Қырағы қызмет кезінде…

911

0

Жаңақорғандық Мұхамеджан Мұсаев  Алматы қаласының  Бостандық  аудандық ішкі  істер  басқармасында қызмет атқарды. 1996 жылы  қоғамдық  тәртіпті қадағалау кезінде  қылмыскердің  қолынан  қаза  тапты. Жиырма бес жасында қайсар жігіттің қыршын кеткені қабырғамызды қайыстырды. Бауыржан Момышұлы «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады», «Өршіл рухтан – өлмес ерлік туады» деген. Мұхамеджанның бойында осы қасиеттердің бәрі бар еді. Оның қылмыскерлерден қашып кетуі, қызметін, борышын өтемеуі мүмкін емес болатын.

Мұхамеджан  арманына қанат байлап, асқар биігіне жету жолында жалықпай еңбек етіп жүрген жігерлі жан болатын. Оның бақилыққа аттанғанына да жиырма бес жылдың жүзі болыпты. Ерлік әркез ел жадында жаңғырып, әділ бағасын  алады.  Қазақстан Республикасы Президентінің  24 қазан  1996 жылғы  Жарлығымен Мұхамеджан Әуелбекұлы   «Ерлігі  үшін» медалімен  наградталды.

Жас болса да Мұхамеджан өз қатарластарынан оқ бойы озық болатын. Ол М.Қаратаев атындағы №51 орта  мектептің  түлегі.  Оқуда озат, тәртіпті болған оны ұстазы Анаргүл Орынбасарова сағынышпен еске алды.

− Жеті жыл қатарынан сынып жетекшілері болдым. Әрі математикадан сабақ бердім. Мұқан үлгілі отбасының ұлы ретінде ең білімді, ең тәртіпті оқушым болды. Математикаға зерек еді. Ұл бала болып бір тентектік жасаған емес. Әдепті, қызды да, ұлды да сыйлайтын. Үлкеннің алдын кесе өтпейтін. Оның ел ертеңіне аянбай еңбек етер үлкен азамат боларына сеніміміз мол болды. Армандары да асқақ еді. Қыршын кетсе де, қайсарлықтың үлгісін көрсетті, − дейді ол.

Оның бойында адамдарды ренжітпей, көмек берген дұрыс деген тәрбие бар еді. Балалықпен, білместікпен бірнәрсені бүлдіргенін көрмедік. Үнемі жан-жағына көмектесіп жүретін.

«Мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсенді қатысты. Сыныптың пионер ұйымының төрағасы, комсомол ұйымдастырушысы болды. Алматыда жүрген кезінде сыныптастары іздеп бардық. Сонда қатты қуанды. Сол сәттегі күлімдеген бейнесі есімнен кетпей қалды», − деп еске алады сыныптасы Ербол Әлменов.

Кімге де болса бауыр қымбат. Қарындасы Айгүл де сағынышпен еске алады.

«Ол өте кішіпейіл жан болатын. Қолында барын қашан да өзгелермен бөлісуге дайын тұратын жомарт, мұқтаж жанды көрсе қамқорлығын аямайтын. Арамыздан кеткеніне жиырма алты жылдың жүзі болды.  Ерге тән ерлік істегені ұмытылмайды» дейді қарындасы Айгүл  Әуелбекқызы.

Біздің міндетіміз − оның рухына тағзым етіп, батыр жігіттің естеліктерін кейінгіге жеткізу. Қызметіне адалдық танытып, азаматтық борышын биік қойған Мұхамеджанның ерлігі бүгінгі жас буынға үлгі болмақ.

Жұмагүл АБЫЛАЕВА.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<