Ғалымдар әулеті

428

0

Бір кездері бұл ауылдың маңы жағалай көл,  сыңсыған жиде болатын. Алыс­тан «Қосыман атаның»  бәйтерегі көрінетін. Биік өскен бес бәйтерекке тамсана қарайтынбыз. Содан соң «Сақтап тамы», Сыздықанның Асқарының ақшағаладай үйі көзге оттай басылатын.

Осы үйде сонау 1930 жылдың сәуірінде бала Қозыбек дүниеге келді. Ауылдағы «Ортақшыл» мектебінің есігін 1937 жылы ашты. Бұл мезгіл нағыз аласапыран уақыт еді. Аға буын өкілдерін, мешіт ашқан, бала оқытқан молдаларды қуғындау, тұтқындау бала Қозыбекті ерте есейтті. Әкесі Асқар Сыздықанов колхозда алғашқы төраға болды. Әйтеуір сол кездегі зұлматтан аман қалып, Сталин атындағы колхозды ұзақ жыл басқарды, жұртты еңбекке жұмылдырды. Аш құрсақ ауылды қиындықтан алып шығып, елде күріш, бидай, тары өсіретін бригадалар құрды. Мал фермаларын жасақтады. Осынау азаматты күтпеген жерден еңбек армиясына жіберу туралы шақырту қағазы келеді. Бұл неден туындаған еді? Сол кездегі аудан басшысы  Бегешов деген азамат Сыздықановқа неге шүйлікті? Төрағаның бәйгеден келген күреңтөбелі, күмістелген ер тоқымы бір бәйгеде хатшының көзіне түсіпті. Хатшы осы ат пен ертоқымды маған сыйлашы деп құлаққағыс жасады. Асқар  көнбеді. Бұл аттың иесі жалғыз ұлым Қозыбек, сол мінеді деп хатшыға қарсы шықты.

– Ә, солай ма? Ат пен ертоқымды маған қимайтын, сен қандай колхоз бастығысың? – деп басшы жауар бұлттай қабағын түйді. Міне, соның есебін қайтару үшін хатшы Асқар Сыздықановты Қарағандының еңбек армиясына аттандырды. Ауыр жұмыстан қиындық көріп еңбек етіп жүргенде шахта жарылыстың астында қалып,  бір жамбасты сындырды. Содан 1947 жылы елге балдақпен оралды. Бұл кезде Асқардың зайыбы да дүниеден өтіп кеткен еді. Әкелі-балалы екеуі қиындықты бірге өткізіп жатты. Тағдыр Күлшара атты бойжеткенге қосылу бұйрығын жазды, шаңырақ оты қайта маздады. Қозыбек жетіжылдық мектепті бітірген бойда, бригадирдің есепшісі, қойма меңгерушісі болып еңбек етті. 13 жасар баланың ыждағатты ісі көпті таңдандырды, жұрт еңбегіне сүйсінді. Еңбек ете жүріп, оқуынан қол үзбеді. Орта білім алды. Осылай жоғары білімге аттанар шағында Асқар әке пәни дүниеге аттанып кетті. Бұл ауыртпалық Қозыбекке ауыр тиді. Көп ұзамай екінші шешесі Күлшара да өмірден озды. Отбасындағы Меруерт, Нұртас, Сәуле, Зәмзәм – төрт бірдей бүлдіршінді Қозыбек пен Боранкүл екеуі қанаттыға қақтырмай өсірді, жоғары білім алуына жол ашты.

Білімге құштар Қозыбек Асқаров      Қызылорданың      Н.В.Гоголь атындағы пединститутының тарих факультетіне оқуға түсті. Алғыр жігіт 1951 жылы білім ордасын қызыл дипломмен бітіріп, осы институтқа оқытушылыққа қалдырылды. Ұстаздары жас жігіттен үлкен үміт күтетін еді. Кенет комиссариаттан әскери борышын өтеуге аттанатыны туралы шақыру қағазын алды. Үш жылдай Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп, аға сержант шенімен елге оралды. Келген бойда институттағы баяғы оқытушылық орны бос болмай, туған  ауылы Қоғалыдағы №44 орта мектепке жолдама алды. Алғашында оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры болды. Он жылға жуық ұрпақтарға тәрбие берді, мектепті биікке көтерді. Мектеп жанынан 40 орынды интернат ашып, малшы балаларының оқуына жол ашты. Ауыл мектебі аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордасына айналды.

Білімге, ғылымға құштар азамат 1961 жылы Н.В.Гоголь атындағы пединститут оқытушылығына шақырылды. 1970 жылы тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды, кафедраны басқарды, доцент мәртебесін иеленді.

Институтта еңбек еткен жылдары бес оқулық құралын, елуден астам монография жазып үлгерді. Баспасөз беттерінде алғашқы колхоздастыру кезеңінің тарихынан бірнеше дүние жазды. «Қызылорда өңірінің тарихы», «Адам және қоғам», «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті оқытудың кейбір мәселелері» сынды еңбектері бүгінгі күнге дейін ғылыми-практикалық әдістемелік мәнін жойған жоқ. Ал, «Мұхаммед пайхамбардың хадистері» атты аудармасы имандылық кітабына айналып, қолдан қолға тимей жүр.

Біз білетін Қозекең ақынжанды азамат болатын. Бірнеше өлең жолдары кезінде «Сыр бойы» газетінде жарияланды. «Ғалымның тұяғы биік тұлға еді» атты кітаптағы өлең арнаулары он баспа табақтан асады. Белгілі ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов осы кітапты шығаруда көп еңбек сіңірді, ғалым жайында әріптестерінің  естеліктерін жинады.

Үлкен жүректі азамат кезінде талай марапатқа ие болды. Бүгін ойлап қарасақ, ғалымның дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болыпты. Алдағы бірер жылда ғалым Қозыбек Асқаровтың туғанына 90 жыл толғалы тұр.

Асқаровтар әулеті өркен жайып келеді. Қарында­сы Меруерт – физика-математика ғылымдарының кан­ди­даты, КазПИ-да оқытушы. Сәуле – филология ғылымдарының кандидаты, ол да осы оқу орнында ұстаз, Нұртас – философия ғылымдарының кандидаты, ҚазМУ-дың аға оқытушысы, Қозекеңнің күйеу баласы, Меруерттің жары Раушанбек Әбсаттаров – ғылым докторы, академик.

Біз сүйікті жары, отбасының қамқоршысы Боранкүл Әлиханқызымен сырласып отырмыз. Әлі де қуатты көрінеді. Ұл-қыздары мен немерелерінің ортасындағы думан жасартып жібергендей. «Бәріне шүкіршілік» деген сөзді медеу тұтқан ананың жүзінен шуақ шашып тұрғандай…

– Адамның арманы таусыла ма? Үлкен жүректі азамат, ғалымның атына Қызылорда қаласынан бір көше алуға қол жетпей жүр. Ал, өзі ұзақ жыл еңбек еткен Қоғалыдағы №44 мектепке есімін беру жиі қозғалса да шешімін таппай тұр. Пединститутта бір аудиторияны атауға көзкөргендер, әріптестері мәселе көтеріп еді, ол да қозғаусыз қалды. Осы жағы ойландырады, – деді Боранкүл бізбен қоштасар сәтте.

Біз де ортақ тілекке қосылдық.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

ардагер-журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<