Бюджет дербестігі

298

0

Сурет ашық дереккөзден

Бюджет – кез-келген мәселені шешетін қаржылық жинақ және дамудың нақты көзі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауында бюджеттің өзектілігі жөнінде айтылды.

«Енді тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюджет саясатына тоқталайық. Мен былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені басқару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі» деді Мемлекет басшысы.

Рас, қазіргі уақытта ауылдық округтерде төртінші деңгейлі бюджет іске асырылуда, яғни, ауылдық округ әкімдері өз бюджеттерін арттыруға жұмыс жасап, түскен қаржыны ауылдың ең өзекті мәселесіне жұмсауда. Ауылдың инфрақұрылымдарын қалпына келтіру үшін аудандық, облыстық бюджеттерге өтінім жасалады. Дегенмен сол өтінімді ұсынғанымызбен, тексеруші органдар құжаттардың толық болуын қадағалайды. Жасыратыны жоқ, ауылдардағы көшелердің, тіпті ғимараттардың да егелік құжаты жоқ. Осыған байланысты, кейінгі 2 жылда төртінші деңгелі бюджет есебінен Ақжар ауылдық округінде 8 көше құжаттандырылды. Бұл – алдағы кезеңдерде аталған көшелерді жаңғыртуда кедергі жоқ деген сөз.  Сонымен қатар бюджетті тиімді жұмсауда әкімдердің белсенділігімен бірге халықтың да сұранысы болғаны дұрыс.  

Төртінші деңгейдің дербес бюджеті елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, аяқсумен жабдықтауды ұйымдастыру және көшелерге жарық орнату,  құжаттандыру, жол белгілерін қою, тағы да басқа қажеттіліктерін ескере отырып, бюджет қаражатын неғұрлым тиімді жоспарлауға және пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, тұрғындардың өмір сүру жағдайларын және елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартуға ықпал етеді.

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында бюджетті басқару және оны тиімді жұмсау   ел дамуының бір тетігі деп білеміз.

Нұржамал Тұрсынбаева,

Ақжар ауылдық округінің әкімі, Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<