Елдік мүдденің ерекше жауапкершілігі

403

0

Қазір әлем елдерінің геосаясаты мың құбылып, экономикада тұрақсыздық белең алды. Бұл кәрі құрлық Еуропа түгілі, Орталық Азиядағы елімізге де өз салқынын тигізбей қоймайды. Сондықтан да Мемлекет басшысы жаңа Жолдауын ең ірі әрі терең тақырыптарға бағыттады, басты басымдықты экономикалық дамуға бұрды.

Әсіресе отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылым мәселелерін шешу, халықтың қарыз жүктемесін азайту, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау, Салық және Бюджет кодекстерін қабылдау, сонымен қатар цифрландыру, ғылым мен технологияны дамыту секілді өзекті мәселелерді өз уақытында шешу үшін Президент Үкіметке пәрменді шараларды уақытылы қабылдап, нәтижелі жұмыс істеу қажеттігін нақты міндет етіп қойды.

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтты. Бұл өте дұрыс шешім, су мамандары да бұл бастаманы құптап отыр. Әсіресе су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалып, «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады деуі көңілден шықты.

Орталық Азия нарығында су қауіпсіздігі ортақ мәселе екені рас. Бірақ кейінгі жылдары елімізде су деңгейінің азайып кетуі үлкен мәселенің бетін ашты. Оның ішінде Сырдария өзені ағысындағы су деңгейінің жылдан-жылға тартылуы агросектордың дамуына кері әсерін тигізді. Егін егуге ынталы, мал шаруашылығымен айналысуға бейім шаруалар үшін су тапшылығы едәуір қиындық туындатты. Бұл ретте Президенттің «суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек» дегені құптарлық іс.

Ал Мемлекет басшысының көлік-логистика саласын қарқынды дамытуға нақты бағдар қойғаны алда тұрған мәселелерді орнықты түрде шешуге мүмкіндік бермек. Көлік министрлігін қайта құруы, үш жыл ішінде ішкі жалпы өнімдегі үлес көлемін кемінде 9 пайызға жеткізу міндеті де нақты істің басталғанын білдіреді.

Президент өткен Жолдауында елде шикізаттық синдром бар екенін ашық айтқан еді. Сол синдромды жеңу – өндірісті күшейту деген сөз. Қ.Тоқаев 2027 жылға дейін еуропалық стандартқа сәйкес 4 мың шақырым жол салу туралы орынды пікір айтты. Сапалы жол – байланысты күшейтеді, сауда-саттық саясатын, тауар айналымын, жол қауіпсіздігін сақтауға жол ашады. Айналып келгенде мұның бәрі экономикадағы табыс көзін еселеудің жолымен сабақтасады.

Тағы бір көкейге қонғаны – аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру бастамасы. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет екенін айтты. Расында, аудан әкімі, ауыл әкімі ең өзекті мәселелерді қалай шешуге болатынын саралай біледі. Сондықтан бюджетті бағыттауда да әділетті қадам болады.

Алдыңғы сессияда «Қызылорда-Ақтөбе» бағытындағы автожол мәселесі мен аудан әкімдерінің маңызды өкілеттіктерін сақтау бойынша нақты іс-шараларды қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауалдар жолдаған болатынмын. Аймақ тұрғындарының сұраныстары бүгінгі Жолдауда көрініс тауып жатыр. Бұл Жолдау өңірлерде сайлаушылар тарапынан қозғалған проблемалармен үндесіп жатыр. Бұл бағытта аманатқа адалдық танытып, депутаттық дәнекер болуға мүдделіміз.

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де ерекше екпін беру керектігін назарға салды. Оның ішінде орта кәсіпкерлік саласының даму қарқыны баяу екенін жасырмады. Отандық тауар өндірушілерді қолдау саясатын орнықты түрде жалғастыру тапсырмасы көп келелі мәселелердің алдын алуға жол ашады деп санаймын.

Бұл ретте Үкіметке шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керектігін тапсырды. Нарықта белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Сондықтан оларға нақты қолдау көрсету керектігін айтты.

Президент Жолдауда мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті екенін жеткізді. Бұл – экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін біз әрқашан қорғауымыз керек. Отандық кәсіпкерлер де бұл іске ұйымдасып, ортақ мәселелерді шешуде табандылық танытады.

Расымен, біз шетке жалтақтамай, елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруымыз керек. Жолдауда Мемлекет басшысы өндірістің барлық сатысын елде өндіріп, оны дамытуды және барлық тараптан қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте де Сыр елінде серпінді қадамдар іске асатынына сенімдіміз.

Президент әрдайым ауыл өмірін жақсартуға ерекше ден қояды. Солардың бірі – машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғаны. Жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажеттігін жеткізіп, еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескеру қажеттігін айтты. Бұл көп шаруалардың көкейінде жүрген ой еді. Шағын шаруа қожалықтарының үлесін арттыру, суды аз қажет ететін дақылдарға мән беру, сол арқылы өнім көлемін ұлғайту сырт елдерге деген тәуелділікті біршама азайтады.

Жолдауда әлеуметтік салаға келгенде, Мемлекет басшысы балалар мен жастарға айрықша тоқталды. Бастапқы білім беру капиталы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыстың түбегейлі қаралуын міндеттеді. Бұл бала игілігіне барын беруге даяр ата-ана үшін де, білім саласының жанашырлары үшін де ерекше жаңалық болды.

Түптеп келгенде, Әділетті Қазақстан құру «мәселені билік шешеді» деп қол қусырып отыру емес, әрбір азаматтың табанды еңбегі, жанашыр қадамы мен адал әрекеті ғана байыпты істерге жетелейді.

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<