Әжем көрген нәубет

271

0

Біз ауылданбыз. Ол өлкеде үлкеннің қадірі жоғары тұрады. Кішілер айтқанын тыңдайды, құймақұлақтар әңгімелерін бойға сіңіреді. Сөйтіп, өмір бақи рухани азық ретінде пайдаланып, қуаттанады.

Әже деп отырғаным – әкемнің әжесі. Біздер шөбересіміз. Ол кісі ғасырға жуық ғұмыр сүрді. Бұрынғының кісілерінің сүйегі асыл ғой, шіркін! Тік жүріп, тік тұратын. Өте намысқой болатын. Шын есімі – Хадиша. Анау-мынау қиыншылықты елемейтін. Қолынан бәрі келетін. Өзінің айтуынша, совхоздың каналын қазып, ауылға су әкеліпті.

Өзі 1917 жылы Қазан төңкерісінің қарсаңында туыпты. Бәлкім, одан да әрі болар. Ол уақта қазіргідей туа салып, жеке куәлікті кім дайындап тұр дейсіз?! Әйтеуір сонымен не керек, қасиетті Түркістанда бойжетіпті. Әзірет Сұлтан кесенесінің маңайында үйлері болыпты. Әкесі Атахан деген кісі наубайшы екен. Ал анасы Маржан болса теміржолда істепті. Сол жерде пойыз қағып, қайтыс болғанға ұқсайды. Отбасында екі қыз, бір ұлдан өзі ғана аман қалыпты.

Патша өкіметінің озбырлығынан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі киелі діни, пәлсапалық, т.б. кітаптарды өртемек болғанда, аспанға құс болып ұшыпты деген аңыз-әфсанасын айтатын. Заманның қиын кездері оны отбасынан айырады. Сөйтіп, бір атадан жалғыз тұяқ қалады.  1921 жылғы аштықтың салқынын жиі еске алатын. Ең нәубетті жылдар оның бойжеткен шағына тап келеді. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық зобалаңын аса зор күйзеліспен айтатын. Тіпті, шешелердің өз баласын өзі жеп қойған сәттерін байқағанын, одан соң тасбақаның адамды көрсе шыңғырып қашатынын әңгімелейтін. Бірақ мұның бәрі шарасыздықтан, амалсыздықтан жасалған деп ұғындыратын. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың зары – өзінше бір бөлек шежіре.

Қазақтың «үйіңде қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» дейтіні бекер емес-ті. Сонда ашаршылықты көріп, тұл жетім болғаны, одан біздің атамыздың тоғызыншы әйелі болып 60 жастағы егде адамға тұрмысқа шығуы, одан алты бала табуы, бағып-қағуы нағыз қайраткерлік екен ғой. Бүгінде шашамызға шаң жұқса, шап ете қаламыз. Заман қай жағына ауған, ә-ә?! Біздер әкеміздің әжесі болғандықтан үлкен екенін ескеріп «Дәуәже» деп кеткенбіз. Құдайға шүкір, осы күні үлкен әулетке айналдық. Менің таңқалғаным, бұрынғы кісілер мықтырақ, қайраттырақ келеді деген рас екен. Қанша сырқаттанса да, төсек тартып ауырып қалған емес. Ақыл-есі бүтін күйінде дүние салды.

Баламыз ғой, өз ата-әжем жастау-тұғын. Олар Шиеліде тұратын. Анда-санда соларға барып келсем, «жарығым, өзің келіп үйдің іші жарқырап қалды ғой» дейтін. Әйтпесе, екі қарындасым бар ғой. Десе де, ер баланы ерекше көріп отыратын. Үнемі ер-азаматтың қадірлі екенін, олардың бойында ерекше тылсым болатынын, әйелдер қадірлеп, құрметтеп тұруы қажеттігін еске салушы еді. Кешегі отарлау кезеңінде, аштықта, екінші дүниежүзілік соғыста ер кісілердің бәрі соғысқа аттанып, ел басына күн туғанда етігімен су кешкенін шежіре етіп айтатын. Сондай ғажайып адам еді.

Әлі есімде, менің 14 жасымда дүниеден озды. Соған дейін жалғыз ұл болып өстім. «Олжабайыма бір серік болмады-ау, болса есімін Серікбай қояр едім» деп аңсаумен өтті. Мүмкін, әжемнің тілеуі болар, інім кейіндеу туды. Мың тәубе! Бірақ өзінің жары да бір бала болғанын, кейіннен одан бес ұл, бір қыздың қалғанын мақтанышпен еске алатын. Әкем анда-санда малшы ауылға барып-қайтса, оралғанда оны «Мұрадыла» деп құшақтап сүйіп, құдды кішкентай баладай жақсы көретін. Өйткені, немерелерінің ішіндегі ең жақын тартатын, өзі тәрбиелеген баласы екен. Кісімен жақсы араласатын, орынды жерде сынап та алатын. Шежірені таңды таңға ұрып айтатыны да бар еді. Өзі тік мінез болатын. Онысын тағдыр қалыптастырған болар, кім білсін?!

салт-дәстүр, қазақшылық, ру-шежіре, сый-кәде, ескі әзіл-қалжың бәрі-бәрінің майын тамызатын. Есепке жүйрік-тұғын. Ал егер кейісе, өңменіңнен өткізіп жіберетін. Көшеде бір шақырым жердегі кісіні көретін. Көзі өткір, өзі рухты еді. Дүние салардан бір апта бұрын сырқаттанды. Дәуәжемді атамдар Шиеліге әкетейін деп дайындалуда. Мен қимай жылап тұрмын. Қарындастарым да қимауда. Бізбен қоштасқандай болып, бұзық болмай, тәртіпті һәм тіл алғыш бала болып өсу керек екенімізді айтып, өсиет қалдырды. Үйімізден шығып бара жатқан сәті, таяққа әрең сүйенгені, үстінде қазақы қамзолы, көйлегі, басында ақ жаулығы тағылған Дәуәжемнің осы бір көрінісі мәңгіге көз алдымда қалды. Мұны ешуақытта ұмытпаймын. Ол кісімен бірге тарих жылжып, тағдырдың тағы бір кемесі көшкендей болды. Сағынамыз, іздейміз. Осындай текті халықтың ұрпағы екенімізге марқаямыз. Мұны біз ешқандай ақын-жазушының кітабынан оқымадық. Бұл – біздің балалық шақта естіген естен кетпес шежіре еді. Біз соның бір парасын ғана шерттік…

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<