары Жолдауда қоғамда талқы­ланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәсе­лелер қамтылғанын жеткізді. Оның ішінде халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-жағдайын және баспанаға қолжетімділікті арттыру, тұрғын үй коммуналдық шаруа­шы­лығында қордаланған түйт­кілдерді шешу, тарифтерді шектеу, жолдарды жөндеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау сияқты мәселелер көтерілді.

– Президент ұсыныстарын бір рет­тік емес, жүйелі сипатқа ие деуге то­лық негіз бар. Мысалы, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту әртүрлі салада жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетіні түсінікті. Игі шараның шапағатын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкер көре­ді. Бұл, ең алдымен, білім және медицина қызметкерлеріне қатысты. Сонымен қатар, Жолдауда алдағы бес жылда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көзден жұмсалатын қаражат көлемін жалпы ішкі өнімнің 10 процентіне дейін жеткізу көзделген. Аталған шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға ықпал етері сөзсіз, – деді М.Әшімбаев.

Мәртебелі мейман аймақта жүзеге асырылып жатқан көптеген жобаны, әсіресе, қызылордалықтарға бастапқы төлемсіз бас­паналы болуға мүмкіндік беретін өңірлік «Орда» бағдарламасын, цифрлық технологияны қарқынды дамыту бағытындағы шараларды оң бағалады. Облыс тәжірибесін өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынды.

Актив жиынында бірқатар сала өкілдері Жолдаудағы басым бағыттар жөнінде айтып, оларды жүзеге асыруға ынта білдірді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Қылышбай Бисенов Елбасының білім саласының деңгейін, ұстаздар мәртебесін көтеру туралы бастамасын қолдай келе, жаңа сападағы адам капиталының негізі – білім мен ғылымда, саналы да өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде екенін жеткізді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев 2019 жылы мемлекеттік қызмет түрлерінің 80 процентін электронды форматқа көшіру бағытындағы шараларға тоқталды.

– Мемлекеттік реестрде 746 түрлі қызмет бар болса, соның 83 процентін біздің корпорация ұсынады. Ал оның 70 проценттен астамын азаматтар үйден шықпай немесе кеңседе отырып-ақ электронды форматта пайдалана алады, – деді ол.

Жеке кәсіпкер Айгүл Мұханбет­жанова 2018-2020 жылдардың өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жариялануы өзі секілді жаңадан кәсіп бастаған жандар үшін тиімді екенін тілге тиек етті.

– Жолдасым екеуміз ақылдаса отырып, жуырда шұлық шығаратын цех аштық. Алғашында қолымыздан келетініне күмән басым болғаны рас. Алайда, цех орналасатын жерді рәсімдеуге, кадастрлық құнын бөліп төлеуге, сертификат алуға жергілікті кәсіпкерлер палатасы көмектесті. Технологияны Қытайдан алдырдық. Цехта қазір 5 адам жұмыс істейді. Күніне 350-400 жұп шұлық шығарып, халыққа 150 теңгеден сатып жатырмыз. Сұраныс бар, өтімі жақсы, – деді цех құрылтайшысы.

2019 жылдың елімізде «Жас­тар жылы» болып жариялануын сырбойылық жастар мемлекет қамқорлығының және бір көрінісі деп есептейді. «Жастар жылын» мазмұнды әрі тиімді атап өту мақсатында әрбір жастың ойын, ұсынысын ескеру міндет. Облыстық «Жас Отан» жастар қанаты осы орайда көп ұзамай «Jas Otan Orda» ресми сайтын іске қоспақ. Онда әрбір жас ұсыныс, пікір, идеясын жолдай алады.

– «Open сonsultation» деген жобаны да жүзеге асыра бастаймыз. Жоба аясында орталық сауда орындарында, базарларда жастарға түрлі сала өкілдері, басшылары кеңес беріп, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары жастарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды, – деді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес.

Жиын қорытындысында партия төрағасының орынбасары Жолдау жүктеген жауапкершілікті жұмыла жүзеге асыру – әрбір қазақстандықтың міндеті екенін атап өтті.

***

Саяси кеңес отырысында Президент елдегі жетекші сая­си күшке «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асырумен қатар, тұрақты қоғамдық бақылау жасауды тапсырған еді. Нұротандықтарға «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауға қатысты да осындай міндет жүктелген.

Сапар барысында Мәулен Әшім­баев алдымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс барысын қа­дағалап, салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді көрді. Өңірдегі «7-20-25» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысып, құрылысшылармен, екінші дәре­жедегі банк өкілдерімен кездесіп, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде туындаған мәселелердің мән-жайын білді.

Облыста халық санының өсуіне бай­ланысты тұрғын үй маңызды мәсе­лелердің қатарында. Қазірдің өзінде 27 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Бүгінде аталған мәселені шешу үшін 1532 гектар аумаққа жаңа аудан салынуда. Аймақта «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» қолға алынып, алғашқы салымсыз-ақ несие­ге тұрғын үй сатып алуға жол ашылды.

Кездесуде Мәулен Сағатханұлы жаңа қаладағы үйлердің шаршы метріне қойылған 120 мың теңге республика бойынша ең төменгі баға екеніне тоқталды. Сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарнаның кейбір азаматтар үшін қиындық тудыратынын атап, жауапты органдар жеңілдіктер ұсынудың тиімді жолын қарастырып жатқанын жеткізді.

Мұнан кейін Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында  сол жағалауда ашылған ең алғашқы ғимарат – «Қызылорда қаласы тарихы» музейі мен «Рухани жаңғыру» орталығын аралап көрді. Орталықтың жұмысқа ыңғайлы кабинеттері мен мәжіліс залын тамашалап, музей экспозициясымен танысты. Мұнда «Ақмешіт» бекінісінің салынуынан бастап «Алаш» партия-сының құрылуы, Қызылорданың астана болуы туралы деректер мен тәуелсіздік жылдарындағы тарихи оқиғаларды айғақтайтын құнды құжаттар сақталған.

Сапар №3 ақпараттық-техно­логия­лар мектеп-лицейінде жалғасты. Мұнда STEM жүйесі бойынша балаларды бағдарламалау мен робот техникасының негіздері бойынша оқыту мақсатында ІТ сыныптар ашылған.

Биыл облыста 13 ІТ-сынып ашылса, олардың қатарын 2019 жылы – 20, 2020 жылы – 22 ІТ-сыныпқа арттыру жоспарланған. Бүгінде аймақта «3 Д – модельдеу», «Цифрлық білім беру зертханасы» кабинеттері, 122 мектепте робототехника кабинеті құрылған.

Мемлекет басшысы Жолдауда жергілікті атқарушы органдарға мек­тептердегі спорт құрал-жаб­дық­тарын тиімді пайдаланып, аулалар мен саябақтарды дене­шы­нықтырумен шұғылдануға ыңғайлы етіп қайта жабдықтауды тапсырды. Аталған мектеп-лицейде де де­меушілер қолдауымен спорт алаңы жаңартылыпты, енді бұл жерде оқу­шылар ғана емес, жақын маңдағы тұр­ғындар да спортпен айналыса алады.

Мәулен Әшімбаев сонымен қатар, Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы коворкинг-орталықтың жұмысымен танысты. Соңғы уақытта жастардың кітапханаға жиі бас сұқпайтыны белгілі жағдай. Сондықтан дәстүрлі кітапхана жұмысын жаңғырту, жастардың пайдалы ақпарат алмасатын орнына айналдыру өте маңызды мәселе. Қазір кітапханада booк-кафе, коворкинг, «Шаңырақ» интеллектуалды орталығы, жазушы Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы, ақын Әбділдә Тәжібаевтың мұражайы, партиялық жоба аясында 40 маман дайындалып жатқан ІТ-парк бар.

Бүгінде кітапханада жастар арасындағы сауалнама бойынша, сұ­ранысқа ие 100 кітап іріктелген. Олардың басым көпшілігі кәсіпкерлік саласындағы мотивациялық кітаптар. Ал коворкинг орталықта «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастырумен аптаның әр күнінде жастарға арналған 8 жоба жүзеге асуда.

– Еліміз бойынша 4000-нан аса кітапхана бар. Бүгінде 11 кітап­хананың  ғана жұмысы жаң­ғыртылып, жаңа деңгейге көшті. Сондықтан аудан, ауылдардағы кітапхана ісін жетілдіруді қолға алу керек. Біз жастар арқылы болашағымыздың қандай екенін бағамдаймыз. Сондықтан тіл үйреніңіздер, жаңа заманға сай білім алуға ұмтылыңыздар. Білімді тек кітаптан алуға болады, білімді болудың одан басқа жолы жоқ, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары жас­тармен кездесуінде.

***

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған басымдықтардың маңызын халыққа түсіндіріп, оның жүзеге асырылуын қадағалау үшін Сыр өңіріне арнайы келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Сырдария ауданындағы Шаған ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Жолдауда қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылып, оларды шешу үшін нақты шаралар ұсынылғанын айтты.

Партия төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отанның» еліміздегі жетекші саяси күш ретінде алдағы уақытта Жолдауды жүзеге асыруға басымдық беретінін жеткізді.

– Мемлекет басшысының «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Жолдаудың талаптарын орындау – баршамыздың міндетіміз. Бұл Жолдау – болашаққа, «Қазақстан 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Президент осы мақсатқа жетуде бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек екендігін де баса айтты. Бұл істе бекем бірлігіміз бен тату тірлігімізді көрсете алсақ, еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз. Партия Жолдаудың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіріп, жүзеге асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізеді. Қажет болса олқылықтарды жергілікті атқарушы органдар мен Үкіметтің алдына мәселе етіп қойып, оның әрі қарай сапалы және уақытылы орындалуын талап ету, тиімді жолдарын көрсету, барлық істе табандылық таныту да партияның міндеті болып саналады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Партия төрағасының бірінші орынбасары өз сөзінде Қызылорда облысында Елбасы Жолдауын іске асыруда нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқанына да назар аударды. Атап айтқанда, Қызылорда облысында «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» қолға алынып, алғашқы салымсыз-ақ несиеге тұрғын үй сатып алуға жол ашылды. Осылайша, өңірде Президенттің Жолдауда айтқан баспанаға мұқтаж жандарға нақты көмек көрсету туралы тапсырмасы орындалуда.

Елбасының цифрландыру, ша­ғын және орта бизнеске қолдау ісін жүзеге асыруда да облыстың озық тәжірибесін атап өткен жөн. Аймақта құрылған коммерциялық мақсаттағы жер телімдері туралы ақ­параттың ашықтығын қамтамасыз ететін «Геоақпараттық онлайн қызмет көрсететін жүйе» өзге өңірлерге үлгі болатын бастама.

Жиында Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаев Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне тың серпін бергенін айтты.

– Мемлекет басшысы Жолдауда бизнесті өркендетудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, қазақстандықтардың басым бөлігін табыспен қамтамасыз етуде оның тиімділігінің зор екенін айтты. Сырдария ауданында да жоспарлы жұмыстар жоғары деңгейде жүзеге асуда. Елбасы айқындап берген бастамалар ауданымызда сапалы, уақытылы іске асырылатын болады, – деді аудан басшысы.

Кездесуде әр саланың өкілдері Жолдауға қатысты пікірлерін білдірді. Олардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов өз пікірін білдірсе, «Шаған-жер» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Б.Қадіров кәсіпкерлікті дамытудың мүмкіндіктеріне тоқталды. Ал, білім саласының ардагері Ұ.Жаналиева мектепке ата-ана комитетінің керек екенін жеткізсе, жас маман ағылшын тілінің мұғалімі А.Жәкиева ауылдық жерлерде ағылшын тілі курсын күшейту туралы ойларымен бөлісті.

«Сыр бойының»

тілшілер тобы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<