Құқықтық сауаттылық – уақыт талабы

1220

0

Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бүгінде бұл көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.

Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақытында немен айналысатынына бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне  септігін тигізер еді. Психолог мамандардың зерттеуі бойынша жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның отбасында, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері маңызды. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін мектебімізде жыл басынан бері тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Аталған тақырып аясында сынып жетекшілері, тәрбиешілер бірлестігі тәрбие сағаттарын өткізіп, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізіп отырады. Бұған қоса оқушылардың жат әрекеттерден аулақ болуы, үшін мамандармен кездесулер өткізілуде. Мысалы, «Нашақорлық – жанға қорлық» тақырыбында жастар денсаулық орталығы мамандарымен, «Бала құқығы – адам құқығы» тақырыбында қалалық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу – олардың қылмысқа ұрынбауына, дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз жағдайлардан тартынуына, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына жәрдемдеседі. Құқық бұзушылықтың алдын-алу аясында өткізілетін әрбір кездесуінде қалалық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Бекжан Ахметов заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығын оқушыларымызға түсіндіріп отырады.

Тәрбие баланың туған сәтінен басталуы керек. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.

«Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» – деген Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Ендеше өскелең ұрпақ тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жасөспірімдердің болашағына дұрыс бағдар беріп өсіру біздің басты міндетіміз.

Ержан ТЕМІРОВ,

№8 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернаты

директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<