Батырлар қасымызда жүр

1696

0

«Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік.

Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес.Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көптеген тағылымды іс-шаралар өтті. Төл тарихымызға байланысты бірнеше кітаптар жарық көрді. Солардың ішінде маған ерекше әсер еткені – жазушы-журналист Нұрлыбек Саматұлы мен полковник Әмірбек Шаймағанбетовтің «Тәуелсіздік қырандары» атты еңбегі. Кітапқа болған оқиғалар негізінде жазылған детективті әңгімелер топтастырылған. Авторлары – Нұрлыбек шәкіртім болса, Әмірбек сыйлас інім. Полиция погонын тағып, ел тыныштығын күзетпегенмен, олардың қажырлы, тынымсыз еңбегінен бейхабар емеспін. Ағаларым полковниктер М.Пейісов, Х.Әбенов, Т.Әлиев, М.Құдайбергенов осы саланың майталмандары болса, туған інім Смағұл Құдайбергенұлы мен қызым Лаура Құдайбергенова полиция полковниктері.

Кітап ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбаевтың «Тәуелсіздік – басты құндылық» атты алғысөзімен ашылған. Министрдің бұл еңбекке мән бергені, оның практикалық құндылығы тек облыс емес, республика үшін де маңызын көрсетсе керек.

Авторлар ауыр қылмыстарды әшкерелеу барысындағы полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін паш етеді. Кітап кезінде республиканы дүрліктірген Шиелі ауданы аумағында түрме вагонынан қашып шыққан қылмыскерлердің автобус толы жолаушыларды кепілге алғанын, олардың қатыгездігін суреттейтін «Қызылорда – Шымкент»: «Набат» операциясы атты деректі әңгімеден басталады. Полковник Михайл Дәуенов, генерал-майор Есен Демесінов, облыс прокуроры Сансызбай Үмбетәлиев, облыстық МАИ басшысы Бапан Әубәкіровтің кәсіби шыңдалған шеберліктері арқасында операция сәтті, еш шығынсыз аяқталып, автобустағы жолаушылар босатылады. Қазір қазақстандық «Набат» операциясының методикасын ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің, Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі академиясы оқу құралы ретінде пайдаланып келеді. Операцияға қатысқан жоғары дайындықты 13 сарбазды Президент қабылдап, «Құрмет  грамотасымен» кейін Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерлігі үшін медалімен марапаттаған.

Келесі «Шаттықтың үңгірі» әңгімесінде подполковник Барысбек Ахметов пен майор Шайзат Жүнісовтің Жалағаш ауданында жасырын түрде қарасора егіп, қайырымсыз жолға түсіп, бірнеше ауыр қылмыс жасаған Шаттық есімді азаматтың тірлігін әшкерелегені сөз болады. Полиция қызметкерлерінің арқасында бірнеше айға созылған қылмыс ашылып, қылмыскер ауыр жазаланады.

«Төрт қыздың трагедиясы» атты әңгімені оқығанда жантүршігерлік оқиғаның куәсі боласыз. Облыстық ішкі істер басқармасына жақын орналасқан көпқабатты үйдің бесінші қабатында үш бөлмелі үйде Бағдат, Болғанай, Мадина, Алмагүл есімді қыздар айуандықпен өлтірілген. Қыршын кеткен Бағдат пен Болғанай – мектеп оқушылары. Осы ауыр қылмыстың түйінін шешуде сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Т.Рахимов, полковниктер Б.Көпенова, С.Тұңғышбаев, С.Мұхтаров, А.Ибраев, М.Нәлібаев, прокуратура мен ҰҚК-нің қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегін атап өткен абзал. 1998 жылы шілденің 6-да осы іс бойынша облыстық сот сотталушы қанішер Марат Өтепханұлын өлім жазасына кесті. Үкімнің орындалғаны туралы анықтама қағаз қапияда көз жұмған қыздардың ата- аналарына тапсырылды. Бірақ қағаз қайғыдан қан жұтқан ата-аналардың көңілін жұбата алмайтыны бесенеден белгілі.

«Қызылордаша киднеппинг» атты әңгімеде қаладағы «Аңсар» фирмасының президенті Асқар Ерғалиевтің ұлы Батырханды әкесінің жеке күзетшісімін деп мұғалімдерді алдап әскери киінген біреудің алып кетіп, көп ақша талап еткені баяндалады. Бұрын Қызылордада болмаған шым-шытырық қылмысты ашуда ішкі істер басқармасының басшысы Тастемір Сауранбайұлының, полковник Ғ.Ахметов, Б.Көпенова, Ғ.Алпысбаев, С.Тұңғышбаев, Әмірбек Бердібекұлының тапқырлығы мен табандылығын ерекше атауға болады. Министрлік тарапынан олардың әрекеттері жоғары бағаланып Ғ.Ахметов «Құрмет грамотасымен», Әмірбек Бердібекұлы бағалы қол сағатпен, майорлар Т.Қанатбаев, Ү.Ысқақов грамоталармен марапатталды. Батырхан аман-есен құтқарылып, әжесіне, анасы мен әкесіне тапсырылды. Қызылорда қалалық сотының судьясы Ғани Төлеухан үш қылмескерді 14, 10 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеп қатаң режімдегі колонияда қылмысын өтеуге үкім шығарды.

Кітаптағы «Алты айда ашылған қылмыс», «Такси аулаған тажалдар», «Бір құмалақ» тақырыбындағы болған оқиға негізінде жазылған қызықты әңгімелерді оқуды оқырмандардың өздеріне қалдырып ойымды қорытындылайын.

Біріншіден, кітапта кей қылмыскерлер мен қызмет еткен полиция қызметкерлерінің аты-жөні нақты келтірілген. Әңгіме кейіпкерлерінің біразы – өмірден озған, қалғандары зейнет демалысына шыққан жоғары шенді офицерлер. О дүниеліктердің рухтарына тағзым ете отырып, олардың өнегелі ісі жастарымызға үлгі болатынына бек сенімдімін.

Екіншіден, жасыратыны жоқ елдің тыныштығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген полиция қызметкерлері жайлы әртүрлі негізсіз әңгімелер баршылық. Соларға нақты жауап ретінде тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы аталған кітапты мектеп оқушылары мен студент жастар арасында кең түрде насихаттау қажет.

Үшіншіден, кітапта келтірілген қылмысты ашуға белсене араласқан жоғары шенді іні-қарындастарымызбен кездесу ұйымдастырып, оларды ұлықтап отыру – өмір талабы.

Төртіншіден, кітап оқушыға түсінікті қарапайым тілде жазылып сапалы безендірілген. Ортасында 64 полиция қызметкерінің суреті мен қысқаша өмірбаяны беріліпті. Бұл да жастарымыз үшін өнеге болатын дұрыс шешім деп ойлаймын. Кітапты зерделеп оқысаңыздар біздің тыныш ұйқымыз үшін керек болса өмірін де сарп ететін полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне тәнті боласыз. Батырлар қасымызда жүр екен ғой деп ой түйесіз. «Тәуелсіздік қырандарының» қанаты талмасын деп тілейік ағайын.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<