Халқымыздың бойына қуат сыйлаған

420

0

Маусымда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. «1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Президент.

Бұл дата тарихи бағасын әлдеқашан алып қойған. Тек бүгінгі қоғамнан өз орнын таппап еді. Алайда осы жылдан бастап қайта түлеп, жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналғаны көңіл қуантады. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. Егеменді ел болуымыздың алғашқы құжаты осы күні қабылданды. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сол себепті тарихи оқиға болған күн мемлекеттік деңгейде тойланғаны өте маңызды. Азаттық алуға жасалған алғашқы қадамның жеңісі, менің ойымша, осы күнмен тұспа-тұс келеді.

Республика күнін алғаш қалай атап өткеніміз де есімде. 90-жылдар – нарықтық экономикалық бейімделіп жатқан қиын кез. Алдымызда ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру, қаржы саласының заманауи деңгейіне көтерілуі секілді жауапты міндеттер тұрды. Әсіресе, одақтың тарап, экономикалық байланыстардың үзіліп, өндірістер тоқтап тұрған кезеңде бюджет кірістерінің түсу жоспары орындалмай жатты. Соның салдарынан 5-6 айлап жалақы, жәрдемақылар берілмейтін еді. Қаржыгер ретінде осындай ауыр кезеңнің өтінде жүрдік.

Мерекені алғаш кең көлемде 1997 жылы атап өттік. Ол кезде мен облыстық қаржы басқармасының басшысы қызметінде едім. Мереке қарсаңында басқармамыз жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Аудандардан барлық сала ардагерлерін жинап, салтанатты іс-шара өткіздік. Сонда жаңа мереке жанымызға жылу, бойымызға күш-қуат берді. Рухымыз көтеріліп, облыстың еңсе тіктеуіне үлес қосамыз деген сенім оянды.

Уақыт келе, сол тарихи окиғаның мәнісін енді шындап ұға бастағандаймыз. Бүгінде Қазақстан әлемде жеке-дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Біз әлемдік деңгейде аяғымызды сенімді басып, басқа елдер бізбен санасатын мемлекетке айналдық.

Бұл ретте 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қазіргі ұрпақтың азаттық жолында алысқан ата-бабаларымызды ұлықтайтын, олардың осы жолдағы ерен ерлігі алдында тағзым ететін, тарихи сабақтастықты сақтауға арналған күн болып қала бермек. Ал Республика күні – Тәуелсіздікті қалпына келтіріп, төл республикасын құрудағы қазіргі қазақстандықтардың зор еңбегін дәріптейтін, әрқайсысымыздың осы жолдағы сүбелі үлесімізді салмақтап, мақтан тұтатын күн. 1990 жылғы Егемендік декларациясы қазақ республикасы азаттығының бастауы саналады. Сол жылғы 25 қазанда Қазақстан алғаш рет әлемге төл азаматтығы, заңдары, өз даму бағыты бар республика ретінде жарияланды.

Егемендік декларациясында жаңа республиканың «қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiк» арқалайтыны туралы жанға жағымды сөз бар. Мұның сыртында бұл құжатта қазақтың мемлекеттiк егемендiгi жарияланды. Декларация Қазақ халқының төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамытуды жаңа мемлекеттің аса маңызды мiндеті деп бекітті. Қазақстанның жері мен территориясының бүтіндігін, бөлiнбейтінін және оған қол сұғылмайтынын жариялады. Демек, біздің Егемендік декларациясы қазақ халқы үшін қастерлі құжат саналады.

Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы – халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім. Әуелі, қоғамның патриоттық сезімін арттыруға сеп болары анық. Әсіресе, елімізге қарата айтылып жатқан негізсіз пікірлер бар кезде осы датаның зор құрметпен аталып өтуі айырықша маңызға ие. Рухани құндылығымызды, қазақы қайсар рухымызды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде алты алашты әлемге таныту арқылы осы тарихи датаның біз үшін қасиеттілігін аша білуіміз, көрсете алуымыз қажет. Сол себепті мемлекетіміз үшін бұл күннің қажеттілігі зор.

Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

қаржы саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<